Шығыс жастарының жарық жұлдызы
Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев – жиырмасыншы ғасырдың басындағы жас буынның аса талантты өкілі, белгілі қоғам қайраткері ретінде халық жадында мәңгілік сақталады.
Ғани 1902 жылы 3 маусымда Қазалы уезінде өмірге келген. Төрт жасында әкеден жетім қалған Ғани тоғызға толғанында анасы Бәтимамен Қазалы қаласына келіп қоныстанады. Қаладағы қазіргі №16 мектепті аяқтаған соң бар уақытын білім алуға жұмсайды. Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітіреді.
Білімін толықтыра жүріп, жастардың басын біріктіріп, жастар ұйымының алғашқы ұяшықтарын құрады. 17 жасында Коммунистік Жастар ұйымына мүшелікке қабылданғаннан кейінгі өмірін комсомолға қызмет етуге арнайды. Жан-жақты ізденіп, сол қоғамның тынысын дөп баса білген ол қазақтың ұл-қыздарын оқуға тартты. Жетім балаларды интернатқа орналастырып, қанатының астына алуда аянбай еңбек етті.
1921 жылы 19 жасында «Жас алаш» газетінің ашылуына бастама көтеріп, алғашқы нөмірін жарыққа шығарды. Қайраты мен қайсарлығы және саяси көзқарасының тұрақтылығы арқасында қатардағы комсомолдан Түркістан Республикасы Коммунистік Жастар Одағының бірінші хатшысы болып сайланды. Ұйқысыз түн, қарбалас шақта асқынған өкпе дертінен 1925 жылдың 15 сәуірінде Мәскеуде «Биік тау» санаторийінде көз жұмды. Елдің арда перзентінің сүйегі Мәскеудің Ваганьков зиратына жерленді.
Жыл сайын аудан тұрғындары Ғанидың туған және қаза болған күнін атап өтіп, оның рухына тағзым етеді. 2006 жылдан бастап туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты жас ақындар мүшәйрасын және 2004 жылдан бері қала мекемелері арасында футболшылар турнирін өткізу дәстүрге айналған. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасын тауып, Шығыс жастарының жұлдызы атанған жерлесіміздің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы шара мен көрме ұйымдастырылып, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстары жандандырыла береді.
Ақбота ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық
музейінің ғылыми қызметкері