Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа ғасырда бағындырған белестер

Жаңа ғасырда бағындырған белестер

Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы. ХХІ ғасырдың алғашқы жылы – 2001 жыл. Осы уақыттар ішінде Қазақстанда айтарлықтай өзгерістер орын алды. Жаңа ғасырға аяқ басқан елдің әл-ауқаты әлде қайда жақсарды. Саяси жаңғырды, экономикасына қан жүгіріп, әлеуеті артты. Ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясат бекем болды. Әлемдік қауымдастық жас мемлекеттің аяқ алысын оң бағалап, халықаралық аренада беделі артты. Қазақстан барлық жағынан алғанда да еркіндікке қол жеткізді. Қысқа мерзімде Тәуелсіз елдің жаңа елордасы – Астана тұрғызылды. Азат халықтың санасы да, сапасы да жаңарды. Отарлаудың салдарынан сан ғасырлар бойы сіңісті болып келген бодандық сезімінен, масылдық дертінен арылды.

Саясаттағы сауатты серпіліс
КСРО қирандысынан қалған қордалы мәселелермен бетпе-бет келіп, елдің егемендігі екіұшты болған жағдаяттарды сәтті еңсеріп қана қойған жоқ, келешек даму даңғылын дөп басып тапты. Осылайша өткен Тәуелсіздіктің 10 жылдығында Қазақстан өзіне берілген мүмкіндікті барынша нәтижелі іске асырды. Алғашқы онжылдықта елдіктің іргетасы сапалы қаланды. Атап айтар болсақ, мемлекеттілікті айқындайтын елдің шекарасы берік қолға өтіп, барлық жағынан бүтінделді. Ұлттық қорғаныс – Қарулы Күштер құрылып, қауіпсіздік күшейтілді. Жаңа Конституция қабылданып әлемдік өркениетке тән демократиялық даму бағытына таңдау жасалды.
Жаңа ғасыр белесінде елдің экономика негіздеріне түбегейлі өзгерістер әкелетін реформалар жасалды. Негізі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дағдарысқа ұшыраған ұлттық экономика құрдымға кетудің алдында тұрған. Дегенмен ел ішіндегі зиялылардың сауатты саясатының арқасында бойына қайта қан жүгірді.
1997 жылы Қазақстанның ішкі-сыртқы дүниелерінде қай бағытпен жүретінін, нені мақсат етіп, қандай межеге ұмтылатынын айқындайтын «Қазақстан – 2030» ұзақмерзімді даму стратегиясы дүниеге келді. Міне, осындай мысалдардың барлығынан-ақ Тәуелсіз елдің өткен онжылдығында жүз жылға татитын қыруар дүниелер тындырылғанын байқауға ­болады.

Жыл басындағы жетістік
2001 жылы елеулі оқиғаларға толы болды. Бұл жыл елімізде автомобиль жылы болып жарияланды. Әлемдiк тәжiрибе бойынша жинақтау нормасы 15 проценттен төмен болмайтын деңгейге жеткен кезде экономиканың тұрақты өсуi басталады. Осылайша Қазақстан сол жылы жалпы Ұлттық табыстың 25 процентке тарта жинақтау деңгейiне шықты. Атап айтқанда, банктер берген несие көлемі 460 миллиард теңгені құрады. Ұлттық банктiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесi 1994 жылғы тамыздағы 340 проценттен 2001 жылы 9 процентке дейiн төмендедi.
2001 жылғы инфляция 1992 жылғы 3 мың 61 проценттің орнына 7 проценттен төмен мөлшерге түстi. Мамыр айында халықтың депозиттері (резидент еместерді қоса есептегенде) 3,9 процентке өсіп, 112,1 миллиард теңгені кұрады. Бұдан бөлек сол кездің деректеріне сүйенсек, 2001 жылдың 1 сәуірінде «Қазақтелеком» АҚ желісіндегі негізгі телефон абоненттері саны 2 миллионға жуықтаған.
Осы жылдағы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне карағанда 106,8 мың жұмыс орны құрылып, олардың 23 мыңы – уақытша және маусымдық жұмыстар, шағын бизнес саласында – 33,5 мың, ауыл шаруашылығында – 17,7 мың және өнеркәсіпте – 16,8 мың жұмыс орны кұрылған. 18,3 миллион тоннадан астам астық жиналып, гектар шығымдылығы 14,1 центнерден айналыпты. Осының өзі елдегі әлеуметтік ахуалдың жақсарғанын аңғартады.
Елдегі экономикалық жағдаймен қоса, рухани кемелдену, мәдени жаңғыру үдерістері қатар жүріп отырды. Мәселен, бас қаланың Астанаға ауысқанына үш жыл толған осы жылы қазақ тарихы үшін айрықша оқиға орын алды. Яғни Астананың қақ төріне қазақтың соңғы ханы Кенесарының ескерткіші қойылды.
Сондай-ақ 2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Елорда төрінен «Атамекен «Қазақстан картасы этнографиялық-мемориалдық кешені» аталатын мәдени орталық ашылды. Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес аспан астындағы ашық мұражай дүниежүзінің 17 елінде бар. Нақтыласақ, Бельгиядағы «Шағын Еуропа» саябағы, Австрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала – Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл да болса рухани кемелденудің жарқын үлгісі іспеттес.

Жаңа жылдағы оң өзгерістер
Жаңа ғасырға аяқ басқан елдің бір жыл ішінде атқарған жұмыстары мұнымен таусылмайды. Аталған жыл басталғаннан тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық-мәдени жобасын іске асыру жұмысы да сәтті басталды.
Одан бөлек автомобиль жылында трансевразиялық магистраль «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы басталды. Елдегі жолдардың көп бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.
30 наурызда Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен «Болашақ» халықаралық стипендиаттарының Қауымдастығы құрылды. Одан соң Мемлекет басшысы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Көп ұзамай Қазақстанға Ресей басшысы Владимир Путин келіп, Ресейдің Байқоңыр ғарыш айлағын жалдау ақысын төлеу жөніндегі екеуара келісімді біржақты етті.
Жыл соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту, оны сақтау, жүйесін қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында алдағы 2002 жыл «Денсаулық сақтау жылы» болып жарияланды.
ДайындағанА.БАҚЫТҰЛЫ
20 сәуір 2021 ж. 1 752 0

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 89

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 90

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031