Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кезек күтіп, қанша көктем, қанша қыс, алған жерден айырылып қалмаңыз!

Кезек күтіп, қанша көктем, қанша қыс, алған жерден айырылып қалмаңыз!

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекет қазақ халқының жағдайын жақсартуға бар екпінмен жұмыс істеп жатқаны белгілі. Оның ішінде бұқара халықты жеке баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар бүгінде өз нәтижесін көрсетіп келеді. Әсіресе, әрбір қазақстандыққа тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жер учаскелері мәселенің күрделілігін біршама жеңілдетіп тастады.
Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша 7568 адам жер алу кезегінде тұр. Оның 6558 Әйтеке би кентінен, қалған 1010 адам Қазалы қаласынан иеленуге өтініш берген. Ал ауылдық округтерде өтініштер кезектілігі болмауына байланысты жерге орналастыру мәселесі бойынша қиындықтар жоқ. Қала мен кент аумағынан 2016 жылы мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (МЖК ААЖ) деректер қорында өтініш бергендерден 77 адам жер алса, оның 19-ы өмірден өтіп кеткен. Тағы бір адам өтінішін қайталап жазғандығы анықталған.
Көптеген аудан тұрғындары жер кезегінің тезірек жеткенін күтіп әуре. Дегенмен, тұрғын үй салу үшін берілетін жерді алып, оны тиісті мақсатына қолданбай отырғандар да аз емес. Мәселен, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан 2015 жылы 77 тұрғынға жер учаскесі табысталған. Ал меншікті пайдалану мерзімі 2017 жылдың ақпан айында аяқталып қалған. Құзырлы органдардың тексеріс нәтижесінде 35 тұрғын үй салып, 21 учаскеге топырақ төгілген. 21 тұрғын кезек бойынша алған жерлерін мүлде игермеген. Осыған сәйкес, 17 жеке тұлғаның 17000,0 шаршы метр жері мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Бұл туралы аудандық жер қатынастар бөлімінің жетекші маманы Айгүл Байман­ова айтып берді.
«Аудан тұрғындарына тұрғын үй-құрылысы үшін жер учаскелері Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарына сәйкес 3 жылғы уақытша (өтеулі) жалға беріледі. Осы уақыт аралығында меншік иесі табысталған жер учаскесіне үй құрылысын салып, адам тұратын жағдайға келтіргеннен кейін, тиісті құжаттары арқылы жеке меншік құқығын алу үшін жергілікті атқарушы органға өтінішпен жүгінеді. Егерде жер учаскесін мүлдем пайдаланбай, игерусіз жатса онда шарттың күші бір жақты жойылып, жер учаскесі мемлекетке қайтарылады және бос жер есебінде кезекте тұрғандарға өз реттілігімен қайта табысталады»,– дейді жер маманы.
Сонымен қатар, Айгүл Қазбекқызы “Нұрлы жер” тұрғын үй бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінен инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген көлемі 56 гектар жерден 200 тұрғынға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері бөлінгендігін айтты. Сәйкесінше кент пен қаладан 5 массив бойынша көлемі 707 гектар құрайтын жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 2000-ға жуық жер учаскесін беру жоспарлануда.
Айта кетейік, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер иеленуге өтініш білдіріп, кезектілікте тұрған азаматтардың тізімдері Қазалы ауданы әкімдігінің ресми интернет ресурсының «Электронды кезек» тізіміне енгізілген.
Мамандар мемлекет тарапынан табысталған жерді алған соң, белгіленген уақытқа дейін құрылыс жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді. Жылдап кезекте тұрып, ақыры қол жеткенде жылжымайтын мүлкіңізден сіз де қапыда айырылып қалмаңыз. Айтпағымыз осы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ



29 мамыр 2018 ж. 3 095 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 82

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 143

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 147

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031