Елордада «Халық сүйіктісі» сыйлығы тапсырылды
«Әрбір қазақстандық халықтың сүйіктісі болуға тырысады. Қолынан келгенше соған қызмет жасайды. Бүгінгі байқаудың соған арналғаны біз үшін өте қуанышты. Қазақ еліне қызмет істеп, қазақстандықтардың абыройын басқа елдерде көтеріп жүрген азаматтар көп. Дегенмен, қазақ айтпақшы, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар« болғандарды 9 жылдан бері анықтап келе жатқан «Халық сүйіктісі« сыйлығының орны ерекше», - деді салтанатты шара барысында жылдың спорт пен мәдениет саласындағы үздіктерін марапаттауға шыққан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Сонымен вице-премьер «Жылдың үздік спортшысы» аталымымен дюздошы Елдос Сметовті, «Жылдың үздік спортшы қызы» аталымымен мәнерлеп сырғанаушы Элизавет Тұрсынбаеваны, «Алтын дәуір» арнайы жүлдесімен Мұхамеджан Төлегенов пен Анатолий Құлназаровты, «Жылдың үздік мәдениет қайраткері» аталымымен әнші Димаш Құдайбергенді марапаттады.
Ал «Жылдың үздік мұғалімі» Нұр-Сұлтан қаласындағы экономикалық лицейдің мұғалімі Ербол Әренов пен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Түймеш Дәрішева, «Жылдың үздік дәрігері» ҚР ПІБ №1 МОАхирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талапбек Әженов атанса, «Жылдың үздік парламентарийі» Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев болды. «Жылдың әлеуметтік жобасы» құрметті сыйлығы Шаттық Сүйінішоваға, «Жыл әскери адамы» құрметті сыйлығы суға батқан 2 жасар баланы құтқарып қалған әскери қызметші Әлішер Табылдиевке, «ТМД кеңістігіндегі мәдениетаралық диалог үшін» құрметті сыйлығы ресейлік суретші Никас Сафроновқа берілді.