Жұмыссыз жас жайы алаңдатады
Қазалы ауданындағы жұмыссыздық мәселесі қаузалып келе жатқанына біршама уақыт болды. Әлі де айтылары аз емес. Бұл тақырыпты көтере беруден жалықпаймыз. Осы тұрғыда қолға тиген мәліметтер таңқалдыруда. Екі қолға бір күрек тапқандар мен жаңа кәсіп бастаған жастар туралы сандар көзге сиғанымен, көңілге күдік ұялата береді.
Жергілікті жерде шаруасыз жүргендердің басым көпшілігі жастар. Пікірлессеңіз, дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ екенін айтады. Әсілінде бұл түйткілге бір жақты қарау әбестік. Себебі жастар арасында «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейдінің» керін келтіріп жүргендер де бар. Жұмыссыз жастарға қатысты қолға тиген ақпараттар не дейді?
Өткен айда аталған мәселе бойынша аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан мәлімет алдық. Орталық директоры Әділхан Әбіловтың сөзіне сенсек, былтыр аудан бойынша жұмыс іздеуші ретінде 29 жасқа дейінгі 1962 жұмыссыз жас хабарласқан. Оның 918-і жұмысқа орналасты десек, қалғаны кезегін күтеді. Ал биылғы жылғы тіркеу енді басталып жатыр екен. Олардың нақты саны әзірге белгісіз. Бірақ ретімен жолдама жалғасын тауып отырады. Астарына үңілсек, бір жылда өтінім берген жас 2000-ға жуық болса, оның тек жарты бөлігі ғана нан тауып жүр. Ал қалғаны қай күні қай жерден ақша түседінің кейпін киіп жүр. Биыл тағы осындай ақпар тіркелсе, оның бір бөлігі шаруамен айналысады. Екінші бөлігі жауаптылардан хабар күтіп, телефонға телмірумен болады. Жыл сайын 1000-ға жуық жас осылай сенделуде.
Бүгінде бүгінде жергілікті жерде 780 жас шаруасын ширатып отыр. Енді 780 жас кәсіпкері бар ауданның жағдайын елестетіп көріңіз? Ел ішінде жас болса да, бас болып, өз кәсібінің нәсібін көріп жүрген жастардың көбейгені қуантады. Бірақ ол кәсіпкерлер қазір қайда, немен айналысады? Әлде кәсіпкерлікті қолдау бойынша грант алуға тіркелгендердің барлығын кәсіпкер етіп шығара береміз бе?
Ұрпақтар сабақтастығы туралы естідіңіз бе? Ол бірінші адаммен екіншісінің орын алмасуы. Тереңіне үңілсек, бір мекемеде қызмет еткен жан зейнетке шығар алдында сол салада құжаты бар жас маманды қасына алып, шаруаның қыр-сырын 6 ай үйретуі қажет. Сосын зейнет демалысына шыққанда, әрі қарай көргенін жас маман жалғастырады. Осылай біріншінің орнын екіншісі толықтырады. Бірақ осы бір ұрпақтар сабақтастығы ретімен болып отыр деп айта алмаймыз. Өйткені бүгінде бейнетінің зейнетін көретін жасқа жеткендер, үйренісіп қалған жерін қимайды. Қазірдің өзінде аудандағы бюджеттік мекемелерде 47 зейнеткер жұмыс жасауда. Олар қаншама жас жұмыссыз жүргенін білсе де, орнын босатқысы келмейді. Мұнан соң «Жастарға жұмыс жоқ» деп кесіп айту қиын.
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Десек те, жұмыс іздеген жастар қатарын азайту үлкен күшті талап етеді. Жауаптылар қажетті шараларды қолға алса, мұндай жандардың қатары азаяр еді. Ал кей жастар «Алма піс, аузыма түс» демей, Хәкім Абайдың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзін есте мықтап ұстауы қажет.
А.ЖОЛТЕРЕК