Мерекедегі мерей
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында 2020 жылды қорытындылауға арналған жиын өтіп, үздіктер марапатталды. Басқосуға ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар мен әр саланың мамандары қатысты.
Жылды қорытындылауға арналған жиында 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жылы қолға алынатын жобалар жайы сөз болды.
– Өздеріңіз білесіздер, биылғы қиындықтарға қарамастан ауданда көптеген жұмыс атқарылды. Әр салада қол жеткізген жетістіктерімізді келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін жаңа жобалар дайындап, қаржы бөлдіруге қол жеткіздік. Бұл қаржыға алдымен биыл құрылысы басталған жұмыстарды жалғастыратын боламыз.
Амандық болса келесі жылы осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолын аяқтаймыз. Сонымен қатар, «Қарлаң» мен Қожабақы елді мекені, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдарды да жөндеп бітіреміз, – деген аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы тағы басқа көптеген жобаны тілге тиек етті.
Мұнан соң аудан басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, марапаттау рәсімін бастады.
Босқосуда медицина саласының ардагері Сержан Берден, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері Райымбек Баекеев, Есенкелді Мали, Нұрлан Қожаназаров, су шаруашылығы саласының ардагері Қуандық Санаев, мәдениет саласының ардагері Орақ Баубек, «ЮгГазПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жылқайдар Тәңірбергенов, теміржол саласының ардагері Жақсылық Көрпебай, еңбек ардагері Байғабыл Әбсұлтанов, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Алғашбай Байкөбеков, республикалық арнайы экономикалық аймақ басшысы Нұрлан Көпбосынов, «Nur Otan» партиясының Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мамбетжан, ҚР Ішкі Істер Министрлігі Медиа орталығының бас директоры Әлімжан Жарылқағанов, «Сыр бойы», «Халық» газеттерінің Қазалы, Арал ауданындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Оразғали Бекбановқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, білім саласының ардагері, аудандық білім беру саласының ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Серік Қуанышбай Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар, бірқатар сала үздіктеріне «Жыл демеушісі», «Жылдың үздік журналисі», «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі», «Жылдың үздік кәсіпкері», «Жылдың үздік сақшысы», «Жылдың үздік құрылысшысы», «Үздік ауылшаруашылық қызметкері», «Жылдың үздік ұстазы», «Үздік мәдениет қызметкері», «Жылдың үздік спортшысы» номинациялары табысталды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат