Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүректі тербеген жанды туындылар

Жүректі тербеген жанды туындылар

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...
Дүниедегі шексіз құдірет иесі –Ана жердегі жаратылыс бастауы, бақыт жаршысы, қасиет дарытушы. Осынау телегей төзім, кең мейірім, ардақты есімге шығармашылығынан шың бермеген талант иесі жоқ шығар. Өнер – өміршең мұра десек, мұндай мазмұнды құндылық кейде тұтас халықтың болмысымен бітісіп кетеді. Бүгін сөз еткелі отырған ана тақырыбына арналған қазақ әндерінің арна ауқымы ұлттан асып, өзге елдер жүрегінен де жылы орын тапқан.
Ананың еселі еңбегін ешкім де ешуақытта өтей алмайды. Алайда оны ұлықтап, қолынан келгенше құрмет көрсетуді әрбір перзент өзіне парыз санайды. Қазақ ән өнерінде өзіндік орны бар «Ана туралы жыр» әнін тыңдағанда тебіренбейтін жан жоқ. Тіпті шет елдерде шырқалғанда, ән мәтінін түсінбесе де, көремендер сазға елітіп, көзіне жас алғаны туралы естелікті көбі біледі. Бұл әннің құдіреті екені сөзсіз.
Осындай тынысты туындының туылу тарихы да терең.
Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов консерваторияда оқып жүргенінде, ауылы жақтан суық хабар жетеді. Онда анасы өмірден озғаны туралы айтылады. Шәмші жедел ауылына аттанады.
Жақынының мезгілсіз қазасы жас жігітті терең тұңғиыққа батырады. Ұзақ уақыт оның бейнесін көзі тірі жандардың арасынан іздеп, қатты жабығады. Осындай сағыныш тудырған терең иірім өзінің анасына берген сөзін ойына оралтады. Онда Жәмшит: «Апа, мен сенің басыңа кесене-ғимарат орнатамын деп айта алмаймын. Бірақ саған әннің ең асылын, ең нәзігін арнап жазамын», – деген еді.
Келмеске кеткен қимас қымбаттысына деген бар жылулығын жеткізу мақсатымен ол ән жазбаққа кіріседі. Ойланып келсе, анасы сыйлаған ең үлкен бақыт – әлемнің жарығы екен. Осы ой басынан кетпей қояды. Алматыға оралған соң Жазушылар Одағына барып, таныс ақындарына жолығып, өз ұсынысын жеткізеді. Сонда жігіттердің бірі жақында Ғафу Қайырбековтің де анасы қайтыс болғанын айтып, соған баруға ой тастайды. Шәмші дереу Ғафуды тауып алып, оған әнін тыңдатады. Ақын терең ойға батып, біраз уақыт үнсіз отырады. Жанын мазалап жүрген тақырыбы 15 минуттың ішінде әнге айналады.
«Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған» – деп басталатын «Ана туралы жыр» әні осылай өмірге келіпті.

Сыйынар ем ана деген тәңірге
Ұлы Отан соғысы – ел тарихындағы елеулі оқиға, қасіретті кезең. Бұл ерлік, өрлік тақырыбы талай көңілден күй, жүректен жыр, санадан ән болып төгілді. Олардың қатарындағы «Ана туралы баллада» әні мазмұны мен маңызы жөнінен басқалардан оқ бойы озық тұрады.
«Өткен ғасырдың 70-жылдары туған әннің ерекшелігі тақырыбында», – дейді композитор Марат Ілиясов.
Соғыстан отағасы, баласы оралмай қалған аналардың қиын тағдырын шебер суреттеген шығарма 70-ке жақын өлеңді тудырған Жақсыгелді Сейіловтің әні. Солбір сұрапыл сәтті ойыңа оралтатын туындының сөзі мен сазы бір-бірімен үйлесім тапқанын бір естіген адам аңғарады.
Қызығы сол, қан жылған көкірек, төгілген көз жасы, езілген еңсені көз алдыңа оралтатын ән алғашында өзгеше сипатта жазылыпты.
Әнші-сазгер Болат Есмұхановтың інісі 1969 жылы әскер қатарына шақырылып, оларды ауылда шығарып салуға арналған жастар кеші өтеді. Басқосуда анасы мен баласының қимас көңілін көрген композитор Жақсыгелді Сейілов жүрегін саз қозғайды. Сөзін алғаш Болат Есмұханов жазады. Әнді өздері орындап жүреді. Бір жолы Болат ақын Аманжол Шамкеновтің кітабын оқып отырып, кейінгі нұсқаға айналған сөзге кезігеді. Қайта оқып қараса, өздері жазған әнге сұранып тұрған мәтіндей көрінеді. Ойын Жақсыгелдіге жеткізеді. Алғашқыда ағасының бауырына арнап жазған әні бұл мәтінде мүлде жаңа реңге ие болады. Алғаш Люция Төлешова орындауында бүкілодақтық конкурсқа қатыстырылып, жүлдеге ие болған шығарма кейін талай әннің бағын ашады. Халық үшін қастерлі болуының бір сырын композитор әннің сөзімен тікелей байланыстылығын үнемі айтумен жүреді.

Ешқашан қартаймайды
Алты бірдей тілде шырқалған «Анашым» атты әнді бүгінде исі қазақ түгел біледі. Халық ұнатқаны сонша, мазмұны жатық, сазы иірімді ән сөзіндегі «Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды» деген жолдар тіпті тұрақты тіркеске айналып үлгерген.
«Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген туады қайшылықта» дегендей кез-келген шығарманың шығу жолы, өзіне тән тарихы болады. Қазаққа «Анашымдай» ән сыйлаған композитор ол күндерді былайша еске алады.
Марат Омаровтың анасы отыздан енді асқан шағында азаматынан айырылып, жеті баласымен қалады. Ең кенжесі небәрі бір жасқа толғанда осындай қиындықпен бетпе-бет келген қайсар жан тағдыр сынағына мойымай, балаларына әке де, ана да болып, қатарға қосады.
1988 жылы әнші-сазгер Алматыдағы «Сазген» фольклорлық ансамблінде жұмыс істеп жүргенінде бір киноға түсуге кетіп, ұзақ уақыт анасына бара алмайды. Қапшағайдағы түсірілімдердегі күндердің бірінде анасы сауқатын арқалап, іздеп келеді. Жатақханададан ұлын таба алмаған әзиз жан 3-4 күн баласының бөлмесінде қонып, сол жердегі студенттерге дастарқан жайып, пісіріп әкелген бауырсақ, еттерін шығарып, бір тойдырады. Жұмыс аяқталысымен жатақханаға келсе, оған бәрі: «Сенің мамаң келіп кетті. Өз анамызды көргендей болдық. Тегін тамақ іштік», – дейді. Бөлмесіне барса, бір бұрышында бір сөмке қалдырыпты. Ашып қараса, ішінде әкелген киімдері бар екен. Оларды қолына ұстай отырып, Омаров анасын қатты сағынғанын сезінеді. Ұйықтайын десе, көзі ілінбейді. Төсекте дөңбекшіп жатып, жастығының астынан анасы жазып кеткен хатын тауып алады. Онда: «...Сенің маңдайыңнан әкең де сипай алмай кетіп еді. Іздеп келсем, жоқ екенсің, өзіңді қатты сағындым. Хабарласып тұрсайшы», –деген жолдар жазылыпты. Оқып, көз жасына ерік беріп, қабырғада тұрған домбыраны қолға алады.
«Көкірегімде осы кезде мұңды бір мелодия ойнай бастады. Сол кезде санама осы кісінің жүрегіндей дарқан қазақтың кең даласындай анамды жырлап өтейінші деген ой келді. Осы идея маған шабыт берді. Құсман Игісінов деген ағамыз: «Қайрат Жұмағалиев деген ақын бар. Қазір ол кісінің де анасы 94 жастан асып кетті. Ол да әкесінен ерте айырылып, жалғыз анасының қамқорлығында өскен. Саған өлеңін жазса, сол жазып береді», –деп кеңес берді. Қайрат ағамызға қолқа салып, сөзін жаздыртып алдым», – дейді автор.
Тұсауы «Тамаша» ойын-сауық отауында кесілген әнді елге Нұрлан Өнербаев әсерлі етіп жеткізеді.

Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
07 наурыз 2022 ж. 597 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930