Сапа кепілі санаулы секундта
Жаңалықтардың жаршысы боп 2018 жылы қаңтар айынан бастап пайдалануға берілген ауданаралық аурухананың бүгінгі тіршілігімен танысып қайттық. Жоспарлы түрде 188 кереуетке есептелген мекемеде қазір барлығы 160 дәрiгер, 751 орта буын медицина қызметкерлерi жұмыс атқаруда. Соның ішінде 38 жоғары санатты, I санатты 35, II санатты 29 дәрiгер бар екенін атап өту керек.
Заманауи аппараттар, озық технологиялармен жабдықталған аурухана – елдің талабынан шыққан таптырмас орын. Күндізгі стационар бойынша мұнда терапия, хирургия, балалар бөлімі, гинекология, кардиология, тері-жіңішке аурулар бөлімі белсенді жұмыс істейді.
Ал кент пен қаланың ортасынан ерекше көзге түсетін еңселі ғимараттың тіршілігіне көз салғанның көңілінен күдік сейіліп, жарқын болашаққа деген сенімі артары сөзсіз.
Өткен жылы мұнда барлығы 6509 науқас ем алған. Басқа аудандармен салыстырғанда аурухананың хирургиялық белсенділігі өте жоғары. 2020 жылдың өзінде 900-ге жуық түрлі деңгейде ота жасаған.
2019 жылдың қыркүйек айынан бастап Ангиограф медициналық аппараты іске қосылып, Қазалы, Арал, Қармақшы тұрғындарының денсаулық сапасын арттыруға сүбелі үлес қосып жүр. Тиісті мамандар оқытылып, облыстық медицина орталығында жұмыс орны есебінен толық тәжірибеден өткізілуде.
Қиындығы мен қызығы жеткілікті хирургия саласының ошағын жандандырып жүрген дәрігерлер жұмысымен таныстық.
2020 жылы ауданаралық аурухананың хирургиялық белсенділігі 77,6 процентті құраған. Бұл дегеніміз барлық түскен науқастың 22,4 проценті ғана операциялық емделуде облысқа жіберілгенін, қалғанының бәрі де осы жерде емделіп шыққанынан хабар береді. Бір жылда барлығы 872 операция жасалған хирургия бөлімінің меңгерушісі Көбек Наршабаев – талай жылдан бері аудандық медицина дамуына атсалысып жүрген ақхалатты азамат. Осы ретте травматолог Қайрат Медеубаев, хирург Файзолла Қамысбаевтың да еңбегін айтып кету керек.
Мұнда күніне жедел операция жасауды қажет ететін 3-4 науқас түседі. Яғни, соқыршек, биіктен құлау, денесіне темір кіріп кету сынды әртүрлі ауыр жарақаттар, шап жарғының қысылып қалуы жедел отаға кіреді. Сонымен бірге ауруханада жоспарлы операциялар да іске асырылып жүр. Алдын ала тіркеліп, кезекпен заманауи аппараттар арқылы өт қалтасынан тас алу, әйелдерден киста алуды осы қатарға қосамыз.
1987 жылдан бері қанша жанды операция үстелінен тұрғызып, түрлі жарақат, аурудан кейін жаңа өмір сыйлап келе жатқан Файзолла Қамысбаев: « Әдетте, отаны орташа уақыт 1,5 сағатта аяқтап жүрмін. Сағаттап жасалғанымен, бірнеше секундта адам тағдыры шешіледі.
Осы уақытқа дейін хирургтік қызметімде қаншама операция болды. Бірақ аппаратпен де қиынға түсетін жағдайлар бар. Көбіне қазалылықтар ауруы қатты асқынып, мүшкіл хәлге жетпейінше тексерілмей жүре береді. Ал тым асқынып кеткен жағдайда операция да қиын өтеді, – дейді.
Көзге көрінбегенімен, күніне он шақты адамды емдеп, ота жасап жүрген маманның бірі – травматолог Қайрат Медетбаев. Айтуынша, дәрігердің алдына жасы үлкен кісілер жамбас ұршығының сынуы, одан бөлек тұрғындар басы айналып құлағаннан алынған зақым, сынықтармен жиі келеді. Жалпы бөлімде эндовидео хирургиялық-лопороскопиялық аппаратымен тікелей видео арқылы оталар жасалады.
«Адамның жаны ауырған жерінде» демекші, дәрігерлердің еңбегін сырқаттанған кезде бір-ақ түсініп жатамыз. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» дәлдікті, бір сәтте тәуекелшілдікті, антқа адалдық пен адам жанын алғашқы орынға қоюды қажет ететін ақхалаттылар қауымына айтар алғыс көп.
Дина БӨКЕБАЙ