Халық санағы: биыл санақ парағына жаңа сұрақтар енгізілді
2021 жылғы Ұлттық халық санағы аясында азаматтарға олардың экономикалық, әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй жағдайларының жай-күйі және т.б. туралы 91 сұрақ қойылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады.
«Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан (69 сұрақтан және 22 нақтылаушы сұрақтан) тұратын санақ парақтары әзірленді. 8 сұрақ бірге тұратын отбасы мүшелеріне қатысты болады; 8 сұрақ және 3 сұрақ – тұрғын үй жағдайы, 60 сұрақ жеке басына қатысты болады және т.б.», - деді Айдапкелов.
ҰСБ басшысы дәстүрлі көрсеткіштермен қатар биыл санақ парағына жаңа сұрақтар енгізілгенін атап өтті. Оның ішінде респонденттің халықты санау кезіндегі орналасқан жері; өмір сүру мүмкіндігнің шектелуі; ҚР аумағында уақытша тұру үшін басқа елден келуі; келу мақсаты және басқа да бірқатар мәселелер бар. Сұрақтардың жеке блогы COVID-19 ауруы мен вакцинация және пандемияның табыс деңгейіне әсері туралы болады», - деді ол.
Сондай-ақ, санақ парағына көші-қон жөніндегі, неке жағдайы туралы, жұмыспен қамту жөніндегі, тілдерді меңгеру дәрежесі туралы және діни ұстанымы туралы сұрақтар енгізілген.
«Санақ қорытындысы экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады», - деп қорытындылады Бюро басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылғы Ұлттық санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді. Оған онлайн режимінде де, дәстүрлі түрде де қатысуға болады.