Түйе тұқымын түлеткен
Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Қонысбай Ниеталы “Руслан” шаруа қожалығын құрып, дамытуда. Жақында ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қызылорда филиалынан он жылға 30 миллион теңгеге несие рәсімдеді. Қомақты қаражатқа екі бура мен 34 бас аналық түйе сатып алды. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының арқасында түйе басын көбейтудің қамын жасап жатыр.
Оның айтуынша, Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры Еңбек бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға арналған несие береді. Қаржы жеке кәсіпкер, шаруа қожалығы, заңды тұлғалар сынды мақсатты топтарға ұсынылады. Бөлінген қаражат арқылы ірі қара малы, жылқы, қой мен ешкі және жем-шөп сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Несие 10 жылдық мерзімге 6 проценттік жеңілдікпен беріледі.
Бүгінде Қонысбай Жеткергенұлының иелігінде 1190 гектар аумақты алып жатқан жері бар. Мұнда түйеден бөлек 150 бас жылқы бағады. Ал Қарақұмда 100-дей қой-ешкі 150 бас сиыр ұстайды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 адамды алып отыр. Сондай-ақ қосымша тағы 2 мал бағушыны жұмыспен қамтуда.
Жалпы іскер жан атакәсіппен 16 жылға жуық уақыт айналысып келеді. Негізгі мамандығы зоотехник. Алғашында “Сыбаға” бағдарламасымен несие алса, кейін ауылды қаржылай қорынан қаражат алады. Бұған дейін “Казагрофинанс” арқылы “МТВ-80” тракторын, шөпті нығыздайтын техника мен «КамАз» автокөлігін алған. Төрт түлікті түлетуде тәжірибесі де аз емес. Шәкен ауылында бірнеше жыл шаруа қожалығын басқарған.
– Біз дала еңбекерлеріміз. Малды бағып, оның бабын жасау қанмен берілген деп есептеймін. Қаншама мал басын қарау үшін арнайы құрал-жабдық қажет. Шөп орып, жинау мен тасуға адам күші әрі уақыт жетіспейді. Сондықтан арнайы техника алып, жұмыс барысын жеңілдетуге тырысамын.
Қазір сиыр сүтін сауып, айран мен құрт, ірімшік өнімдерін ауылдағы тұрақты тұтынушыларым мен аудан орталығындағы сауда орындарына өткіземін. Бәрі табиғи таза өнім болғандықтан лезде сатып алушы табылады, – дейді Қонысбай Ниеталы.
Еңбеқор кәсіпкер қазір зейнет жасында. Соған қарамастан ширақ әрі тың. Себебі таң атпастан, мал жайлағандықтан дене ширап, қан айналымы жақсарады екен. Қашанда маңдай термен тапқан нан берекелі болатынның дәлелі – төрт түлік өсіру десек қате айтпаймыз.
Алпысты алқымдаған ағеден жанның алға қойған жоспарлары көп. Енді осы қолда бар шаруашылық төлін 1000 басқа жеткізуді бұйыртсын деген тілек білдірдік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА