Жер телімдері неге жедел берілмейді?
Негізінен қазалылықтардың көпшілігі жер үйде тұрып, реті келсе бау-бақша баптап, үй шаруашылығымен айналысқанды ұнатады. Үлкен адамдардың біріне бірі мінгескен пәтерлерді жақтырмай, бала-шағасының шарбақта шапқылап ойнап жүргенін тәуір көретіні тағы бар. Бүгінде мемлекет тұрғын үй салу үшін тегін беретін жер кезегінде тұрған азаматтар да осындай қуанышқа кенелгісі келеді. Алайда бір тілім жер алуға өтініш берушілер тізімінде он жылдан аса уақыт бойы тапжылмай тұрғандар жақын арада қол жеткізетіндеріне күмәнмен қарайды.
“Жер телімдері неге жедел берілмейді?” деген сұраққа көптеген салмақты себеп келтіруге болады. Оның ақылға қонымдысы – инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілмеген аумақтан жер берудің дұрыс еместігі. Себебі алдымен ішуге жарамды су, орталықпен қатынасатын жол және жарық желісі жүргізілмегесін жерге қоныстанған отбасының жағдайы болмай, әкімдікке шағымданады. Бұның алдын алу үшін айтылған жайттар шешілген аумақтан ғана берілді. Алайда аталған тізімнің жай жылжуы “Инфрақұрылыммен айналысатын мамандардың баяу қимылымен байланысы бар ма?” деп қаласың. Әлеуметтік желі мен редакцияға келіп түскен хаттарды негізге алып, аталған түйткілге байланысты аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтовке жолыққан едік.
Негізінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес жер алу туралы өтініштер жергілікті атқарушы органдар тарапынан 5 жұмыс күні ішінде арнайы есепке алынуы керек. Бұл үшін аталған қағиданың 13-тармағында көзделген комиссия қорытындысы негізге алынады. Бөлім басшысы бұл жөніндегі жұмыстар өз кезегімен атқарылып жатқанын жеткізді.
– Қазіргі таңда Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы бойынша 9 мыңға жуық азамат тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тұр. Оның 7610-ы кент тұрғыны. Қала мен кент арасын біріктіру туралы бас жоспарға сәйкес 180 және 81 гектар аумаққа тұрғын үй салуға арналған 800-ге жуық жер учаскесіне алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жайындағы ақпарат қала мен кент әкімдігі ғимаратында орналасқан стендтер мен аудандық жер қатынастары бөлімінің сайтында ашық жарияланған.
Өткен жылы Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағындағы 622, кент пен қала аралығындағы 93 жер учаскесі аудан әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясының оң қорытындысын алды. Қазіргі таңда кезекте тұрғандарға үлестірілуде. Бұл бағыттағы жұмыс саябырсымайды, – деді Еркін Нұржаубайұлы.
Бұдан бөлек тиісті мамандар жер алуға өтініш бергендер санының көптігін, олардың кезегі баяу жүріп жатқанынан хабардар екенін білдірді. Алайда тиісті жұмыстар жасалып, үнемі бақылауда ұсталып отыр.
– Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 44-1 бабында жеке тұрғын үй үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай немесе жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылатыны айтылған. Соған сай аудан аумағындағы жер бөліктері инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін ғана беріледі, -деді бөлім басшысы.
Ұлан-ғайыр аумақтан тезірек ұлтарақтай жер алып, баспана салғысы келген тұрғындар тілегіне берілген жауап осы. Қалай болғанда да қазалылықтар жылдар бойы жайлап жылжитын кезектің сәл қарқын алғанын тілейді. Жауапты азаматтардың соған сай жұмыс істегенін қалайды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ