Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Құрметтілер” құрметті ме?

“Құрметтілер” құрметті ме?

Қазір зейнеткерлік кезеңді бастан өткізіп жатқан қаржы, салық саласының ардагерімін. Ата-бабаларымыздың «Үлкеннің ісі – ұлағат» деп алдыңғы буынға, кейінгіге жөн сілтеп, дұрыс бағыт беруді міндеттеген. Ардагер атымызбен ел ішіндегі көлеңкелі көрініске бейжай қарау – ұрпағымыздың алдында ұятты іс деген пікірдемін. Сондай ел арасындағы көз көріп, көңілді құлазытып жүрген тақырып төңірегінде әңгіме қаузауды жөн деп таптым.
Ауданда жыл соңында жылды қорытындылау, дарақы марапаттау мерекесі дәстүрге айналды.
«Жігіттің түсін айтпа, істеген ісін айт» дегендей қазір қарға тамырлы қазақтың абыройын асқақтатып жатқан ауқымды жұмыстар аз емес. Оған алыстағы жат та, жақындағы жұрт та куә. Бірақ сол бір елдің қуанышы мен мақтанышын кей-кейде жалғыз адамның басына үйіп-төгіп қоятынымыз бар.
«Ауданның құрметті азаматы», «Үздік мемлекеттік қызметкер», «Жыл адамы», «Жыл спортшысы»... тағысын тағы. Осындайда бәрінің атын атап, түсін түстеу, мақтау мен марапаттың астына алу кімге керек деген ойда қаласың. Бұлардың бағалаушысы кім? Қалтқысыз халқы ғана болмаушы ма еді?! Ендеше жеке бастың жарнамасын жасаудан гөрі, халыққа пайдасы тиетін игі істерді мадақтаған жөн болар. Жыл сайын «үздіктерді» көрсетіп, ай сайын азаматтардың рейтингісін анықтап, қара сөзден қаймақ тартқаннан көпке керегі шамалы. Естісін есейтіп, есерін еркелетіп отырған жұрт жақсы мен жаманның ара жігін өзі-ақ ажыратып отырғаны белгілі.
«Бала атадан батпан артық туса – елге мерей, Жақсыдан жасық туса – елге сын» деген бар. Бірақ ел үшін екеуі де өз ұлы. Біреуін бауырына тартып, біреуін сыртқа теппейді. Олай болса, ел басқарған шенділер мен шекпенділердің өзгеден биік тұруы мүмкін бе?
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай көпшілік марапаттан кенде болған жоқ. «Жау-жау медаль, жау медаль» деген мақал да осы тұста айтылып қалған.
Жылтыр жауһар таққандардың қатарынан қарапайым көше сыпырушы, өмірлерін қатерге тігіп, «COVID-19» вирусымен алысқан инфекциялық аурухана қызметкерлеріне немесе басқа да бақытын еңбектен тапқан тұрғындарды көре алмадық. Марапаттардың көбін қазіргі шенділер мен бұрынғы шекпенділерге берілгенін былайғы жұрт байқады.
Сонымен қатар жылдағы үрдіс бойынша жыл соңында 17 адамға «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
«Қазаншының еркінде, қайдан құлақ шығарса» дегендей, әрине, ешкімнің марапатын қызғанбаймыз. Бірақ «Құрметті азамат» атанған кісілердің қандай еңбегі, нендей қызметі үшін берілгені жабулы күйінде қалды. Оларды неге БАҚ, әлеуметтік желілерде жарияламады. Сонда бұл ауданның ең жоғарғы атағын жасырып беру ме? Әлде марапаттау комиссиясында саралау барысында шикілік болды ма?
Бір қызығы, ауданның құрметті ең жоғары атағы берілгендердің белгі тақтайшалары мәрмәр тастан қашалып, Әйтеке би кенті ғимаратының алдындағы орталық алаңда орналастырылған. Жақында кент әкімдігі алаңдағы қыстай жауған қарды сыртқа шығармай, тақтайшаның сыртына тау-тау етіп жинап тастапты. Үлкен екі қанатты құрмет тақтасының астын ыза кеу­леп, сылақтары түсіп құлау қаупінде тұр. Сонда ауданның «құрметтілеріне» жасаған құрметіміз осы ма?
Бүгінгідей сындарлы шақта ең маңыздысы – атқарылып жатқан істерді мадақтап, оларды үлгі ету. Бізге керегі лайықтыларды көрсете отырып, өзгені соған ұмтылдыру, насихаттай жүріп жетелеу, көңілдегі қуанышты жеткізу. «Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену». Ел үшін еңбек етіп жүрген есіл ерлердің ісін бағалау.
Қоғам – құнды істермен қалыптасып, көркейеді. Халықтың мерейін асырар ұл-қызына жұрт тілектес. «Ұлтым» деп жүргенімен «құртып» жүргендердің бар екенін ескерейік. Сол үшін біреудің беделінен гөрі, еткен еңбегімен еленгені жөн болар.
Кемал КӨПЖАСАР
01 наурыз 2022 ж. 296 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031