Тұрақ болар орын тапшы
Бүгінгі күні Қазалы ауданында көлік қозғалысы, тиісті жол белгілерін орнату мәселесі шешілмеген. Соның кесірінен полицейлер базар маңындағы бейберекет қозғалысты, бағдаршам істен шыққандығы кептелістерді шешуге қауқарсыз екенін жасыра алмаймыз. Бұл әлі де болса «жұлдызды иықтылардың» жұмысындағы кемшілік десек артық айтқандық емес. Әйтпесе бірнеше жыл бұрын мектеп алдындағы қауіпсіздікті ретке келтіріп, ала таңнан балаларды жолдан өткізіп тұрған полицейді қазір көру қиын. Болса да некен-саяқ. Оның үстіне білім ордаларының алды толған көлік, адам жүру мүмкін емес. Осындайда мектепке кіруге кедергі келтірмеудің жайын жасай алмаған басшылыққа, көлік қозғалысы үдегенін елемей отырған құзырлыларға іштей налисыз.
Мәселен, қазіргі күні №266 мектеп-лицейдің Желтоқсан көшесіндегі қақпасының алды таңертең қарама-қарсы қойылған көлікке толып қалады. Тар жолдан өтетін көліктер оқушыларды жанап өтетіні жасырын емес. Бұған сол маңдағы адамдардың көзі үйренгендіктен жүріп келе жатқан көліктің алдын еш қорқынышсыз кескестеп өте береді. Дәл осындай жағдай автотұрақ қаралмаған Жанқожа батыр, Қ.Сәтбаев, Б.Мергенбаев атындағы гимназияның кіреберісінде де бар. Ал тек бірнеше көлікке арналған көлікжайы бар №276, №204, №170 мектептердің алдындағы жағдай да алдыңғыларынан мәз емес.
– Рас, таңертең балаларды балабақшаға, мектепке тасыған кезде көлікпен асығыс жүремін. Жұмысқа үлгеру керек дегендей. Сондайда, әсіресе, мектеп маңындағы кептеліс жүйкені жұқартады. Бірде жол ережесін бұза қойылған көліктер жолды жапса, келесіде оқуға асыққан балалардың жолын бөгеуге тура келеді. Автотұрақ қарастырылмаған соң мұндай жағдай болуы заңды. Мектеп басшылығы осы қиындықты шешіп берсе екен, – дейді кент тұрғыны Гүлмира Жасаралқызы.
Ауданда соңғы жылдары бой көтерген білім беру орындары кент орталығынан шеткері орналасқанын білеміз. Бұл сол аумақта тұрғынжайлар бой көтергендіктен келешекті ойлаған басшылардың идеясы екені анық. Қызығы сол, жылдар өтіп сол маңдағы қозғалыс қызған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің алдынан таң ата, түскілік мезгілде ине шаншар орын табылмайды. Бала таситын көліктің көптігі сонша, қалаға қатынағандар осы маңда уақыт өлтіріп қиналады. Бүгінгі күні ауданның беткеұстар оқу ордасы маңындағы осындай кемшілік көңілге кірбің ұялататынын несіне жасырайық?!
– Лицей маңында бірнеше рет жол-көлік оқиғасы болғанын көрдім. Бұл жайында бұрынғы әкімге де, қазіргі аудан басшысына да айттым. Кент әкіміне де мән-жайды түсіндірдім. Қос аралықтағы жол кеңейгенде шешуге болатынын айтып, уәде берген. Алайда қанша уақыт өтті. Бірнеше ай бұрын осы қиындық жайында республикалық «Халық» газетіне «Әкім өзгерсе, уәде өзгере ме?» деген мақалам жарық көрді. Мектеп алдындағы кептеліске кірсеңіз шыға алмайсыз. Балаларды апарып тастау, алып қайту мұң болды. Негізі заң жүзінде мектеп алдына автотұрақ салу міндетті. Бұрынғыдай балаларды таситын автобусты бюджетте ақша жоқ деген желеумен тоқтатып тастады. Ендеше, автотұрақ салып берсе болады ғой. Тіпті, полицейлер де қозғалысты реттеуге үлгере алмай жүр. Бағдаршам қойып берсе де шешілетін мәселе еді, – дейді лицейдің ата-аналар комитетінің төрағасы Кемал Көпжасар.
Бірнеше ай бұрын мектептерді қаржыландыруға реформа жасалып, директор бала санына шаққанда бөлінетін қаржыны құзырына алды. Демек оқушы саны көп лицейлер мен ірі білім беру орындары қомақты қаржымен өз бетінше жұмыс істейтін мүмкіндікке ие. Бұл біз қаузап отырған мәселені шешуге де сұранып тұрған амал секілді. Әрі-беріден соң балалардың қауіпсіздігі алдымен қамтамасыз етілуі тиіс әрі қазіргі заманда бұған бейжай қарау қателік секілді. Ал мектептің учаскелік полицейлері кабинетінде отырып алмай, мектеп алдындағы көлік қозғалысын ретке келтіріп, балалардың сабаққа аман-есен қатынауын назарға алса, көпшіліктің алғысын арқалайтыны анық.
С.БАЙЖАН