Тәуелсіздік бәрінен қымбат!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласы отандастарымызды өткен жолдарымызға нақты талдау жасауға, келешек бағыт – бағдарымызды айқындауға шақырған аса маңызды құжат болды.
Әуелі, "Тәуелсіздік бәрінен қымбат!" дейтін адамдарымыздың әрқайсы қазақ халқына қымбат екенін білу - ортақ парыз. Азаматтықты танытуда, әділеттілікті орнатуда, сабақтастықты сіңіруде мемлекеттік дәстүр осылай қалыптасады, дамиды. Ғасырға татитын отыз жыл ішінде өркендеу жолымызды үш кезеңге бөліп қараса да, біздің ұрпақтың маңдайына бұйырған кезеңнің бақытты күндері мен ұйқысыз түндерін, мың толғандырған мазасыз сәттерін жүз санап шықса да жарасады. Өйткені, бұл - өзгені қайталаған басқаның соқпағы, біреудің сүрлеуі емес, бұл - Қазақстандық жол, яғни сіз бен біздің тарихымыз, біздің дастанымыз.
«Таным мен тағылым» тарауында барша жұрттың, әсіресе жас ұрпақтың тарихи санасы айқын, әрі берік болуына назар аударды. Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажеттігін шегеледі. Құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырғаны дұрыс шешім болды. Осы тұрғыда айтарымыз – кино түсіргенде шетелдік мамандарды шақыруға әуестенбей өз ұлтымыздан шыққан жігерлі, сауатты тұлғаларды қатыстырған жөн болады.
Егемен ел атану адамдардың бойында азат сана-сезімді бірден қалыптастыра алмайды. Оның жүгі зіл батпандай ауыр, қысқа-ұзақтығы уақытпен шектелмейді. Тіршілік үшін қажеттігі ауа тәрізді. Қысқасы, мұндай өтпелі дәуірді бастан кешіру тегеурінді жүректі, төзімді жүйкені, орасан зор еңбекті, сабыр мен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан, еліміздің соңғы отыз жылының бедерінде қазақ халқының өлгені тіріліп, өшкені жанғаны аян, әлі де тиянақталмаған шаруа шаш-етектен, рет-ретімен жоғымыз табылып, барымыз бағаланып келеді. Алайда, құбылған әлем жарысында елдің аты бәйгеден көрінуі үшін оразды елдердің арасында беделге ие болатындай күш-қауқар, темірдей тәртіп, бейімді нарық пен өтімді парық болуға керек. Ал мемлекеттілікті ұдайы дамыту, нығайту, елдегі барлық саланы жан-жақты бәсекеге қабілетті ету қоғамдық сананы ұдайы жаңғырту арқылы ғана жүзеге асады.
Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат, баршасынан жоғары тұратынын жастардың санасына орнықтыру - мемлекет үшін де, әрбір отбасы үшін де кезек күттірмес міндет. Оның аспаннан салбырап түсе қалмағанын ұғындырса, қадірін білгеннен кейін ғана қолда барымызды қызғыштай қоритын болады. Президенттің бұл мәселеге кино саласының мамандарын тартуды ұсынуында үлкен мән бар. Өйткені қазіргі заманда саясаттың ықпалды құралына айналған өнердің мүмкіндігі ұшан-теңіз. Бұл жастардың сана-сезіміне тезірек әсер ету жолы. Расында, сонау Алтын Орда заманынан бері қарай бүгінгі Ақ Ордаға дейін қаншама тарихи оқиғалар өтті.
Одан басқа, мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясын ту етіп, кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінің әрқайсысы бір киноға арқау болары сөзсіз. Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында, шейіт болған біртуар тұлғалар қаншама? Аштық пен ашаршылық құрбандарын да бүгінгі жастар білуге тиіс.
"Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары - Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек" деп жазған мақаласында 1991 жылы Семей полигоны жабылуын, Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылғанын, алып мемлекеттердің сеніміне ие болып, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалғанына мән берген.
Отыз жылдағы жасампаздық жолымызды ең алдымен өзіміз құрметтеуге тиіспіз. Сонда өзгелер бізбен санасатын болады.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, Мадалиева Ақзада Алайдарқызы.