Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер кезегі неге жылжымайды?

Жер кезегі неге жылжымайды?

Кеше Әйтеке би кенті әкімдігіне барудың жолы түсті. Мен жолығуға барған жан орнында болмағандықтан, тоса тұруға тура келді. Қарап тұрмай айналамда ілінген баннерлерге зер салып, танысып шықтым. Кенет жер кезегіне тұрғандардың тізімі кезіге кетті. Әуелде былтырғы жылы өтініш қалдырған жандардың арасынан таныс-туыстарымды жолықтырып қалармын деген жай оймен тізімге тесіле қарағанмын. Алайда кент ішіндегі жер кезегінің жылжуы қиындық тудырып отырғаны санама сап ете қалды. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, осы мәселені әрі қарай індетіп көруді құп деп таптық.
Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің кез келген аймағынан тұрғын үй салу мақсатында мемлекет тарапынан бір рет тегін жер телімін алуға құқылы. Бұл туралы Жер кодексінің 50-бабында көрсетілген. Әйтеке би кенті әкімдігі мамандарымен байланыс құрып, бүгінгі күні 2007 жылы өтінім қалдырған тұрғындарға жер беріліп жатқанын білдік. Бірақ қазір тоқтап тұр. Сол уақытта тіркелгендердің жер күтіп жүргеніне 15 жыл болды. Аз уақыт емес. Яғни олардың ұл-қызы қазір мектеп бітіріп жатыр. Осы ретте неге жер кезегі неге жылжымайды?» деген сауалды жауапты Әйтеке би кенті әкіміне төтесінен қойдық.
– Бұрын Қазалы қаласы мен Мұратбаев ауылынан тұрғындар жер сұрамады. Сұрады дегеннің өзінде қазіргідей көп болған жоқ. Ол кезде тек кент айналасынан жер үйлестірілді. Сондықтан қазір осылай баяу жүріске салынып кетті. Өйткені оның барлығына бірдей жер үйлестіріп беру оңайға соқпайды. Көпшілік «қалада барлығы бірқалыпты жүріп отырады» деп жатады. Қазалы қаласынан жер сұрау үшін өтініш 2018 жылдан бастап көбейе бастады. Мәселен, қазіргі таңда Әйтеке би кенті бойынша кезекте 9912 өтініш, Қазалы қаласында 1327 өтініш және Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде кезекте 198-і бар. Яғни барлығы 11497-і тіркелген. Ал қалған ауылдарда өтініштер кезектілігі болмағандықтан жерге орналастыру жұмыстары уақытылы жүріп отырады, – дейді Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасаров.
Өткен жылдың қазан-қараша айларында инфра­құрылыммен қамтамасыз етілген Әйтеке би кентіндегі 1, 2 және 4 квартал аумағынан тұрғын үй құрылысы үшін табыстауға болатын 35 бос жер анықталған екен. Бірақ енді оны жер қатынастары бөлімі үйлестірмейді. Қазір тұрғындар елді мекен ішіндегі жер беруші осы мамандар деп ойлауы мүмкін. Бірақ олай емес. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов түсіндіріп берді.
– Анықталған бос орындарды ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 01.10.2020 жылғы №301 бұйрығының 9 қосымшасына сәйкес «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын басшылыққа алып, Қазалы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімі арқылы 2007 жылы тіркелген 35 өтініштерге жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүруде. Міне, кодексте көрсетілгендей ендігі бұл міндет құрылыс, сәулет және қала құрылысына жүктелді. Ал біз жайылымдық жерлерді үйлестіруге көштік, – деген басшы тұрғындар барлығын жіті түсініп алуы керектігін айтты.
Былтыр Әйтеке би кентінен 119 адамның кезегі келіп жер алған болса, Қазалы қаласынан 222 тұрғын көңілін бірлеген. Алайда 2007 жылы сол тіркелгендер қатарынан 147 адам қалып қойған. Ал қазір кезек жұмысы тоқтап тұр. Неге? Мұның шешу жолы қайсы?
– 2019 жылы кезегі келген жандарға жер 3 жылға жалға берілді. Егер олар осы уақыт ішінде оны мақсатты пайдалана білмесе кері қайтарып аламыз. Бұл 92 бапта көрсетілген. Яғни онда «мақсаты бойынша пайдаланылмаған және игерілмеген жер учаскесін меншік иесі және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою»-ға болатыны айтылған. Міне, жақын күндері осындай жерлердің барлығына тексеру жүргізіліп, қалған 147 тұрғынға үйлестіріледі, – дейді Еркін Нұржаубайұлы.
Құрметті аудан тұрғындары, ендігі алынған жерге үй не сарайыңызды 3 жыл ішінде көтеріп болмасаңыз, ол жерді кері қайтарып беруге тура келеді. Өйткені заңда солай көрсетілген. Осы сәтте сізді де «егер шаруаны бастап, 3 жылдың ішінде үлгермей, шамалы жұмысы бітпей қалса ше?» деген сауал мазалауы тиіс. Бұл сұрақты бізде қойдық. Айтуларынша, ондай кезде қайтадан өтініш жазып, уақытын ұзартуға болады. Бірақ, расымен көрсетілген жерде жүйелі жұмыс жүріп жатуы қажет. Егер өтінім білдіріп, артынша тексеру барып, барлығы олай болмай шықса, іс насырға шабады. Яғни, жалған уақыт ұзарта алмайсыз.
Өткен жылы 5-ші квартал аумағынан нағашым жер сатып алды. №276 мектепке жақын орналасқандықтан келешек балаларына да білім ошағы алыс болмайтынын ойлаған. Осылайша 2 жылдың ішінде үш бөлмелі сарайдың құрылысын бітірді. Бір-жар көрші-көлемді шақырып, ағайын-туысты жинап, кішігірім қоныс той ұйымдастырды. «Құтты болсын» айтып бізде сол жерден табылдық.
Бірақ біршама уақыт өткен соң нағашымның алдынан мынадай бір мәселе шықты. Алдағы уақытта сізді де сан соғып қалмас үшін танысып шыққаныңыз артық етпейді. Ал біз айтып отырған түйткіл былай басталды.
Әуелде жер сатқан тұрғынға жер мемлекет тарапынан 3 жылға жалға берілген екен. Ол оны пұлдап жібереді. Бірақ нақты құжат бастапқы иегердің меншігінде. Ал менің нағашым алғашында осы құжат жағына аса қатты мән бермеген. Кейін үйді салып болған соң, бұрынғы жердің иесі қарсылық білдіріп жерін қайтып алуға арызданады. Міне, мәселе қайда жатыр. Яғни мұны кәсіпке айналдырғандар осылай құйтырқы әрекетке барады. Абырой болғанда нағашымның 2 жыл тер төгіп тұрғызған сарайы өзінде қалды.
Қазір тұрғындар арасында «жер беру жемқорлыққа айналып кеткен жоқ па?» деген пыш-ыш әңгіме өріп жүр. Өйткені беріліп жатқан жерді иелері кезекпен алды дегенге сенбейді. 15 жылдан бері жер кезегінде тұрған Серік Алдан: «Қазалыда жер кезегінде бармын. Бар болғанымды қайтейін, 15 жылдан асқан шығар, тіпті уақыттан да жаңылыстық. Егер сұраған жерімді берсе тыныш отырмаймын ба? Бұл арада бір шикілік бар. Әйтпесе осыншама уақытқа ұзайтындай не көрінді?!» – дейді. Жер кезегінің жыры әлі жалғасып келеді. Анығында мұның бір жолын қарастырып, кезекті бір жолға қоятын уақыт келді.
А.БАҚЫТҰЛЫ


09 сәуір 2022 ж. 770 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 82

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930