Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Замана заңғары - Ғани Мұратбаев

Замана заңғары - Ғани Мұратбаев

Биыл Шығыстың жарық жұлдызы, жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың дүниеге келгеніне 120 жыл. Осыған орай бүгін Ғани Мұратбаевтың туған жерінде салтанатты шара өтті.

Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған құрметті қонақтар Ғани ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жерлесіміздің рухына тағзым етті.

Мұнан соң аз ғана ғұмырында артында өшпестей із қалдырған тұлғаның өмірінен театрландырылған көрініс қойылды.


Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қасиетті топырақта дүниеге келіп, тарихи тұлғаға айналған Ғани Мұратбаевтың есімі мәңгілік сақталатынын жеткізді.

– Жастардың көзқарасын өзгертiп, қоғамға жаңа леп, тың идея алып келген Ғани Мұратбаев тек қазақ жастарының ғана емес, күллi Орта Азия халқының жастар көшбасшысы болды. Қазақ жастарының, сауатсыздықтың көзiн ашқан да – осы Ғани Мұратбаев.
Кеңес Одағы кезінде жастардың тәлім-тәрбиесі мен оқуына ықпал еткен комсомол ұйымына Ғани Мұратбаев талантты басшы болды. Ол аудан шеңберіне сыймай өлкелік өрге, аймақтық аренаға, қала берді күллі Шығыс жастарының қамқоршысы болуға құлашын созды.
Талант пен дарындылық, талап пен ынта, қайрат пен жігер оны қияға алып шықты. Азғантай біліммен биік белестерді бағындырды, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Аудан басшысы мерейтойға орай облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы арнайы "Құттықтау" хатын жібергенін тілге тиек етіп, оны Ғани Мұратбаев ауылдық округінің әкіміне табыстады.

Сондай-ақ, 2017 жылы Ғани Мұратбаевтың 110 жылдық мерейтойын жоғары деңгейінде өтуіне лайықты үлес қосқан Мұрат Имандосовқа қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.

Мерейтойда мезгілінде аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Сырдария ауданының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы қызметін атқарған Алмагүл Божанова, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты шарада мерейтойдың өтуіне лайықты үлес қосқан бірқатар отбасыларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай футбол, жүгіру, сурет салу және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыстық ақындар мүшәйрасы мен қолөнер шеберлерінің көрмесі де өткізіліп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

#Қазалы
02 маусым 2022 ж. 168 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
  • Қытайда екі миллиардтан астам вакцина салынды