Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Саяхат һәм зиярат

Саяхат һәм зиярат

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі жанынан құрылған «Өнеге» бірлестігі мен «Жас ғанитанушылар» үйірмесінің мүшелері 18 сәуір – Халықаралық тарихи орындар және ескерткіштер күні қарсаңында киелі орындарға саяхаттады. Олар ескерткіш-кесенелермен танысып, бабалар рухына Құран бағыштап қайтты.
Жексенбі күні таңертеңмен музей алдына жиналғандар алдымен Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығында орналасқан Жанқожа баба кесенесіне аялдады. Музейдің ғылыми қызметкері Алтынай Жадырасынова саяхаттаушыларды Сыр бойы қазақтарын Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісі мен Ресей отаршылдарынан құтқару жолында аянбай күрескен ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлының өмір жолымен таныстырды. Сонымен қатар, баба кесенесінің тарихына да тоқталды. Кесене 1992 жылы орнатылған. Кесене тұрғызылғанда барша халық атсалысып, ұйымшылдық танытқан. Мұнда батырдың Қызылқұм жерінде жатқан бейітінен әкелінген топырақ бар. Ескерткіш кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күтімі қолға алынған. Қасиетті орынға респу­бликаның әр аймағынан адамдар келіп, тәу етеді.
Саяхаттаушылар баба рухына құран бағыштап, ниет етіп, жолға шықты. Жас ғанитанушыларға тарихи тұлғаларды таныс­тыруды мақсат еткен аға буын өкілдері жол бойында орналасқан Мүсірәлі Сопы Әзіз бен Мағзаман әулиенің кесенесіне арнайылап ат басын бұрды. Тарих беттеріне сүйенсек, Керейіт Мүсірәлі (Сопы Әзіз) 1639 жылы Бұхар хандығына қарайтын Тамдыбұлақ аймағындағы Керізбұлақ ауылында дүниеге келген. Әулие туралы ел аузында әңгімелер жетерлік. Экспедияция барысында оқушылар үлкендерден ел арасында тараған баба туралы хикаяларды есітіп, таңданды. Ендеше солардың бір-екеуіне тоқтала кетейік.
Түркістан шаһарында медреседе білім алып жүрген Мүсірәлі бабаны әкесі Жәдік еліне алып келе жатқан кезі екен. Жолай қорым басына жиналған жұртты көреді. Қайтыс болған адам сол күні таң ата өмірден өткен екен. Сол уақытта қазақ өліктің денесі суымай жатып, жер қойнына беретінге ұқсайды. Осы сәтте Мүсірәлі бабамыздың ерекше қасиеті байқалады. Ол «Бисимиллаһир рахманир-рахим» деп қолымен әлгі қайтыс болған адамның денесін сипап өткенде өлікке жан бітеді. Жақын туысын жерлеуге келген жұрт қайта тірілген бауырларын үйлеріне алып қайтады. Жиналған жамағат Мүсірәлі бабамыздың айрықша адам екенін ұғынады. Дәл осындай жағдай біршама уақыттан кейін тағы да қайталанады. Қасиетті жанның бала кезі екен. Ауыл сыртында өз құрдастарымен ойнап жүреді. Сол уақытта ауыл ішінен жылаған дауыстар естіледі. Бабамыз оның мәнісін сұрайды. Сонда ес­тияр болып қалған бір бала «Біздің ауылда бір жесір кемпір бар. Сол кісінің ауру қызы бар еді. Әжеміздің сол қызы бүгін қайтты» дейді. Бала Мүсірәлі сол үйге тезірек жетеді. Мәйітті бөлек қойған екен. Бала қасына баруға рұқсат сұрайды. Үлкендер қорқып қалмасын деп алғашқыда рұқсат бермейді. Ақырында ортақ шешімге келеді. Мүсірәлі бабамыз медреседе имам берген таяғымен әлгі қайтыс болған адамды түртіп қалған кезде бойжеткен ауруынан құлан-таза айығып, қатарға қосылған екен. Арада біршама уақыт өткенде абыз атамыз тағы да бір қаралы үйге тап келеді. Ол шаңырақта бес бірдей баласы өмірден өтіп, әлгі отбасы қайғыдан қара жамылыпты. Дұға оқып, бес мүрденің денесін сипаған сәтте олардың барлығына жан бітіпті. Осылайша діндар бабамыз «Жеті өлікке жан берген Мүсірәлі» атанған дейді көнекөздер. Мүсірәлі баба ел ішіндегі дау­ларды шариғат жолымен әділ шешіп, халықтың бірлігін сақтауға көп еңбек сіңірген. Қазақ халқының әдет-ғұрыптары жиынтығы «Жеті жарғы» заңын әзірлеуге де қатысқан деседі.
Ал, енді кесенеге келер болсақ, кесенені салу жұмыстары 1998 жылы қолға алынып, 2000 жылы аяқталыпты. Ескерткіш-кесененің қабырғасын қалауға қажетті сапалы кірпіш Қарақалпақстаннан және Қазалы аудандық кірпіш зауытынан алынған.
Сонымен бірге, өз заманының дара тұлғаларының бірі – Мағзаман әулие. Ол дін және мемлекет қайраткері болған. Оның ескерткіш-кесенесінде құран кітаптар сақталыпты. Биік мұнара іспеттес салынған ескерткіш-кесене күмбезбен көмкерілген.
Бұдан кейін, саяхатшылар сәулет өнерінің айрықша үлгісіне айналған Қорқыт ата ескерткіш-кесенесіне келіп жетті. Сонадайдан менмұндалап көз тартып тұратын ескерткіш-кесене темірбетоннан жасалған. Оның биіктігі – 8 метр, төрт тік стелладан тұрады. Әрбірі әр тарапқа қаратып тұрғызылған. Жоғары жағы кеңейе келе, шөміш пішінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесіне ұқсайды. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде қырық металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Көргенде көз тоятын Қорқыт ата кешенінің авторы Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Бек Ыбыраев болса, ескерткішке қойылған музыкалық құрылғының, яғни жел қобыздың авторы физик-акустик – Совет Исатаев.
Қорқыт ата ескерткіш-кесенесінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін меңзегендей «Түйе табан» өрнегімен безендірілген.
Қазалылықтар кешен жанынан ашылған музейді де тамашалады. Мұражай қызметкері Айгүл Ермаханова жәдігерлерді тәппіштеп таныстырды. Бұнда 700-ге жуық жәдігер сақталыпты. Экспонаттар қатарында Қорқыт баба өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар мен тың дүниелер қойылған. Кешен көпшілікке күллі түркі жұрты тәу етер қасиетті зиярат орындарының бірі ретінде таныс. Оны кешенді аралап, көруге келген жұрттың қарасынан-ақ байқауға болады.
«Бізге келушілер саны толастаған емес. Республикамыздың жер-жерінен жеткен қонақтар арылмайды. Жуырда Орал қаласынан ұстаздар мектеп оқушыларын алып келді. Өздеріңіз секілді әрбір келушіге бар ынтамызбен кешенді таныстырамыз. Елбасы Н.Назарбаев келген сәтте ерекше толқыған едім. Біз әрқашан өзімізге артылған жауапкершілік жүгінің салмақты екенін сеземіз. Өйткені, жас ұрпақ кешеннің тек тек сырт келбетіне тамсанып қайтпауы керек. Олар тарихты толық жүректеріне сіңіріп кеткені абзал», – дейді Айгүл Ермаханова.
Иә, сөзінің жаны бар. Бұндағы сұлулық, тазалық, ұқыптылық, жинақылық, рухани мол мұра жан жадыратпай қоймайды. Бүгінгі аға буынның жас өрендердің жадында титтей де болса тарихи тұлғалардың есімі мен ерлігін жаңғыртып, санасында сақтайық деген тілектері орындалған секілді. Бұл сөзімізге көрген білгенін бір-біріне жамыраса айтып жатқан балалардың әңгімесі дәлел.
Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектептің 5 сынып оқушысы Сарбина Ақтан: «Маған барған ескерткіш-кесенелердің төртеуі де өзіндік ерекшеліктерімен ұнады. Әрқайсысының өз тарихы, сыры бар. Бұрын жол бойында көлікпен өткенде «бұл кімнің ескерткіш-кесенесі екен деп?» ойлаушы едім. Енді міне, қазір біліп алдым. Достарыма, сыныптастарыма көргенімді айтуға асығып тұрмын. Бұған дейін ұстаздарымның айтқанынан Қорқыт ата ескерткіш-кесенесінің жанына барсаңыз қобыздың дауысы естіледі деген сөзіне таң қалушы едім. Бүгін көзім жетті шынында да қобыз үні естіледі», – деп таңданса, Қ.Нұрмаханов атындағы №95 мектептің 5 сынып оқушысы Рамазан Сайфулла да өзіне жел қобыз үнінің ерекше ұнағанын айтады. Ол: «Қобыз үнін ұзақ тыңдап тұра бергің келеді. Керемет. Мұражай ішіндегі қыш құмыралар, қобыздар да әдемі. Ал, Жанқожа баба, Мағзаман әулие, Мүсірәлі сопы кесенелері де биік әрі сәулетті», – дейді.
«Көп естігеннен бір көрген артық» демей ме? Бүгін әрбір жан көзімен көріп, қолымен ұстаған тарихи дүниелерін көкірек көзінде сақтайтынына күмән жоқ.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

17 сәуір 2018 ж. 1 880 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930