Тегіс жолда неге сүріндік?
Ердің жасынан асқан әрбір азамат артындағы елге берешек екенін түсініп, барымен бөлісуі керек. Мұны табысымен бөлісу деп түсіну қате, біліміңді, тәжірибеңді осы қоғамның игілігіне сарп етсең, борышыңды өтегенің деп білемін.
Қазақтың ардақты ағартушысы Ахмет Байтұрсынов «Адам баласы үшін өмірбақи сүйіп, қастерлеп өтер басты құндылықтары: туған, өскен жерің» демекші, осы жерде кіндік қанымыз тамғаннан кейін үнемі жоқшысы, жанашыры болып жүреміз. Жақсылығына халықпен бірге марқая қуанып, көңілге қаяу салар жайлар кездесе қалса «Әттеген-ай» деп жабырқап қалар жайымыз бар.
Еңселі еліміз бүгіндері әлемге әйгілі мемлекет қатарынан орнықты орыналуға бет бұрды. Қала да, дала да жылдап емес ай санап айшықтанып көріктеніп келеді. Себебі туған жердің сәулеті мен тазалығына облыс, аудан басшылығы айрықша көңіл бөлуде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Әйтеке би кентінің орталығында бағдаршам бейнебақылау камералары, жарықшамдар қойылып, жол жолақтары сызылып абаттандырылуда.
«Әкім жақсы болса, елді түзетеді» демекші, Мұрат Ергешбаев ауданға әкім болып келгелі бері сөзбұйдаға айналған бірсыпыра көшелердегі жолдарға тас төселіп, асфальтталды. Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың айтуы бойынша бүгінгі күні кентте жалпы ұзындығы 139,1 км-ді құрайтын 196 көше бар. Оның ішінде 60,1 км-ді құрайтын 49 көшеге асфальт қабаты төселсе, 59,6 км-ді құрайтын 98 көшеге қиыршық тас қабаты төселген, қалған 19,4 км болатын 42 көше топырақты.
Қуанарлығы, биылғы 2020 жылы бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, 3 көшеге түнгі жарықшамдар қойылып, 11 көшеге қиыршық тас төселіп, 16 көшеге асфальт қабаты төселіпті. Атқарылған жұмыстардың да сапасы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы екенін халық көріп, біліп отыр. Бұндай ауқымды жұмыс аудан тарихында болмаған еді.
Бұған қосымша «Қазалы жолшы» ЖШС басшысы жеке кәсіпкер Серік Өтегенов әкесі марқұм Дүйсенбай Өтегенов атындағы жалпы ұзындығы 630 метрді құрайтын көшені өз қаражаты есебінен асфальттап ел игілігіне пайдалануға берген.
Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығын қосуға жергілікті басшылардың шындап кіріскендігінен жұртшылық хабардар болып, 4 жолақты автомобиль жолын салу мақсатындағы жұмыстың басталып кеткеніне қуанып жатырмыз.
Осындай нәтижелі жұмыстар ауданымызда көлік пен жүргізуші көбейе түсетін ертеңгі күн талабына сай келуі үшін ретке келтірілуде, бұған бюджеттен қыруар қаржы мен еңбек күші жұмсалуда.
Аудан халқының да әл-ауқатын жоғары деңгейге жатқызуға болады. Ауданда бүгінгі күні 9 мыңнан астам әртүрлі көлік құралдары тіркелген. Бұдан басқа сенімхатпен, өзге елдің нөмерімен жүрген 3 мыңға жуық көлік және бар. Өзім де 30 жылдан астам уақыттан бері көлік жүргізушісімін.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жыл сайын жақсара түсуде. Заманауи әртүрлі құрылғылармен жабдықталған. Тәртіп сақшыларының тазалық сақтау, қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмауға байланысты атқарып жатқан шараларына өз басым ризамын. Алайда кейде темір тұлпар тізгіндеген кейбір жүргізушілер көшелерде заң талаптарын бұзып, апатты жағдай орын алды.
Сондайда көшедегі жол белгілеріне, бағдаршамға бағынбау, жол қиылысындағы реттілік пен арақашықтықты сақтамау, қарама-қарсы бағыттағы жолға шығып, басып озып ереже бұзу, өзге көліктермен жарысу, теміржол өткелінен өту ережесін бұзу, тағы басқа көптеген келеңсіз жағдайларға жол үстінде куә болудамыз. Шыны керек қазір көлік жүргізуге қорқатын болдық.
Дүниежүзілік ДСҰ мәліметіне қарағанда жыл сайын жол-көлік оқиғасынан әлемде 1,2 миллион адам көз жұмып, 500 мыңға жуық адам дене жарақатын алады екен. Ал Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан астам адам ажал құшатын көрінеді.
Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Айбек Алиевтың айтуынша, 2020 жылдың он бір айында тегіс жолда сүрініп, жол қозғалыс ережелерін бұзған 3020 көлік жүргізушісіне хаттама толтырылыпты. Өкініштісі, орын алған жол-көлік оқиғалары салдарынан 9 адам қайтыс болып, 59 адам дене жарақатын алған. 1246 заң талаптарын бұзған көлік иесіне 16,2 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынып, 1159 адамнан 14,5 миллион теңге өндірілген.
Айта кететіні, ұзақ мерзімге жүргізуші куәлігінен айрылған 12 адам заң талаптарын бұзып көлік басқарғаны анықталған. Арақ ішіп, жол-көлік оқиғаларына себепші болғаны үшін бірі 4 жылға, екіншісі 6 айға сотталған, ал үшіншісінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ жыл ішінде үш жасы жетпеген жасөспірімнің көлік айдағаны анықталып, олардың ата-анасына және өздеріне әкімшілік жаза көріліпті. Көбіне заң талаптарын бұзатындар топтасып жол бермейтін үйлену той картеждері, шетелдік нөмерлі автокөлік иелері, мотоцикл жүргізушілері, кез келген жерге тоқтай салатын жолаушы тасымалдайтын газель иелері екенін көріп жүрміз. Сондай-ақ асфальтталған көшелерде жазда балалар велосипед тепсе, қыста шанамен ойнайды. Бұған ата-аналар жауапты екенін білгендері дұрыс.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, көңілде жүрген жайттарды да жасырып қалмай құзырлы орган басшыларына төмендегі жайларды назарға алғандары жөн болар деп ойлаймын.
Менің байқағаным ірі жол-көлік оқиғаларының көбісі жаңадан асфальтталған көшелерде орын алды. Оның себебі асфальтталған көшенің жұмысын Әйтеке би кенті өз есебіне алынғаннан кейін ғана конкурс жарияланып жол белгілері қойылады. Сол екі арада екі-үш ай өтіп кетеді.
Бұл жағдайды болдырмау үшін келешекте жол салушы мекемеге жол белгілерін бірден орналастыру жүктелетін смета жасалса дұрыс болар.
Аудан орталығы Әйтеке би кентінде 36 бейне бақылау камерасы орналасқан, алайда олардың бүгінгі күні тең жартысы жұмыс істемейді. Бюджеттің қомақты қаржысына жөнделіп, Әйтеке би кентінің есебіне алынған заманауи айып тұрағы екі үш жылдан бері қаңырап бос тұр. Тәртіп сақшылары амалсыздан айыпты көліктерді полиция бөлімінің ауласына қамап отыр.
Осы мақаланы пайдалана отырып, көлік жүргізушілерге биылғы көлік салығының төлеу мерзімі 31 желтоқсанда аяқталатынын еске салғым келеді.
Себебі өткен жылды есептегенде биылғы жыл үшін ғана 4700 салық төлеушінің 60 миллионнан астам қарызы бар екен.
Қорыта айтқанда әркім өз туған қаласы, ауылының жоқшысы, жанашыры болуы тиіс. Тәртіпке бас иеген құл болмайды. Ендеше тәртіп сақшыларының нұсқауына құлақ түріп, заң талаптарын өз дәрежесінде орындап жүрейік, ағайын!
Кемал КӨПЖАСАР