Ел боламын десең, бесігіңді түзе
Қоғамдағы жастардың алатын орны ерекше екені белгілі. Себебі жастар – әрбір елдің мәдени, рухани және саяси өміріне белсенді атсалысатын әлеуметтік-демографиялық топ. Қазақ қоғамында жастарға ежелден ерекше сеніммен қараған. Бүгінгі жастың ертеңгі ел ағасы болатынын естен шығармаған аға буын өкілдері тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлген.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз бала тәрбиесінің бесіктен басталатынын меңзесе керек. Қоғамдағы жастар тәрбиесі – мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселелердің бірі. Себебі мемлекеттiң жастар саясаты мемлекет жүзеге асыратын және жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйесі екені белгілі. Ал қазіргі ақпараттық аумалы-төкпелі уақытта жастарға дұрыс бағыт бере ала жүрміз бе? Осыған орай әр сала өкілдерінің пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз бала тәрбиесінің бесіктен басталатынын меңзесе керек. Қоғамдағы жастар тәрбиесі – мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселелердің бірі. Себебі мемлекеттiң жастар саясаты мемлекет жүзеге асыратын және жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйесі екені белгілі. Ал қазіргі ақпараттық аумалы-төкпелі уақытта жастарға дұрыс бағыт бере ала жүрміз бе? Осыған орай әр сала өкілдерінің пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.
Нұртуған СӘДІРХАНҰЛЫ, Қазалы спорт клубының директоры:
– Жасөспірімдер арасындағы жиі текетіреске ешкімді кінәлауға болмайды. Жалпы мұндай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында көптеп шаралар ұйымдастырып тұру қажет. Бұдан бөлек үйдегі тәрбиеге де баса назар аударылса игі. Негізі жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыру жолына басымдық берілсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Олардың дене қимылын ширату бағытында, бос уақытын тиімді пайдалануда түрлі спорттық секторларға тарту аясында насихат жұмыстары жетіспей де жүрген болар. Осыған орай алдағы уақытта қолға алатын жоспарлар ұйымдастырылуда. Дегенмен арнайы үйірмелер мен басқа да спорттық ұйымдар болсын бірлесіп жұмыс істеуге көбірек назар аудармақпыз.
Ауданнан құрылған арнайы комиссия құрамына жастар тәрбиесіне қатысты тапсырманы күшейткен жөн деп санаймын. Ауданның құқығын қорғайтын қызметкерлер оқиғаны болдырмау жағын ойластырып, болмаса учаскелік полицияның және кәмелет жасына дейінгі балалармен жұмыс істейтін инспекторлар мінезі қиын жас өскіндермен етене араласуы кемшін болып тұрғандай. Мектептегі тәрбие мен бақылау да бір бөлек мәселеге жатады. Бірақ аудан болып бірлесе «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, жұдырықтай жұмылу керек. Тұрғындармен де, тиісті мекемелермен де тығыз байланыста болып ауқымды мәдени-сауықтыру жоспары құрылса құба құп. Сонда ғана жастардың мінез-құлқы өзгеріп, жөнге түседі деген ойдамын.
Амангелді ДІНАХМЕТОВ, ақсақалдар ұйымының төрағасы:
– Жасыратыны жоқ соңғы кездері жастардың бір-бірімен жаға алысып, топтық төбелесте жазым алатын жағдай жиілеуде. Меніңше, ең бастысы қоғам болып жастармен бірлесе шаруалар атқарсақ. Оларға діни тәрбие беруді қолға алған жөн деп ойлаймын. Мектепке де арнайы пән ретінде кіргізген дұрысырақ. Мешітпен мектеп басшылығы тығыз қарым-қатынас орнатқан жөн-ақ. Имаммен байланыс артса, ұрлық-қарлық, төбелес, қылмыс деген атауымен орын алмас еді. Мысалға, Қожахмет Яссауи, Әл Фараби сынды ғұламалардың барлығы медреседен діни ілім алған. Бүгінде атағы жер жарады, тарихта алтын әріппен қатталған.
Кеңес одағының дәуірі жүріп, аузынан от шашып тұрған тұста біраз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден қол үздік. Ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылығынан айрылдық. Осы күні отбасы институты жоқтың қасы. Біз кеңестік "Дін – апиын" деген ұранымен санамыз уланды. Еш болса да, кеш дегендей, жетпісті алқымдасақ та кейінгі буынды түзу жолға түсіру бағытында имандылық үйінен діни ілім алудамыз. Әлі де үйренеріміз, көкейге тоқитынымыз көп. Мұнда жақсы-жақсы, тірлігіңнің алға басуына септігі тиетін өмірлік уағыздар айтылып тұрады. Құлақ асар адам болса, міндетті түрде дұрыс бағытқа түседі. Сондықтан бәрін әуелі өзімізден бастаған абзал. Бір мысал келтіре кетейін, бірақ атын атап, түсін түстемеймін кезінде арақ ішіп жанындағылардың мазасын алып жүрген жігіттер мешітке келген соң кәсіппен айналысып, қайырымдылық жасап жүр.
№5 ықшам ауданында 15 мың халық бар. Спорт кешенін, ойын алаңдарын көбейтсек ұтамыз. Шет елде спорт алаңдарына сан жетпейді екен. Тасаттық, Наурыз, Құрбан айт мерекелерін жастарды тарта отырып ұйымдастырамыз. Бұл халықтың ауызбіршілігін арттыруға бірден-бір септігін тигізеді. Құдайыжолыда, басқа да басқосуларда үлкендер жағы жастар мәселесін мүлдем көтермейді. Ал жалпы алғанда осы мәселе дастарқан басында талқыланып, қозғалуы тиіс. Мұндайда салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өмірдің мәні, өзін-өзі табу жайлы жиі айтылса жөнге келеді деген ойым бар.
Сондай-ақ бізде арнайы опорный пункт бар. Өзі бір ыңғайсыз жерге қуыста орналасқан. Халықпен ашықтық дейміз, неге сол ғимарат көшенің кең жерінен жарқырап менмұндалап салынбады?! Жаңадан көлік те берілді. Бірақ сол жарықтықтың №5 квартылды айналып бақылап жүргенін көрмейміз. Бұл пункте 3 полиция болуы тиіс пе, онда солай халықпен байланысын жақсартып сонда отырсын. Оларды бақылап отырған ешкім жоқ. Өз өздеріне би. Осыдан келіп қылмыстың беті ашылмай қалады. Кез келген арнайы мемлекеттік болсын жеке болсын халықпен тығыз қарым-қатынас құрар кез жетті. Сонда ғана нағыз ойлаған оңды нәтижеге қол жеткізіп, жастардың жүріс-тұрысын түзейміз.
Сымбат ҚОЖАҒҰЛОВА, ардагер-ұстаз:
– «Тәрбие басы – тал бесік» деген. Ата-бабаларымыз ықылымнан ұрпағына текті тәрбие берген. Қазір жастардың барлығы дерлік ұялы телефонның қызығына батып кеткен. Қолы қалт еткенде телефонға жабысып отырады. Оны көрген баласы да заманауи гаджеттің шырмауына ілігуде. Сондықтан тәрбиені осы жас ата-аналардан бастау қажет.
Мәселен, біз мектепте жүргенімізде 2 айда бір рет ата-аналардың жалпы жиналысы өтетін. Оны мектепішілік «Ата-аналар университетінің» кезекті лекциясы дейтінбіз. Осыған көбірек жас ата-аналарды қатыстыруға көңіл бөлетінбіз. Ал қазір баланың тәртібі мен білімге деген ықыласын бақыламақ түгілі пандемияның кесірінен мектепке кіре алмайтын жағдайға жеттік. Бейне бір құпияланған мекемеге айналды.
Қазір жасыл аймақтамыз деп қуанып жүрсек те, қасиетті қара шаңыраққа аяқ басып кіру мұңға айналды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қанша бір жерден онлайн болса да осы жұмыс қайтадан жаңаша жандануы тиіс. Мұғалімдер болашақ ұрпақтың бағбаны дейміз. Олай болса, алдында отырған әрбір шәкіртінің келешегі жарқын, тәрбиелі, елін сүйетін азамат болсын десе, ата-анамен байланысты бірінші орынға қою керек. Өйткені «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген бар.
Заң деген – әдет, адамгершілік деген – әдеп. Әдеп деген – басқаларға мейірімді болу. Періштедей тап-таза, жас өркеннің бойына әдеп деген мейірімділікті беру үшін, мектепте 1-сыныптан бастап әдеп пәні жүру керек. Оның бағдарламасын шығармашылық топ жасау қажет. Маңызды пән міндетті түрде мектеп бағдарламасына енуге тиіс. Әр сыныпқа жас ерекшелігіне қарай бағдарлама да өзгеріп отырған жөн. Бұл халықтық педагогика тәрбиесінде берілгені дұрыс. Сонда ғана біз бен сіз болып ибалы да, тәрбиелі ұрпақ өсіреміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА