Кемел білім – келешегіміз
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр толқынның пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Жиырма бірінші ғасыр бүгінгі буынға, яғни біздерге бұйырған теңдессіз бақыт деп ойлаймын. Себебі, қазақ халқы ата-бабалардың ғасырлар бойы армандап, сол жолда қауіп-қасіретке душар болған, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елдің экономикалық әлеуеті артып, өркениетті елдермен иық теңестірді.
«Арқауы ерен ерлік дастанымның,
Қайраты елге әйгі жастарының
Желбіреп көк байрағы тұрған шақта,
Жұлдызы жарқырайды аспанының», – деп жырлайды мерейі үстем мемлекеттің сөз мәйегін келтірген арқалы ақындары.
Елбасы халыққа Жолдауында «XXI ғасыр – білім ғасыры» деп атап өтті. Олай болса, осы мезетке білімді жастар жақсы оқып, жан-жақты білім мен ғылымды игеруіміз қажет. Сонымен бірге 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Сондықтан тәуелсіз елді бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі мықты мамандармен толықтырған дұрыс. Қазақстан қоғамында қазір бұрынғы ұрпақтардан айтарлықтай өзгеше, мүлдем жаңа зияткерлік орта, жаңа бағдарлы ұстанымдары ұтымды, экономикалық іс-қимылдар арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар табы қалыптасты. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еңсесін тіктеген біздің ел үшін дарынды, жігерлі ұрпақтың орны бөлек. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, болашағымыз мәдениеті жоғары, білімі кемел жастардың қолында.
Аяжан ҚАРАЗЫМ