Көңіл шуағы
Ана бақыты, әйел қуанышы – әр шаңырақтың, әр отбасының, ортақ Отанның мерейі. Қазақ халқы қашанда әйелдер қауымын қадір тұтқан. Өйткені наурыз – тіршіліктің бастауы болса, ана – адамзат жаратылысының бастауы.
Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақын жанашыры, қамқоршысы. Ана – ақ сүтін беріп аялайтын, баласы үшін жанын да аямайтын ардақты да абзал жан. Сондықтан да кез келген ұрпақтың өмірдегі үлкен жолы ананың ақ тілегінен бастау алады. Себебі, ұрпақ бойындағы асыл қасиет алдымен ананың ақ сүтімен, мейірімімен, игілікті тәрбиесімен дариды. Мен Қазалы қаласының қарт тұрғыны Күлсән әже туралы сыр шерткенді жөн көріп отырмын.
Жастайынан еңбекке ерте араласқан Күлсән әжеміздің өмірі өнегеге толы. Ауданға танымал болған, көп жыл есепші қызметін атқарған Кәніш атамызбен шаңырақ көтеріп, бұл күнде ұрпағымен жапырағы жайқалып отырған мәуелі бәйтерек. Атамыз өмірден озса да, шаңырағын тік ұстап отырған ер мінезді ана.
Күлсән әжемізді «Келіндер мектебінің», «Аналар мектебінің» ұстазы десек артық айтқандық емес. Өйткені қара шаңырақта үлкен баласы Темірбектің қолында Зұлқиядай келінімен, Әсел мен Жадырадай немере келіндерімен бақытты өмір сүруде.
Өзінің мейірімділігімен, алақан жылуымен, балаға деген құштарлығы арқылы Кәніш ата екеуі үш ұл мен бес қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларынан өрбіген 29 немере мен 23 шөберенің сүйікті әжесі. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» медалін омырауына тақты.
Бұл күндері тоқсан бірдің көктемін қарсы алып отырған әжеміз өз өмірі туралы: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды әлемге танытты. Қазіргі заманның балалары бақытты. Оқысын, білім алсын, мамандық алсын, өсіп-өнсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Ұрпағымыз көбейе берсін!», – дейді.
Ұрпағымен мақтанар Күлсән Исмайлова әжеміздің көңіліндегі балаға деген махаббаты көктегі күннің шуағындай елжірейді.
Шәрбану БАЕКЕЕВА,
Қазалы қаласы