Кентіміз келбетті болсын десек...
Сыр өңірі десе жұрттың көз алдына «экологиялық аймақ» деген сұрықсыз көрініс келе қалатыны жасырын емес. Елбасы: «Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы», – деген еді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Демек, соңғы дәуірде қанымызға сіңген салғырттық дағдылар мен таптаурын һәм қасаң қағидалардан арылмайынша толыққанды жаңғыруымыз, «экологиялық аймақ» деген сүреңсіз сөзден құтылуымыз қиындау. Атадан аманат болған қасиетті топырақтың қадіріне жету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Осының үдесіне шығайық деп, кіндік қанымыз тамған өлкемізге жанашыр болып жүретін жайымыз бар. Жақсылығына халықпен бірге марқая қуанып, көңілге қаяу салар жайлар кездессе «әттеген-ай» деп жабырқап қаламыз. Ендеше қаузап отырған тақырыптың айналасында аз-кем айтар тілегім бар.
Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейді. Әлі есімде бұдан жарты ғасырдай бұрын теміржол вокзалы алдындағы Әйтеке би ескерткіші тұрған жер, стадион жақтағы және аудандық оқушылар үйі алдындағы алаңдар саялы ағаштарға тұнып тұратын. Стадионның қапталындағы жіңішке көшені жұртшылық «Махаббат» көшесі деп атаушы еді. Теміржолдың арғы және бергі бетіндегі мекеме кеңселерінің жанындағы талдар көкке бой созып, субұрқақтары атқылайтын. Ал қазіргі жағдай сол кезбен мүлдем салыстыруға келмейді.
Жыл сайын көктемгі ағаш отырғызу науқаны кезінде БАҚ бетінде «пәленбай мың» ағаш көшеті отырғызылды деп жазылады. Бірақ, көлеңкеге көмкеріліп қалғанымыз шамалы. «Екті» деп жазылған екпініміз басылар-басылмастан артынша күтімнің әлсіздігі мен ылғалдың тапшылығынан көптеген көшеттердің көктей солып жатқанын көреміз. Бәрі де көк шығын, зая кеткен еңбек. Кезінде аталарымыз көктемде ғана емес, күздігүні де «атадан мал қалмайды, тал қалады» деп жайлауларына шыбық егіп кетеді екен. Сол құндылықтарды неге жаңғыртпасқа? Рухани жаңғырудың бір өзегі осында жатқан жоқ па?!
Біз көпті көрген, талай ел басқарған азаматтармен қызметтес болған ұрпақтың буынымыз. Мезгілінде аудан орталығы – Әйтеке би кентіне басшылық жасаған Оразғали Бекбановтың жан-тәнімен туған өлкені түзетуге еңбек сіңіргенін білеміз. От ауызды, орақ тілді ағамыз көшелерді көркейту-көгалдандыру барысында жұмысшының қимылына қанағаттанбаған жағдайда оның қолындағы күрегін жұлып алып, өзі істеп көрсететін. Бүгінгі аудан орталығындағы көптеген жасыл белдеулерде ол кісінің қолтаңбасы бар.
Қазір кенттің орталық көшелерінде жарыса бой көтерген базарлар мен кәсіпкерлік нысандар аудан әлеуетін арттырып тұрғандығын көріп көңілімізге қуаныш ұялайды. Алайда осы нысандардың көбісі түн мезгілінде мемлекет қорғауындағы жасыл екпелерді кесіп, ертеңіне су жүретін арықтарды бетондап жатқандарының куәсі болып жүрміз.
Бұл жұмыс осылай жалғаса беретін болса, орталық көшелерде тал қалмайтын түрі бар. Сайып келгенде кент келбетті болсын десек, бұған ұсақ-түйек мәселе деп қарамау керек. Экологиялық апат аймағында өмір сүріп отырған біз үшін атамекенімізді аздырмай, туған өлкені көріктендіру кезек күттірмейтін міндет.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы, салық саласының ардагері