Тартымсыз табло, сүреңсіз тақта...
Бұл төмендегі суретте көрсетілген таблолардың қазіргі жайы. Ұмытпасақ, бұлар 2020 жылы орнатылды. Бір данасы Т.Бөріқұлақов және Жанқожа батыр, екіншісі Әйтеке би мен Қ.Пірімов көшелерінің қиылысында тұрғызылды. Жоба 5 миллионнан аса теңгені құраған. Аз ақша емес. «Бұл да болса жергілікті жұртшылық үшін пайдалы дүние ғой» деп жарияға жар салып, қуандық. Бірақ мұнымыз ұзаққа созылмады. Кеткен қаражат орталық көшелерде көзге шыққан сүйелдей болып тұр.
Таблолар бірінші күні қосулы тұрса, екінші күні шаң басып өшулі болады. Жасап тұр деген күннің өзінде дауысы жарытып шықпайды. Кейде жүріп жатқан роликтегі сөйлеп тұрған жанның басы тұрса, төменгі жағы мүлдем көрсетпейді. Осындайда бюджет қазынасынан келген таблоны жауапты салалар өз деңгейінде қадағаламайтыны көкейге өкініш ұялатады.
Осы мәселенің жауабын білмекке, Әйтеке би кенті қызметкерлеріне сауал жолдадық. Қолға тиген мәліметті сөйлетсек, 2020 жылдың 23 шілдесінде «Әйтеке би кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Нурлан Ж» ЖШС-і арасында Әйтеке би кентінің орталық көшелеріне 2 дана электронды табло орнату жұмыстары бойынша №170 мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт жасалған екен.
Шаруаны бір ыңғайлап беруді қолға алған мекеме сөзінде тұрды. Келіскендей электронды таблоларды орнатты. Бірақ кейін ол жайына қалды. Екі жылға кепілдік берген мекеме ізім-ғайым жоқ болған. Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың айтуынша, қазір аталған серіктестікке шағым білдіріп, сотқа арыз берген.
Бірақ неге екені белгісіз Әйтеке би кенті әкімшілігі мұны бақылап отыруды естен шығарған. Олай айтпайын десек, 1 данасы Қ.Пірімов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысында тұр.
Бұған ешкім мән бермейтін болып көрінуі мүмкін. Алайда барлығын бақылап жүретін тұрғындар бар. Мәселен, кент тұрғыны Амандық Аяп: «Әуелде жақсы жұмыс жасап тұрды. Осы жерден жүрген сайын аялдап, бейнероликке мән беріп, айтылған ақпараттарға қанық болатынбыз. Алайда қазір аянышты кейіпке еніп тұр. Бұл тұрысы кімге керек? Қайта жөндеп, іске қосу қажет», – деген пікір білдірді. Мұндай ойын жеткізіп жатқан азаматтар аз емес. Барлығы ел игілігіне тұрғызылған таблоның экраны қайта көк түске боялғанын қалайды.
Тағы бір айта кететін мәселе бар. Ол Әйтеке би кентінің орталық алаңында орналасқан ЛЭД экран. Бұған да 2020 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша 5 100,0 мың теңге қаражат қаралған. Бірақ мұның да жайы мәз емес.
Жалпы бұларды кімнің орнатып, кімнің жасатқаны Қазалы халқына маңызды емес. Маңыздысы теңгесі бөлінген таблоның қалыпты жұмыс жасап тұруы, қадағалауда болуы.
А.БАҚЫТҰЛЫ