Қазақтың жарық жұлдызы
Халқымыздың ардақты да абзал азаматы, аққан жұлдыздай аз жасап, соңына мол мұра қалдырған, Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы- демократ Ғани Мұратбаевтың ел мүддесі үшін жасаған жанқиярлық еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі- өнеге.
Шығыс жастарының көсемі атанған Ғани Мұратбаев Қазалының қасиетті топырағында, қазіргі өзінің атымен аталатын ауылда Мұратбай болыс шаңырағында 1902 жылы 3 маусымда дүниеге келді. Кеңес дәуірі кезінде «Ғани жарлы- жақыбай отбасында дүниеге келді» - деп айтылып жүрді. Қазалының көнекөз қариялары мен шежірешілерінің айтуынша Мұратбайдың ұзақ жылдар болыс болып, ел билеген парасатты адам болғанын еліміз тәуелсіздік алғалы ашық айта бастадық. Әкесі Мұратбай Ғани төрт жасқа келгенде қайтыс болады. Анасы Бәтима баласының зеректігін байқап, оны тоғыз жасында Қазалы қаласындағы орыс-түзем мектебіне берді. Мұны бітіргеннен кейін, 1914-1917 жылдары бастауыш училищеге (қазіргі Қазалы қаласындағы №16 мектеп) оқуға түсті. Ғ. Мұратбаев 75 жылдығына орай осы мектеп қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Сондай-ақ, өзі отырған партасы Ғани музейінде сақтаулы.
1917 – 1918 жылдары Қазалыда тұңғыш рет Кеңес өкіметі құрылғанда Ғани Мұратбаев ревкомның мүшесі болып белсене қызмет істейді. Оның алғашқы демократиялық көзқарасы, болашаққа деген ой – санасы осы кезден оянады.
1916 жылы анасы, ұзамай қарындасы қайтыс болады. Бұдан кейін ол әкесінің інісі Салықбайдың үйінде тұрады. Салықбай теміржолда жұмыс істейтін. Сол кезде балалардың Ташкенттегі интернаты бар мектепке көптеп қабылдау жүргізіп жатқан. Ғаниды оқуға деген ықылас–ынтасын білетін Салықбай сол жылдардағы депо бастығынан «Ғани теміржол семьясынан» деген анықтама алып береді. Білімге құмартқан Ғани 1918 жылы Ташкентке келіп, Қазақ – қырғыз училищесіне оқуға түседі. (Бұл училище 1920 жылдан Халық ағарту институты болды).
1919 жылы Ғ. Мұратбаев жастар ұйымына мүшелікке қабылданады. Міне, осы күннен бастап Ғанидың жалындаған өмірі жастар ұйымымен үнемі тығыз байланыста өтті. Сол кезеңде саяси сана-сезімі де, өмірге көзқарасы да көп жастардан озық Ғ.Мұратбаев комсомолдың алдыңғы қатарлы белсенді мүшесі, жастар жұмысын үлгілі ұйымдастырушылардың бірі болды.
1916 жылғы, одан кейінгі оқиғалар салдарынан аштыққа, жалаңаштыққа ұшыраған Түркістан республикасының байырғы тұрғындарының қаңғырып жүрген жетім балаларын мемлекеттік интернаттарға, балалар үйлеріне, мектептерге тарту ісіне Ғани белсене араласты. Оның бұл тараптағы ісі сол кездегі Түркістан әскери кеңесінің саяси басқармасының бастығы В.В. Куйбышевтің назарын аударды. В.В. Куйбышев Ғаниды Қызыл Армия қатарына алғаш шақырылған қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек, түркмен, ұйғыр жастары арасында саяси-үгіт жұмысын жүргізуге тартты.
1920 жылы Жетісуда жұмыс істеген Түркістан майданы кеңесінің төтенше өкілі Д. Фурманов Жетісу еңбекшілері арасында саяси-ағарту жұмыстарын жүргізуге РКП(б) Түрікстан жөніндегі комиссиясынан білімді, сенімді кадрлар жіберуді сұрады. Көмекке жіберілгендердің басында Ғани Мұратбаев тұрды. Ғани Верныйда педогогикалық курста сабақ берді. Ол тек мұғалімдікті ғана емес, жастар арасындағы жұмыстарды жүргізуге де атсалысты.
Верныйдан қайтып оралғаннан кейін, Ғани білімін жетілдіре түсу үшін Ташкентте жаңадан ашылған орыс мектебіне түсіп, соны бітіргеннен кейін Орта Азиялық мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетіне түседі. Сонда оқып жүріп, ол В.И. Лениннің РКСМ-нің ІІІ- съезінде сөйлеген «Жастар одақтарының міндеттері» атты тарихи сөзін ана тіліне аударды. Бұдан кейін көп ұзамай 1921 жылдың наурыз айынан бастап Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің аппаратында қызмет істеп, оқуынан қол үзбей ең алдымен қазақ-қырғыз жастар арасында жұмыс жүргізетін Бюросының төрағасы болып сайланды. Осы кезде ол Түркістан комсомолының өкілі ретінде Орынбор қаласында өткен Қазақстан комсомолының бірінші съезіне қатысады. Осы съезден оралысымен ол тамыз айының соңы мен қыркүйек айының алғашқы күндерінде Түркістан комсомолының ІІІ-съезінде Орталық Комитетке мүше және Түркістан комсомолының жаңа Орталық Комитетінің ұйымдастыру пленумында соның жауапты хатшысы (бірініші хатшысы) болып сайланады. Бұл сол кезде әлі де партияда жоқ, комсомол мүшесі ғана, қазақ жігітіне деген шексіз зор сенім еді. Ғани Түркістан комсомол жастарының бұл сенімін ақтады. Жастарды оқыту, тәрбиелеу, олардың арасында заман талап еткен жұмыстарды жолға қою мақсатында қызмет етті. Ауыл жастарының көзін ашу, ұйымға тарту, сауатсыздықты жою, ауылшаруашылығын жақсартып, ірі өндірісті күшейту жұмыстарын жолға қойды.
1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Түркістан Республикасы комсомолының органы «Жас Алаш» газетінің тұңғыш нөмірі жарыққа шығып, редакторы Ғани болды.
1922 жыл Ғанидың өз сөзімен айтқанда аса қуанышты жыл болды. Ғанидың партия қатарына өтсем деген арманы орындалып, партия мүшелігіне кандидаттық стажсыз қабылданды. Осы жылдың қазан айында РКСМ – нің V - съезі болды. Бұл съезде Балтық Теңіз Флоты комсомолдық қамқорлыққа алған президиум мүшелеріне «Құрметті теңізші» атағын берді. Олардың арасында Ғани да болды.
Жаңа өмір жасау жолында күннен – күнге белсенділігі артып, шыңдала түскен Ғаниды жақсы білетін РКСМ (Ресейлік Коммунистік Жастар Одағы) ОК-і РКСМ – нің Орта Азиялық бюросын құрып, Ғани Мұратбаевты 1922 – жылдың мамыр айынан бастап мүшесі және хатшысы етіп сайлады. Орта Азия бюросы мүшелерінің бірі болып Бұхара, Хорезм республикасындағы жастар ұйымдарына қамқорлық көрсететін комиссия төрағасының міндетін атқарғанын, бұл тарапта Орта Азия еңбекші жастары арасындағы қозғалысты дамытудағы зор үлесі үшін Хорезм Республикасы Ғ. Мұратбаевты «Қызыл Еңбек» орденімен марапаттады.
1924 жылдың қыркүйек айынан өмірінің соңына дейін Коммунистік Жастар Интернационалдың IV-конгресінде КИМ-нің атқару комитетінің президиум мүшелігіне сайланып, Шығыс елдері жастары бөлімінің меңгерушісі болады. Ғани өмірін зерттеу БЛКЖО–ның (Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы) 40 жылдығы қарсаңында 50- жылдардың аяқ жағына таман жүргізіліп, Қызылорда қаласында ғылыми практикалық конференция болды. Бұл конференцияға Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан сондай – ақ, Қазақстанның түпкір – түпкірінен Ғанидың замандастары, серіктері, ізбасарлары қатысты.
Әр заманның лайықты иесі болады. Өз заманының қадірін біліп, мақсатын жете түсіну кез – келген адамның қолынан келе бермесе керек. Ғани өз заманының тілін біліп, уақыт толқынына ілесе білген асқақ ойлы, өр кеуделі өрен еді. Елдің жоғын жоқтады, болашаққа сенді, ізінде өнегелі із қалдырды. Осындай асыл перзентін туған халқы ешқашан ұмытпайды.
Қайраткер тұлғаны мәңгі есте қалдыру мақсатында Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден салынған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді.
Музей Қазалы қалалық кітапханасында 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылды. Бұл мүйісті ұйымдастыруға белсенді ұстаздар М.Жанұзақов, Б.Құлсейітов, кітапханашылар С.Төлегенов, Ж.Төлеповалар атсалысты.
Ғанидың өмірі мен қызметіне қатысты көптеген құжаттар мен фотосуреттер Алматыда тұрған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Т. Жұмабаев арқылы алынды.
1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 1981 жылғы 30 сәуірдегі және Қызыорда облыстық мәдениет басқармасының 1981 жылғы 19 маусымдағы № 107 бұйрығына сәйкес дербес музей болып құрылды.
1981-84 және 1991-92 жылдары қосымша құрылыстар салынып, музей ғимараты кеңейтілді. Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100 жылдық, музейдің 30, 40, 50 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталды. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды.
Ғани Мұратбаевтың 105 жылдығы құрметіне ол туралы жазылған өлеңдер мен поэма-толғаулардан және әндерден құрастырылған «Мен – Ғанимын» атты жинақ шығарылды. 2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуы қарсаңында музей тарихына арналған «Ғани тағылымы» атты кітап жарық көрді.
2012 жылы Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толуы құрметіне Ғанидың замандастары мен серіктестерінің естеліктері, Ғанидың мерейтойларынан баспасөз беттерінде жарияланған репортаждар және Ғаниды зерттеушілер мен ізбасарларының еңбектерінен құрастырылған «Ғани» атты жинақ, 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2016, 2017 жылдары «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары» атты жинақтар және 2018 жылы «Ғанидың қара шаңырағы» атты фото-альбом шығарылды.
Ғани музейі үнемі жаңа экспонаттармен толықтырылып келеді. Оның өмірі мен қызметін жас ұрпаққа насихаттауда музейдің алар орны ерекше. Музейдің экспозициясында Ғанидың балалық шағынан бастап, қызмет істеген жылдарындағы тарихи құжаттар мен суреттер бар. Сонымен бірге, кейінгі ізбасарлары туралы мәліметтер берілген. Ғанидың ізбасарлары арасында жастар бригадалары Ғаниды мүше етіп қабылдап, оның тапқан табысын бейбітшілік қорына аударғандары туралы құжаттар бар.
Ғани атындағы ауыл, көше, мектеп, спорт кешендері, Қазақстанның бірнеше қалаларында оның ескерткіштері бар. 1973 жылы Мәскеудегі Вагоньков зиратындағы Ғани бейіті басына бейнесі салынған ескерткіш қойылды.
Қазақтың жарық жұлдызы атанған Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмырын ұрпаққа насихаттап, өмірін тереңдете зерттеу мақсатында музейде «Жас Ғанитанушылар» үйірмесі өз жұмысын жасауда. Биыл Ғани Мұратбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай, музейде жыл бойы бірнеше іс-шара, конференция, көрмелер, танымдық тәрбие сағаттар ұйымдастырылды. Оның өмірге ұмтылысы, болашақты болжауы, адами қасиеттері қай қырынан қарасаң да тағылымы мол екендігі анық. Қазалыда туып, есімі Орта Азия мен Қазақстанға, бүкіл Ресейге танылған Ғани Мұратбаевтың ісін кейінгі ұрпаққа үлгі етуде музей қызметкерлері тынбастан насихаттай беретін болады.
Ақерке БЕРДІБАЙ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің
ғылыми қызметкері