Қайтарымсыз қаржы – береке бастауы
Соңғы уақыттары мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша қайтарымсыз грант бөлініп, қаржы берілді. Мұндай өтеусіз қаражатқа жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы жастар қол жеткізді.
“Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларын бекіту туралы қаулысына өзгерістер енгізілді.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қағидалар бойынша “Бастау бизнес” жобасы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен, болмаса қайта даярлау оқуын аяқтаған жұмыссыз, қайтарымсыз грант алуға үміткер болып табылады. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері, оралман мен қоныс аударушыға “Бастау бизнес” жобасы мен кәсіпкерлік негіздерін меңгермей грант ала алады. Кәсіпкерлер үшін заңды тұлға ретінде жеке кәсіпкер мәртебесі бір жылдан кем болмауы тиіс. Өтеусіз негізде 555600 теңге көлемінде берілетін қаражат еңбек құралдарын, технологиялық жабдық, төрт түлік, құстарды сатып алуға, сонымен бірге коммерциялық жылжымайтын мүлік пен сауда объектілері, жалға алу мен пайдалану ақысы ретінде нысаналы мақсатта беріледі.
Осындай берекелі қаржыға Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғыны Жансерік Бекжасаров та қол жеткізді. Қазір ол бөлінген ақшаға екі бұзаулы сиыр алып, баптауда.
– Қайтарымсыз грант тұрғындарға біршама көмек болғаны шындық. Шағын кәсіп ашуға едәуір жеңілдік берді. Ол үшін артылған үміт пен жауапкершілікті ұғыну керек. Себебі кез келген кәсіпкер жедел кәсібін дөңгелете алмайды. Күнделікті тынымсыз еңбектеніп, ізденіс үстінде болғаны абзал. Бұл жоба бойынша жас кәсіпкерлер ірі кәсіп иелерінен сабақ алып, жеке бизнес бағытында мол мағлұматқа қанықты, – дейді Жансерік.
«Бизнес бастау» жобасында 25 күндік оқу аяқталған сәттен бастап талапкер бизнес жоспарын әзірлейді. Орындай алмаған жағдайда аудандық кәсіпкерлік палатасы бағдарлама шеңберінде көмектеседі. Аталған бағытта 1 айға жуық оқығандарға біржолғы степендия төленеді.
Жалпы мұнда белгілі бір кәсіпті игермейсіз. Бизнес-тренерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, саладағы заңнамалар, маркетинг стратегия, салыққа қатысты мәліметтерден хабардар етеді.
Жансеріктің айтуынша, оқу курсы өз ісін бастаушыны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге, бизнес-жоспарларын әзірлеп беруге тегін көмектеседі. «Бизнес бастау» арқылы кәсібін дөңгелететіндер 555600 теңгелік қайтарымсыз гранттан бөлек, кәсіпкерлігін дамыту мақсатында жылдық 6 процентпен шағын несие ала алады.
Келешекте жас кәсіпкер жеңілдікпен несие алып, мал басын көбейтумен айналысуды көздеп отыр. Ірі қараны асылдандырып, бордақылауды жоспарлауда. Оған арнайы жер алып, қора салып қамдануда.
Әңгіме барысында еңбекқор жігіт әлемде ең көп жасайтын елдердің ішінде тау халықтары жүз жастан асқандар ғұмырының ұзақ болу себебін зерттегенде олардың негізгі тағамдары әркашан да піскен сүт, айран, қаймақ, ірімшік, тағы басқа да сүт өнімдері екені анықталған. Өзге де Шығыс Африкадағы кейбір тайпа тек ғана сүт өнімдерін қорек еткендіктен жүрек, қан тамырлары, инфарктке өмірі шалдықпаған деген деректі мысалға келтірді.
Ғылыми тұрғыда сүтте тірі организмдердің өсуі мен дамуы үшін қажетті заттың екі жүзге жуық түрі бар екенін ғалымдар дәлелдеген. Олар ақуыз, май, минерал тұзы, түрлі дәрумендер, сүт қанты, түрлі ферменттер тағы басқалары, оның үстіне осылардың бәрі адам ағзасына жұғымды, әрі тез сіңетіні анық деген ойын жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА