Кент көркейсе – қуаныш
Сыр өңірі десе, жұрттың көз алдына «экологиялық аймақ» деген сұрықсыз көрініс келе қалатыны жасырын емес. Осы келеңсіз көзқарасты түп-тамырымен жоятын күн қашан келер екен?!
Ескіні еске алмай жаңа жадыңа түспейді. Әлі есімде, бұдан жарты ғасырдай бұрын теміржол вокзалы алдындағы Әйтеке би ескерткіші тұрған, стадион жақтағы және оқушылар үйі алдындағы алаңдар саялы ағашқа толып тұратын. Стадион мен оның жолындағы жіңішке көшені жұрт «махаббат» көшесі деп атаушы еді. Теміржолдың арғы және бергі бетіндегі мекеме кеңселерінің жанындағы талдар көкке бой созып, су бұрқақтары атқылайтын. Ал қазіргі жағдай шыны керек, сол кезбен мүлдем салыстыруға келмейді. Көптеген ағаш қурап, солғын тартқан. Айналамыз неге мұндай жағдайға жетті?
Оның себебі аудан орталығында аяқсу мәселесі шешілмеген, су тапшылығы десек қателеспейміз.
Атадан аманат болған қасиетті топырақтың қадіріне жету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Осының үдесіне шығайын деп, кіндік қанымыз тамған өлкемізге жанашыр болып жүретін жайымыз бар. Жақсылығына халықпен бірге марқая қуанып, көңілге қаяу салар жайлар кездессе, «Әттеген-ай» деп, жабырқап қаламыз. Ендеше қаузап отырған тақырыптың айналасында аз-кем айтарым бар.
Ашығын айтқан жөн, жыл сайын көктемгі ағаш отырғызу науқаны кезінде БАҚ бетінде «пәленбай мың» ағаш көшеті отырғызылды деп жазылады. Бірақ көлеңкеге көмкеріліп қалғанымыз шамалы. «Екті» деп жазылған екіпініміз басылар-басылмастан, артынша күтімнің әлсіздігі мен ылғалдың тапшылығынан көптеген көшеттің көктей солып жатқанын көреміз. Бәрі де көк шығын, зая кеткен еңбек.
«Арал-Сарбұлақ» тораптық су құбырын пайдаланушы Қазалы филиалының директоры Әділхан Ахметов, 1993 жылдан «Қосаман-Бердікөл» жерасты суын пайдаланып отырғанымызды жеткізді. Ауданымызда сыйымдылығы 20 мың текше метрлік су қоймасы бар. Оған қыс айларында тәулігіне 3 мың, ал жазда 11 мың текше метр көлемінде су қабылданады.
«Судың да сұрауы бар» деген. Қазір тіршілік көзін үнемді пайдаланбаймыз. Аудан орталығындағы мекемелер, тұрғындар, алыстағы ауылдағылар да ауладағы азын-аулақ бақшалық жер мен ағаштарды ауызсумен суаратыны жасырын емес.
«Қазалы» газетінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы №6 санында «Көрпеге қарай көсілейік» деген мақалам жарияланған болатын. Онда «Көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша» «Қазалы-Жолаушы» ЖШС басшысы Бекқали Бекбауловтан үлгі алуға болады. Ол басқарып отырған «Нұршуақ» автобекетінің маңы жаз мезгілінде жасыл желекке малынып, төңірекке тамаша көрініс сыйлайды. Бұл жерге аяқсу арығы жүргізілмеген. Ауызсуды да пайдаланбайтын көрінеді. Бекқали замандасымнан бұның жолын білген едім. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылордадан мамандар шақырып, құны небәрі 150 мың теңгеге екі ұңғыма бұрғылатып жерасты суын шығарып, пайдаланып отыр екен», – деп жазған болатынмын.
Қуанарлығы, менің ұсыныс-пікірім ескерусіз қалмағанға ұқсайды. Аудандық оқушылар үйінің (бұрынғы теміржол клубы) директоры Ерлан Өтепбергенов мекеме маңына 2021 жылдың жазында құны 200 мың теңгеге екі ұңғыма жасатып, жерасты суымен төңірегін жайқалтып қойыпты. Бұған қызыққаны сондай Ерлан өзі тұратын үйінің ауласына да ұңғыма жасатып алыпты. Сырттан келген қонақтардың қай-қайсысы да аудан жөніндегі алғашқы пікірін теміржол вокзалы жанындағы көріністен қалыптастырады. Әйтеке би алаңына жылда жас шыбықтар отырғызылып, гүл егіліп оларға автокөлікпен жүздеген тонна су тасылады. Дегенмен түпкі нәтиже көңіл көншітпейтін еді.
Жуырда Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров қуанышын бөлісуге шақырды. Сөйтсем Әйтеке би алаңына Қызылордалық кәсіпкерге төрт ұңғыма бұрғылатып, тереңдігі 9 метрден жерасты суын шығарып атқылатып қойыпты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Талғат Ембергенов есімді кентіміздің жігіті белсенді жастарды ұйымдастырып, осы алаңға көшеттер отырғызып жатқандарының да куәсі болып қалдым.
Жерасты суын пайдалану тәсілін бірінші кезекте бюджеттік мекемелерде, мектептерде, балабақшаларда енгізген тиімді деп ойлаймын. Себебі нысандардың көбі көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ауызсуды қолданып миллиондаған бюджет қаражатын жұмсап отырғаны белгілі. Қысқасы, ниет болса, бітпейтін шаруа жоқ. Ертең сан соғып қалмайтын әрекетті бүгіннен ойластырмасақ болмайды. Экологиялық апат аймағында өмір сүріп отырған біз үшін атамекенімізді аздырмай, қоршаған ортамызды сауықтыру кезек күттірмейтін міндет.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы, салық саласының ардагері