Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халыққа қызмет – мерейлі міндет

Халыққа қызмет – мерейлі міндет

Қазалы жерінде аудандық орталық ауруханадан бөлек теміржол ауруханасы да күн-түн халыққа аянбай қызмет көрсетеді. Ғасырдан астам тарихы бар емдеу мекемесінің өңірдегі алар орны айрықша. Ақхалаттылар ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы мекеме басшысы Құбыл Ршымбетовпен сұхбат жүргізуді жөн көрдік.
–Құбыл Ршымбетұлы, аурухананың 120 жылдығына да аз қалыпты. Сондықтан алдымен өткенге көз жіберсек...
–1904 жылы Қазалы уезінде халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ашылды. Онда ең әуелі фельдшер және акушер жұмыс істеген. 1905 жылы Орынбор теміржол бөлімінің құрылуына байланысты теміржол ауруханасы ашылды. Осы жылы амбулатория 5 орындық болып қайта құрылады. Басында ауруларды фельдшер маманы ат арбамен аралап, медициналық қызмет көрсеткен. 1917 жылы теміржол ауруханасы 40 төсектік орынға көбейтіледі. Бұл сол кездің өзінде теміржол жұмысшыларының денсаулығына көп көңіл бөлінгенін көрсетеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында теміржол ауруханасы госпитальға айналған. Түрлі жарақатпен түскен солдаттарды қабылдап, ем жасаған. Төсек саны 1970 жылы 220-ға дейін көбейтілді. 2000 жылдан бастап «Көліктік медицина қызметі» АҚ Қазалы филиалы теміржол ауруханасы, 2005 жылы қайта тіркеуден өтуіне байланысты «Көліктік медицина қызметі» АҚ Қазалы филиалы теміржол ауруханасы болды. 2017 жылдың 20 қыркүйегінде «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» ЖШС филиалы «Қазалы теміржол ауруханасы» болып қайта құрылды. Қазіргі таңда «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС болып аталады.
– Сіздерде қызмет көрсету аясы шектеулі ме, әлде сырттан келгендерді де қабылдай бересіздер ме?
– Біздің ұжым Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарында тұратын теміржолшыларға, олардың отбасыларына, теміржол зейнеткерлерін көпсалалы мамандандырылған, алғашқы медико-санитарлық, консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсетеді. Профилактикалық шаралар жүргізеді. Емделушілердің қолжетімді медициналық көмек алу құқығы қамтамасыз етілген. Жоспарлы емдеу кезінде ауруханаға жатқызбай, бас тарту жағдайлары жоқ. Науқастарды жатқызу «Портал бюросы» арқылы қабылданады, қалғаны күндізгі ауруханада емделеді.
Аурухананың жаңа үлгiдегi ғимараты 1994 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ондағы жер телiмiнiң ауданы 5137,3 шаршы метрді құрайды. Үш қосалқы корпустағы дәрiхана, ас бөлiмі, кiр жуатын үй және басқалары санитарлық талаптарға сәйкес жабдықталған. Жоспарлы түрде 140 кереуетке есептелген. Филиал құрылымында консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету үшін бір ауысымда 350 адамды қабылдауға арналған теміржол емханасы жұмыс істейді. Консультациялық-диагностикалық бөлімде 3 терапиялық, 4 педиатриялық, 6 жалпы тәжірибелік және 2 өндірістік дәрігер қызмет етеді. Емханаға қарасты жеті медициналық бекетте 7 фельдшер және Сексеуіл, Төретам денсаулық пункттерінде 2 линиялық дәрігер қызмет етеді.
Мұнда ересектер мен балаларға амбулаториялық-емханалық, шұғыл алғашқы, ересектер мен балаларға көрсетілетін стационарды алмастыратын, мамандықтар бойынша консультациялық-диагностикалық және стационарлық медициналық көмектер көрсетіледі. Сондай-ақ анестезиология және реаниматология, нефрология, жалпы терапия, хирургия, акушерлік және гинекология, невропатология, оториноларингология, эндокринология, педиатрия, жалпы дәрігерлік тәжірибе, кардиология, гастроэнтерология, дерматовенерология, стоматология, офтальмология, травматология және ортопедия, аллергология, пульмонология, онкология, рентгенология, гирудотерапия, нейрохирургия, медициналық реабилитология, дәстүрлі медицина, урология, трансфузиология, психиатрия, наркология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж, эксперттік медициналық көмек жасалады. Сонымен бірге ауруханада балалар мен ересек арасында нысаналы мақсаттағы топта «В», «С» гепатитке, әйелдер арасында жатыр обырына, колоноскоптық әдісімен ересектер арасында тік ішек, тоқ ішек обырына, ерлер арасында қуық безі, асқазан, өңеш және бауыр обырына, қан айналым жүйесі ауруларына, су қараңғылыққа, қант диабетіне тексеру жүргізіледі.
– Тағы қандай қызметтерді жүзеге асырасыздар?
– Аурухана құрамында бейінді бөлімшелер қызмет атқарады: хирургия бөлімінде 12, оның ішінде травматологиялық төсек, жоғары технологиялы медициналық көмек төсегі, гинекология бөлімінде 12 терапия бөлімінде 20, неврология бөлімінде 12, балалар бөлімінде 12, нейроинсульт бөлімінде 20, реанимация бөлімінде 8, ақылы қызмет бөлімінің керует саны 12, күндізгі стационарда 40, оның ішінде емханалық 15 төсек қойылған. Сонымен қатар, параклиникалық бөлімдер – клиника-диагностикалық, бактериологилық, биохимиялық, иммун-ферменттік зертхана, функционалдық диагностика жүргізу (рентгенологилық, рентгеноскопиялық зерттеулер, маммография, рентген, компьютерлік томография, «С-дуга» рентгенодиагностикалық аппарат, доплерография, барокамера, УДТ-диагностика, эхо-энцефалоскопиялық, фиброгастроскопиялық, эхоэнцефаллографиялық, доплерографиялық зерттеулер), физиотерапиялық бөлім емдік денешынықтыру, соққылы толқын терапиясы, үгу столы, мойын массажын жасау аппараты, парафин, емдік массаж, емдік тұзды және 10 түрлі дәрілік ванналар, кедр саунасы, су асты массажы, джакузи, мануалдық емдеу, Су-Джок емдеу, барокамера жұмыс істейді. Компьютерлік томография аппаратымен Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсетіледі. Айта кетсек, ауруханаға бекітілген стационарлық науқастар, мүгедектер, зейнеткерлер, жасөспірімдер, «Батыр ана» орденімен, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған әйелдер және медициналық ұйымдардың жолдамасы бойынша пациенттер тегін өткізіледі.
– Қазалы теміржол ауруханасының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған білікті мамандар жеткілікті. Соларды атап өтсеңіз...
– Аурухананың даму тарихында көптеген бас дәрігерлер алмасты. Атап айтқанда А.Заколодкин, Глушко, Е.Степанова, Б.Есмагамбетова, Ж.Қазмағамбетов, В.Лим, Қ.Сансызбаев аурухана ісінің ілгерілеуіне тер төгіп, халықтың ықыласына бөленді. Көп жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан дәрігерлер – А.Сейсенов, Г.Канатова, А.Жұбатов, А.Тлекешова, Қ.Сәрсенбаев, Қ.Каликов та өз ісінің мамандары болды. Ауруханада еңбек ететін тәжірибесі мол дәрігерлер – С.Артықбаев, Ж.Елеуов, М.Төребай, Е.Дәрібаев, С.Ахмет, Ш.Байбазарова, С.Төлегенов, Ш.Медетбаева, Б.Айжарықова, А.Кулбаева, Ж.Досбергенованың есімі теміржолшылар арасында ғана емес, бүкіл ауданға белгілі. Мекеменің есеп бөлімін жүргізетін бас есепші – К.Жақсылықова қаражаттың кіріс-шығысын орнымен реттейді.
Ауруханада жалпы саны 410 маман, оның ішінде 66 дәрігер (6 жоғары санатты, 10 бірінші санатты, 2 екінші санатты, 202 (2 жоғары санатты, 38 бірінші санатты, 31 екінші санатты) орта медициналық қызметкер, 78 кіші медициналық қызметкер, 72 өзге қызметкерлер еңбек етеді.
– Білуімізше 2016 жылы нейроинсульттік бөлім ашылды. Бұның қазіргі аяқ алысы қалай?
–2016 жылдың 15 ақпанынан Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, аурухананың төсек қоры шеңберінде 24 төсектік нейроинсульттік орталық ашылды. Науқастарды дер кезінде қабылдап, жедел медициналық көмек көрсету үшін тиісті құрал-жабдықтар, құрылғылармен, дәрі-дәрмектермен, тасымалдауға арналған арбалар және лифтімен жарақталды. Үлкен және кіші операциялық залдар тәулік бойы нейрохирургиялық операциялар жасау үшін дайындалып, арнайы құралмен қамтамасыз етілген. Реанимациялық-анестезиологиялық бөлімше 9 төсекке кеңейтіліп, осы заманғы қондырғылармен қамтылып, нейрохирургиялық операциялардан кейінгі қосымша реанимациялық 4 төсектік палата ашылды.
Сонымен қатар аурухананың травматологиялық қызметі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге дайын және көрсетілген медициналық қызметті ақылы негізде жасауға толық мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсартылған, барлық бөлімдерге пластикалық терезелер орнатылып, жергілікті бу қазандығынан ыстық су келуі қамтамасыз етілді. Газбен жылытылады, ішкі су жүйесі пластикалық құбырларға ауыстырылды. Сондай-ақ стационар ғимаратының сыртқы қабырғасы плиталармен көмкерілді.
Тұрғындар денсаулығын жақсартуда мақсат еткен әріптестердің халыққа қызмет жолында мерейлі міндеттер үдесінен табыла береріне сенім мол.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
25 тамыз 2020 ж. 1 164 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930