Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала мен кент арасын жалынды құрылыс жақындатып келеді

Қала мен кент арасын жалынды құрылыс жақындатып келеді

Бүгінгі таңда Қазалы қаласы мен аудан орталығы – Әйтеке би кентінің аралығы қызу құрылыс алаңына айналған.
Екі аралықты қосу мақсатында Әйтеке би кентінен 180 гектар, Қазалы қаласынан да 180 гектар жер учаскесі бөлінген. Осы тұсқа салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы бөлінген. Баспанамен қатар, алдағы уақытта екі ортада көп қабатты пәтерлермен мен түрлі маңызды нысандар бой көтеріп, кент келбетін көріктендіре түспек.
Ауданның ажарын айшық­тайтын құрылыстардың қатарына қазақтың аузы дуалы төбе билерінің бірі – Әйтеке Байбекұлына орнатылатын ескерткіш те жатады. Бұл тарихи-мәдени нысан Әйтеке би кентінде салынатын Қазалы ауданы әкімдігінің алаңына тұрғызылады.
– Мұндай ескерткіштің жас ұрпақты Отансүйгіштікке, әділдікке тәрбиелеуде маңызы өте жоғары. Оның үстіне Әйтеке би бабамыздың қазақ елінің тұтастығын сақтап, өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегі ерекше. Ескерткіштің жалпы ұзындығы 12 метр. Бүгінгі күнге дейін 6 метрлік тұғырдың монолитті бетон қаңқасы құйылып, сырты гранитпен қапталды. Жақын күндері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен мүсінші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Сурет академиясының академигі Қазыбек Сатыбалдин жасаған 6 метр ескерткіш өз тұғырына қондырылады, – дейді аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Бақытжан Тиыштық.
Аталған нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге аудан­дық бюджеттен 9000,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 11950,0 мың теңге бөлініп, оны бас мердігер “Промстройсервис” ЖШС жүргізуде. Әйтеке би бабамыздың еңселі ескерткіші жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспар­лануда.
Екі аралықтан қолға алған тағы бір ауқымды жұмыстың ішінде биіктігі 20 метр ту орналасқан рәміздер алаңы да бар. Әрбір жанның рухын оятатын құнды белгілердің бұл жерде орналасуы жарасымды. Болашақта аталмыш аумақ жас ұрпақтың қастерлі орнына айналары сөзсіз.
Жалпы көлемі 450 шаршы метр болатын мұнда Тәуелсіздік пен мемлекет символы саналатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері көрініс табады. Келешекте көпшіліктің демалыс аймағы ретінде пайдалануға берілетін сәулетті нысанда арнайы орындықтар, түнгі жарықшамдар орналасады. Сондай-ақ, ауласына қалыңдығы 6 сантиметр болатын асфальт қабаты төселіп, 2 метрлік шарбақтармен қоршалады. Қасында 30 машина еркін сиятын автотұрағы да болмақ.
Күре жолдың бойындағы тынымсыз тірліктер Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің екі аралығы қосылатын күн жақын екенін ұқтырғандай. Келбеті күн сайын көркейген қасиетті Қазалыдағы қарқынды жұмыстарға аудан тұрғындары дән риза.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ

11 желтоқсан 2018 ж. 2 024 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031