Қой баққан озар
Бүгінде мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүмкіндік ұсынып отыр. Сондай оңтайлы жобаның бірі – көпбалалы отбасыға өтеусіз гранттың берілуі. Бұл қаражатқа олар өз кәсібін ашып, жүргізе алады. Қол қусырып қарап отыруды жөн көрмейтін Русланбек Ниязбаев осы жеңілдікті алғанына алғысы шексіз. Осындай мүмкіндік Русланбектің көптен ойында жүрген ісін жүзеге асыруға бірден-бір көмек болды. Инновациялық грант алып, 15 бас тоқтыны ауласындағы қорада бағуда.
– Қандай да бір іс бастау үшін бәрі қаражатқа келіп тірелетіні анық. Мен де отбасымның тұрмыс жағдайын көтеруге өз үлесімді қосуды ойлап жүргенмін. Жұмыссыз болған соң жұмыспен қамту орталығына бардым. Ондағы мақсат қандай көмек алуға болатынын білгім келген. Мамандар біраз мағлұматты алға тартып, инновациялық қайтарымсыз грант алуға кеңес берді. Мұны естіген соң қуаныштан төбем көкке жетті. Кәсіп ашу үшін аудандық кәсіпкерлер палатасында бір айлық оқу курсынан өттім. Сабақ барысында кәсіпкерлікті игеру жолдары мен қандай құжаттар қажеттігін біліп, оларды қалай рет-ретімен қолдануды үйрендім. Көп идеялар туындады.
Оқу курсында интернеттің мол мүмкіндіктері түсіндірілді. Сол арқылы өнімді өткізу, мал шаруашылығын дамытудың озық тәсілдері айтылды. Бір ай қызықты ақпараттарды игерумен демде өте шықты. Ісіңді жүргізуде қажетті біраз дүниеге қанықтым. Облыстағы мамандар алдында тікелей эфирде бизнес жоспарымды қорғап шықтым. Қазір отбасыммен бірге тоқтыларды күтіп-баптаудамыз, – деген Русланбек өз қуанышымен бөлісті.
Ол мал шаруашылығын дамыту инновациялық жобасын жүзеге асыруға 583400 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Аталған гранттық қаражат жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерге инновация бағытында ерекшеленетін және жаңашыл жобаларға қайтарымсыз негізде және кепілсіз беріледі. Жобасын ұсынуға талаптанған әрбір кәсіпкер алдымен ақысыз негізде өткізілетін “Бизнес кеңесші” оқыту жобасынан өтуі тиіс.
Русланбек Мейрамбекұлы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалынан грантқа қатысу талаптары бойынша бірнеше мәрте кеңес алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Көпбалалы әкенің айтуынша, мал ұстағанда береке бар. Осы ұстанымды ту еткен жас кәсіпкер “Ниязбаев” атауымен жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұйырса, Шопан ата тұқымының басын көбейтуді көздеп отыр.
Бүгінде кәсіпкер жан жары Ақсамалмен бірге Рамазан, Раяна, Кәусар мен Хамза есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. Русланбек келешекте уақ малмен бірге сиыр мен жылқы асырап, кәсібін ұлғайтуға ниетті.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА