Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар неге жұмыссыз?

Жастар неге жұмыссыз?

Ауданда жұмыссыздық мәселесі күйіп тұр. ­Басым көпшілігі ­жастар. Сұрасаңыз, бір-екі дипломы бар, бірақ жұмыс жоқ. Расымен жергілікті жерде жасөсіпірімдерге жұмыс жоқ па? Әлде бұл «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейдінің» кері ме? Жалпы олардың жұмыссыз қалуына кім кінәлі?

Жауаптылардан жауап
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сенсек, өткен жылы аудан бойынша мұнда жұмыс іздеуші ретінде 29 жасқа дейінгі 1962 жұмыссыз жас хабарласқан. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхан Әбіловтың айтуынша, аудандағы жұмыссыздық деңгейі жылдан жылға азайып келе жатыр.
– Өткен жылы қоңырау шалған жастың 918-і жұмысқа орналасты. Оның 21-і әлеуметтік жұмысқа, 109 жастар практикасымен болса, 409-ы ақылы қоғамдық жұмыс негізде. Одан бөлек несие алып, кәсіпкерлік бағытта грант жеңіп алып жатқандар қаншама. Негізінен кез келген жас жұмыссыз болып тіркелгеннен кейін ақылы қоғамдық жұмыс, не жастар практикасы жөнінде болсын, кезек-кезегімен жолдама беріледі. Былтыр жыл басынан бері 12 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Мұның да нәтижесі жаман емес. Ал биылғы жылғы тіркеу енді басталып жатыр. Олардың нақты саны әзірге белгісіз. Бірақ ретімен жолдама жалғасып отырады. Тағы бір айта кетерлігі бұрын «Алғашқы жұмыс орны жобасының» шекті уақыты 1 жыл болса, осы жылдан бастап бір жарым жылға ұзартылды. Жастар практикасы 6 айдан 1 жылға созылды, – дейді басшы.
Айта кету керек, жастарды жұмыспен қамту – нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының басым бағыты. Осы бағдарлама аясында жастардың жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында, алғашқы жұмыс орнына орналасуы үшін, жастар тәжірибесі енгізілген, бұл уақытта еңбекақыны мемлекет төлейді, жалақысы аз болса да, маманның тәжірибе жинақтап, ары қарай жұмысқа орналасып кетуіне ықпал етеді. Алайда бұл бағдарлама өткен жылмен тәмамдалды. Ал әрі қарай қалай болады дегендер үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба күшіне енді. Алайда әзірге ережелері белгісіз күйінде болып отыр. Сондай-ақ бұрын берілетін гранттар 200 АЕК болса, биылдан бастап 400 АЕК болған.

Жұмыссыздар қоғамға қауіп төндіре ме?
Жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаевтың айтуынша, жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне еңбек нарығында жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді. Жастар әрқашан дүниеге «кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімділік секілді мәселелер туындайды.
Саясаттанушы Гүлден Жоламанова «жұмыссыз жастардың экстремистік және террористік топтарға еруі – негізгі қауіп» деп санайды. Бүгінде халықтың осал топтарын, әсіресе жұмыссыз жастарды деструктивті құрылымдарға әлеуметтік желі немесе қолма-қол қаржылай көмек көрсету арқылы тартудың түрлі тәсілдері бар.
Ал психолог Ақтолқын Амантаеваның пікіріне сүйенсек, жұмыссыздық жастардың өмір сүру сапасының нашарлауымен тығыз байланысты, ол өз кезегінде қылмыстың өсуі және жасаруына әкеп соғады.
– Жастардың өз орнын таба алмауының салдары оларды қылмыс әлеміне ұрындырып, құқық бұзушылардың қатары жасарып жатыр. Мәселен, жұмыс болмаған соң, кіріс болмайды. Демек, ақша жоқ. Ал өскіндер осыдан соң теріс қылыққа, яғни ұрлыққа баруы әбден мүмкін. Одан қалды жеңіл жолмен келетін қаражатқа құнығып, құмар ойын ойнап, қарызға белшесінен кіреді. Денсаулығына зиянды әрекеттермен айналысып, темекі, алкоголь өнімдерін пайдаланады. Байыбына барсақ, мұның барлығына жастар айналысатын шаруасы, ойын бөлетін жұмысы болмаған соң барады.

Жастардың өзі не дейді?
Республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әлеуметтік зерттеуінің нәтижесімен бөліскен еді. Аталмыш зерттеуге сүйенсек, орталықтың сауалнамасына жауап берген жастардың басым көпшілігі (61,1%) жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын атаған. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан жастардың үштен бір бөлігі ЖОО мен кәсіптік оқу орнында алған мамандық бойынша орналасудың қиын екенін айтады.
Жоғарыда айтылған себептерден бөлек, сарапшылар тағы да бірқатар мәселелерді атап өтті. Онда жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы, таныстықтың жоқтығы, еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы көрсетілген.
Бүгінде жұмысы жоқ көп жаспен тілдесе қалсаңыз, «Түйіндеме тапсырсаң, хабарласатындарын айтып, шығарып салады. Одан кейін қоңыраудан үміт үзіп қара шаруаға кірісуге тура келеді. Жұмыс табу үшін де таныс керек» деп шыға келеді. Дегенмен жас азаматтың бірі Нұрлыбек Әблез бұл пікірді құптамайды. Оның айтуынша, «Алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып қарап жатуға болмайды. Барлығы адам баласының өз қолында.
– Жастар арасында мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Тізбектесек, жұмыссыздық, кадр тапшылығы, жас мамандарды баспанамен қамту, вандализм, жастардың қоғам өмірінен алшақтап кетуі, тағысын тағылар. Ұлы Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демей ме?! Міне, бар мәселенің бастауы жұмыссыздықтан басталады. Қазір жұмыс таңдайтын заман емес. Бұл сөзді оқығанда көпшілігі шошынып қалары сөзсіз. Кей дипломы бар азаматтарға «бір жерге адам қабылдап жатыр, түйіндемеңді ұсынып көр» десең, оның қиыншылығына қарап, қашқақтайтындар айналамда толып жүр. Яғни бар мәселе – жасөспірімдердің жалақысына немесе жағдайына қарай жұмысты таңдауында болып отыр. Сырт көзге оңай көрінгенімен барлық қызметте қиыншылық жетіп артылады. Сондықтан ең бірінші табылған жұмысты таңдап емес, табылғанына қуанып еңбек ету керек, – дейді ол.

Мәселенің шешімі қандай?
«Жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы – қазіргі білім жүйесін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру», – деп тұжырымдайды сарапшы Айман Тұрсынқан. Оның пікірінше, жастардың еңбек нарығына біртұтас интеграциялануы үшін білім беру жүйесінде әрбір кәсіби деңгей үшін бәсекелестік негіз жасалуы керек екен.
Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары бұл мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынады, соның ішінде жастардың арасында еңбек құндылықтарын қалыптастыру және көтеру, жұмысшы кәсіптерді танымал етуге бағытталған ақпараттық жұмыстарды кеңінен жүргізу бар. Сарапшылардың пікірінше, жастар арасында кәсіпкерлік дағдыны қалыптастыру, университет бағдарламасы шеңберінде кәсіби тәжірибені ұйымдастыру, кәсіптік білім беру сапасын арттыру, үздіксіз білім беру принциптеріне негізделген мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың баламалы тәсілдерін қолдану сынды шаралар қалыптасқан ахуалды жақсартуы мүмкін.
Әрине еңбек етемін деген жанға жұмыс жетерлік. Дегенмен оқыған еңбегіңе өз мамандығыңмен қызмет қылғандай болмайды. Міне, бүгінгі жастың басым көпшілігі осыны мақсат етіп жұмыссыз қалып жатқан секілді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

23 қаңтар 2022 ж. 2 444 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031