Кез келген әйел бақытты болуға лайық
Әдетте, «әлеуметтік желінің әлегі көп» деп жатамыз. Әсілі, ел арасында соны тиімді пайдаланып, танымал болып жатқан жандар да бар. Олардың өз өнерлерін видеоға түсіріп, желіге салғандары көп жағдайда қызу талқыланып жатады. Ғаламтор жұлдыздарының жүктеген видеолары жоғары көрілім жинап, ел аузына ілінеді. Мүмкін, «Заманына қарай – амалы» деген осы шығар.
Сондай әлеуметтік желіде танымал болған қазалылық өнерпаздардың бірі – Айнұр Оспанова. Оның ғала
мтор кеңістігіне жариялаған видеолары ел арасында аса танымал. Сондай-ақ, «ҮouTube» каналындағы бір ғана «Ғашықпын мен неге?» деген әнінің өзі миллион рет көріліп, 600-ге жуық пікір жазылған. Эстрада жұлдызы Нұрболат Абдуллин орындайтын «Сүйгенің қайда?» атты әні 2 жарым миллион рет көрілген. 1500 жағымды пікір жинаған. Осынау жас әншімен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұхбат құруды жөн көрген едік.
Сондай әлеуметтік желіде танымал болған қазалылық өнерпаздардың бірі – Айнұр Оспанова. Оның ғала
мтор кеңістігіне жариялаған видеолары ел арасында аса танымал. Сондай-ақ, «ҮouTube» каналындағы бір ғана «Ғашықпын мен неге?» деген әнінің өзі миллион рет көріліп, 600-ге жуық пікір жазылған. Эстрада жұлдызы Нұрболат Абдуллин орындайтын «Сүйгенің қайда?» атты әні 2 жарым миллион рет көрілген. 1500 жағымды пікір жинаған. Осынау жас әншімен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұхбат құруды жөн көрген едік.
– Айнұр, саған ғаламторға видео салу идеясы қайдан келді?
– Қазіргі жаһандану дәуірінде әлеуметтік желінің ел арасындағы әсері мол. Жастардың барлығы ұялы телефонға үңіліп, түрлі парақшалардан жаңалықтар оқып отыруға құмар. Заман көшіне сай түрлі вайнерлер, өнер адамдары ғаламторға өздерінің өнерлерін, қызықты сәттерін жүктеп жатады. Әдепкіде, гитарамен ән айтып отырғанымды достарым ұялы телефонға түсіріп алса керек. Содан кейін ол ел арасында таралып кетті. Кейін «ҮouTube» каналына жүктедік. Осылайша, «әндерімді неге салып тұрмасқа» деген ойға бекіндім. Әлеуметтік желінің бір жақсы жері ауылдық жерлердегі жастардың, тума таланттардың көрінуіне, танымал болуына ықпалы өте зор.
– Жоғарыда гитара аспабында ойнайтыныңыз жөнінде айтып қалдыңыз. Бұдан басқа қандай аспаптарды игергенсіз?
– Бала күнімде гитара аспабында ойнауды марқұм әкем үйретті. Сонда ол «Қызым мына төрт акордты үйреніп алсаң, төрт жүз ән айтасың» дейтін. Балалық шағымнан ән айтуға өте құмар болдым. Үйдегі теледидардың пультін ұстап алып, айнаның алдында ән салатынмын. Кейін халық алдына шықсам деп армандайтынмын. Оқу бітірген соң фортепиано сыныбын аяқтадым. Мұнымен қатар, домбырада, флейтада ойнаймын. Сондай-ақ, ән де шығарамын.
– Өмір өзеніңіз қай жерден бастау алды? Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Мен 1986 жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Бұрынғы Счастнов атындағы №249 мектептің 9 сыныбын бітіріп, Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжді аяқтадым. Қазіргі таңда аудандық мәдениет орталығының «Мырза» атындағы ұлттық аспаптар оркестірінің концертмэйстрі болып жұмыс істеймін. Осы жерде жүріп, республикалық «Бұрымды ару» байқауының бас жүлдесін жеңіп алдым. Республикалық Кеңес Дүйсекеевтің ән кештерінде дипломант атандым. Тағы бір жерлесіміз Мәдина Ералиеваның республикалық «Ақбаян» атты кешінде «Ақбаян» бағамын иелендім.
– Жалпы, «балалық шақ» дегенде көз алдыңызға қандай көрініс елестейді?
– «Балалық шақ» дегенде алдымен әкем мен анамның маңдайымнан сыйпап, еркелеткені көз алдыма оралады. Әкем марқұм болып кеткеннен кейін, орны ойсырап тұрады. Өмірде әке мен анадан артық ең аяулы жандар жоқ екендігі баршаға аян. Ең бір балалықтың базарлы шағы солардың ортасында асыр салып жүрген кез деп білемін.
– Бүгінгі таңдағы жігіттер қауымының қыздарға деген ықылас-ілтипаты көңіліңізден шығады ма?
– Көпке топырақ шашудан аулақпын. Ол әркезде әрқалай болып келеді. Кейде жігіттердің ұсақталып кетіп жатырғаны, өсек-өтірікке жақын болып, әңгіме айтатыны, кешегі Бауыржандай батырлардың ұрпағы майдаланып кеткені көңілден шықпайды. Ер азамат негізінен сол асқақ атына лайық болса деймін. Ал, керісінше ел арасында «Жігіт» атына лайық білімді, сайдың тасындай азаматтар да бар. Қыз балаға өзінің анасындай, әпке-қарындасындай көзқараспен қарайтын ер жігіттер көп болса, нұр үстіне нұр болмақ. Негізінен, кез келген әйел заты бақытты болуға лайық дер едім.
– Ал, сіз үшін бақыт деген не?
– Мен үшін бақыт – шаңырағымның шаттығы, отбасымның амандығы. Елімде бейбітшіліктің орнауы. Күнделікті теледидардағы жаңалықтардан, түрлі видеолардан әлемнің әр түкіпіріндегі халықтардың қырылып-соғысып, небір үйлердің қирап, ішер асқа, киер киімге жарымай отырғандарын көріп жүрегің ауырады. Осы күнімізге шүкіршілік айтамын. Біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған елде өмір сүреміз. Кейде, Асан қайғы бабамыз жерұйықты іздегенде, осындай тыныштық орнаған жерді іздеді ме екен деп ойлаймын.
– Қазақ қоғамында ең ұлы өнер иесі кім деп есептейсіз?
– Біздің халқымызда түрлі өнер иелері, сахна саңылақтары көп болғандығы белгілі ғой. Қыз бала ретінде даңқты жерлестеріміз, халық қаһарманы Роза Бағланова, Мәдина Ералиевалардан асқан әншілер жоқ деп есептеймін. Ал, ең ұлы өнер иесі, менің ойымша, «Қазақ вальсінің каролі» деген аты бар Шәмші Қалдаяқов. Өйткені, оның жазған әндерінің қай-қайсысы да ел ішінде аса танымал. Қай буын болсын соның әндерін айтып өсті. Әлі де өзінің маңыздылығын жоғалтпай жастар да айтып келеді. Қазақ деген ел тұрғанда, оның керемет әнұраны тұрғанда Шәмшінің аты өшпейді деп білемін. Сондықтан мен үшін ең ұлы өнер иесі – Шәмші атамыз.
– 8 наурыз халықаралық әйелдер, аналар мерекесі қарсаңында жерлестеріңізге деген қандай тілегіңіз бар?
– «Әлемнің мәні – Әйелде» деген керемет өлең бар ғой. Сол секілді, жер шарына өзінің шуағын шашатын әйелдердің қоғамдағы орны өте зор. Біздің Қазалы ауданының қыз- келіншектеріне, әйелдер қауымына өмірдің ажары болып, гүлдей жайнап жүре беріңіздер деген тілегім бар. Әрбірінің отбасына аманшылық, дендеріне саулық тілеймін.
– Лебізіңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Есет ТАБЫНБАЕВ.