Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр сұлуы, қайдасың?

Сыр сұлуы, қайдасың?

«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын тесері бар» дегендей, есті, мағыналы мәнділері ескірмей, халық жадында ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жаңғырып отырады. Сондай ұлтты ұйытып, терең де, әуезді ырғағы, жүрекке жылы, құлаққа сіңімділігімен сүйіспеншілікке бөленген әннің бірі – «Сыр сұлуы».
Шығарма мәнділігімен жалпақ жұртқа сіңімді болған өміршең туынды, өлмес мұраға айналып үлгерген.
Жайраңдап жазда ағатын еді,
Есімде қайран Сыр сұлу.
Таңертең сонда баратын еді,
Толқынға құмар бір сұлу, – деп басталатын әнді исі қазақ түгел біледі. Тіпті түбі бір бауырлас ұлттар үшін де жат болмаған тынысты туындының тарихы да өзгеше.
Әннің мағыналы, иірімді болмауы мүмкін емес те еді. Себебі «қазақ вальсінің королі» атанған сұңғыла композитор Шәмші Қалдаяқовтың авторлық туындысының қай-қайсысы да талғаммен жазылған.
Бір қараған адам өзен жағасындағы арудың ажарына арналған деп ойлағанымен, мәніне бойлағанда терең иірімге үнсіз шомып, сырлық еңбексүйгіш жұрттың күрішті ырысына айналдырып, ел қазынасын қампайтуға қандай қажыр-қайратын төгетінін психологиялық үндестік арқылы аңғартады.
Көпшілікке қызықты болған атақты композитордың біздің топырағымызға табаны қашан тигені, шығарманың қалай туындағаны туралы деректер сақталған.
1964 жылдың көктемінде Жер-Анадан несіп-нәпақасын терген диқан қауым егістік алқабына бағыт түзеп, жылдағы қам-қарекетіне көшеді. Бұл кезеңде еңбек адамдарын насихаттап, дала жұмыстарына жастарды баулу Одақтың басты идеологиялық жұмыстарының бірі болғаны белгілі. Осы мақсатта Қызылордаға Шәмші Қалдаяқов шақырылады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровтың тақырып жөніндегі естелігінде сол мезет туралы жақсы жазылады.
Осы сапардан соң Шәмші жас ақын Мұхтар Шахановқа: «Болашақ әннің әлдеқандай нобайын дайындағандай болдым. Бірақ, осы кезге дейін ақ күріштің палауын қанша құмартып жесем де, оның қайда, қалай өсетінін, шыққан соң қандай күйде болатынын көрмеппін. Ал көрмеген нәрсені насихаттау қиындау», – деп ақтарыла сырын айтады. Бұл жайды қызылордалық өкілдердерге де жетікізеді. Мұнан соң жауаптылар күріштен мол өнімге қол жеткізіп, айтулы көрмеге қатысқан Сырдария ауданының Жамбыл колхозына хабарласады. Мән-жаймен танысқан колхоз төрағасы Сейітқамал Иманбаев құрметті мейманды құшақ жая қарсы алады.
Колхозда сол тұста жергілікті жеті қыздан құралған бригада болады. Құрамдағы жас күрішшілер Баян, Дариха, Әсия, Қаламқас, Арапа, Тұрғанкүл, Раушандар өнерлі жандар ғана емес, әр гектардан 52 центнерден өнім алған жас звеноводтар еді. Жергілікті сазгер Арыстан Айтбаев пен ақын Сақтаған Есмахановтың оларға арнап «Аққуымыз ауылдың» әнін шығарады. Ән әр концерттік бағдарлама сайын тұрақты репертуарға еніп, көпшілікке тарай ­бастайды.
Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен марапатталып, жүз сом ақшалай сыйлығын алған бригаданың комсомол жетекшісі Баян Құтыбаева мен Дариха Заитованың есімдері елге танылып, күрішші жасаққа қыздар көптеп келуіне бастамашы болады.
«Ауылға атақты Шәмші келеді» дегенді естіген жұрт клубқа тай-тұяғымен қалмай ағылады. Халық күткендей, әсерлі кеш болып, меймандардың құрметіне музыкалық бағдарлама арналып, ел айтқан жеті қыздың жетістігі де әңгіме болады. «Аққуымыз ауылдың» әні орындалғанда Қалдаяқов сұлулар өнерлерін жоғары бағалап, сол әсерден атақты «Сыр сұлуы» әні туындапты. Әннің сазы мен сөзі құстың қос қанаты сияқты. Бірі осал болса, оның кең шарықтауы мүмкін емес. Музыкаға лайықты мәтінді тамырын дөп басқандай етіп талантты жерлесіміз Зейнолла Шүкіров жазады.Еңбек гимніне айналған әнді алғаш М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің студенті болып жүрген Зияш Айдарова орындайды.
Ән арқау болған тағы бір толымды тірлік – 1967 жылы «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі құрылуы еді.
Дайындаған
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
25 қаңтар 2022 ж. 520 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930