Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шапағат етушінің шерепеті

Шапағат етушінің шерепеті

Әр халықтың ғасыр өтсе де жадынан жоғалтпай, ұлықтап жүретін ұлылары, ежелден ел-жұрт мойындап қойған, асылға теңесер ардақтылары, әулие-әнбиелері, уақыт өтсе де қалың көпшілік ұмытпаған әрі ешқандай жарнаманы қажет етпейтін қасиетті, киелі тұлғалары болады. Қазақта да ондай киелілер аз болмаған. Халқымыз оларды ардақтап, басына күн туған зар заманда да, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бар уақытта да пір тұтып, қысылып, қиналғанда жанына араша, дертіне дауа сұрап отырған.
Алайда кейбір дін өкілдері және өздерінің шариғат жолын мүлтіксіз атқарып жүргеніне сенімді жандар «Әулие-әмбиелерден, адамдар ардақ тұтқан тұлғалардан жәрдем сұрау қате, ол Аллаға серік қосу болып табылады», – дейді. Олардың бұл айтуы бір жағынан дұрыс және оған Құран Кәрімнің мына аяты себеп. «Шапағатшының барлығы да Алланың еркінде. Алланың рұқсатынсыз ешкім де шапағатшы бола алмайды»Зумар сүресі 44 аят. Бұл жерде «Алланың рұқсатынсыз» делінгендіктен, жаны қысылып, тығырықтан шығар жол іздеген жанның Алланың рұқсатын қалай отырып, қасиетті, киелі тұлғалардан жәрдем сұрауын айыптауға болмайтын сияқты. Адамның басына іс түскенде түсінген жанға бұл діннен шығу емес екені белгілі болар. Шариғат жазбаларында бұл жөнінде түсінік те беріліпті.
Бір күні екі көзі көрмейтін сахаба с.ғ.с. пайғамбарымызға келіп: «Уа Алланың елшісі, менің ауруымнан айығып, көріп кетуім үшін дұға етесіз бе?» депті. Алла елшісі оған: «Қаласаң дұға етейін, ал егер осы қалпыңда өмір кеше берсең, сен үшін екі есе қайырлы болар еді», – дейді. Сахаба: «Дұға етіңізші, жарық дүниені көргім келеді» деп қоймағасын, пайғамбар с.ғ.с. оған, – Тазаланып, дәрет алып болып, екі ракат намаз оқығаннан кейін: «Уа Алла тағалам, мен өзіңнен рахым пайғамбарың Мұхаммед с.ғ.с-ның құрметіне көз жанарымның көруі үшін оның шапағат етуіне рұқсат беруіңді өтініп сұраймын», – деп дұға жаса дейді. Әлгі сахаба айтқанды орындап, дұғаны аяқтамай жатып екі көзі шайдай ашылады. Шариғатта Алланың разылығына қауышқан белгілі тұлғаны ортаға салып дұға жасауды «тауассул» дейді екен.
Бірде мұсылман әлеміне белгілі Жунейд сопының бес шәкірті елсізбен демалысқа келе жатады. Қауіпті тұстан өтерде оларға қарақшылар тап болып, төртеуінің аттарын да, заттарын да алып,түк қалдырмай тонап, бесіншісін ­жайына қалдырып, жөндеріне кетіпті. Қалған төртеуі бұған таңғалады. Демалыстары бітіп, қайта оралғанда шәкірттер болған жайды сопыға баяндайды. Сонда ­ ­Жунейд сопы оларға: «Қарақшылар бас салғанда қалай сыйындыңдар?» – десе, тоналған төртеуі Жаратушыға жалындық дейді. Ал аман қалған шәкірті: «Ұстаз, менің он сегіз мың ғаламның әміршісі Жаратушы Алланың разылығы үшін жасаған әзірше сауапты істерім жоқ, сондықтан мен қысылғанда себепші болар ма екен деп араға өзіңізді салып жәрдем сұрадым», – депті. Сонда Жунейд сопы: «Әрине, мені ұстазың, пірің ретінде аттап өтпей құрмет тұтқаныңды мен бағалаймын және менен сұраған тілегіңді Жаратушыға жеткіземін», – дейді.
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, күштіге тежеу, әлсізге демеу, қара халықтың қорғаны болған хас батыр, әруақты әулие Жанқожа бабаның есімін ең алғаш бала кезімде, алпысыншы жылдардың ортасында, сол кезде жасы сексенге таяп қалған атамнан естідім. Кеңестік идеология күшіне мініп тұрған кезде баба есімін де, айтылатын әңгімелерді де біздің қабылдауымыз өте қиын болатын. Ара-тұра айтса да, атамның Жанқожа бабаны кереметтей пір тұтатынын, оның есімін асқан құрметпен және бейне бір киелісіне шаң жұқтырып алмайын дегендей ерекше сақтықпен атап отыратынын байқайтынмын. Көзсіз батырлығын, көбіне әруақтың әулиелігін жиі әңгімелейтін. Солардың арасында ешкімнен беті қайтып көрмеген Кенесары ханның әр жолыққанда Жанқожа бабаның алдында шарасыз күйге түсетіні, бабаның дұға жасау арқылы асылық сөйлеген адамның аузын желкесінен шығарғаны, намаз оқып отырған батырды дұшпандары қастық қылып атып өлтіргенде, құламай отырып қалғаны туралы айтқандары есімде қалыпты. Жастықпен мән беріп есте сақтамаппыз, әйтпесе ол кездегі үлкендердің айтқандары өз әке, аталарынан естіген нағыз құнды дерек еді.
Тұтас өңірде Жанқожа бабадай батыр, әрі киелі әулиенің есімін зор құрметке қоса, оның рухын асқан сақтықпен айта отырып, қысылғанда жәрдем сұрамайтын жандар кемде-кем шығар. Әрине пенде Құдайдан күшті емес. Алдымен Жаратушының есімі айтылып содан соң шапағат етушіден медет сұралады. Пенденің қысылғандағы халі Жаратушының тарапынан қашан да кешірімді.
Бұрын өзіммен бірге теміржол мекемесінде жұмыс істеген Жеткербай есімді азамат ілгерірек уақытта Ү.Түктібаев ауылында тұрған, марқұм Ақжігіт ақсақалдың аузынан естіген мына бір әңгімені айтты. Ақжігіт ақсақал жас кезінде жоқ іздеп келе жатып, кездейсоқ жерден текесі бастаған киіктің үйіріне тап болады. Қолында қамшыдан өзге қаруы болмаса да, қызығушылықпен бас салып қуа жөнеледі. Астына мінген аты тым жарамды болса керек, арақашықтық жылдам қысқара бастайды. Кенет, үйірін алдына салып арындата қуып бара жатқан айбарлы теке ізінен қалмаған адамнан қара үзіп кетудің мүмкін емес екенін сезді ме, ойламаған жерден жанынан безгендей жалт бұрылып,екі көзінен от шаша бір орында қарама-қарсы қозғалмай қата қалады. Оқыс әрекеттен аспанға тік көтеріле шапшып, айдалаға безе жөнелген аттың иесі жерге сыпырылып түсіп, аяғын үзеңгіден шығара алмай сүйретіліп кете береді. Біраз жарақат алып, сүйретіліп бара жатып есін жиғандағы Ақжігіт ақсақалдың аузына түскені: «Жанқожа бабам, жаныма араша түсе гөр» деген сөз болыпты. Аяғы үзеңгіден сол сәтте босап, аты да бұйрық берілгендей кілт тоқтайды. Мұны алдымен Құдайдың құдіреті, одан соң батыр бабаның шерепеті десе артық болмас. Керемет деген осы емес пе?!
Қандай заманда да халықтың жадынан өшіру мүмкін емес қарапайым да, қасиетті тұлғалардың медет сұраған ниеті мен пиғылы түзу жандарды Құдайдың қалауымен қолдап-қорғап жүретінін де жоққа шығаруға болмайды.

Әлімжан ҚИЯС
05 қаңтар 2021 ж. 2 183 0

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 25

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 52

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 64

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031