Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегіс жолда сүрінбейік

Тегіс жолда сүрінбейік

Еңселі еліміз бүгіндері әлемге әйгілі мемлекет қатарынан орнықты орын алуға бет бұрды. Көшелердегі батпаққа батып жататын автокөлік пен жаяу жүргіншілердің көрген қиыншылығы келмеске кетті. Қала да, дала да жылдап емес, ай санап айшықтанып, көріктеніп келеді. Себебі туған жердің тазалығы мен сәулетіне облыс, аудан басшылығы айрықша көңіл бөлуде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Әйтеке би кентінің орталығында бағдаршам, бейнебақылау камерасы, жарықшамдар қойылып, жол жолақтары сызылып, абаттандырылды. «Әкім жақсы болса, елді түзетеді» демекші, Мұрат Ергешбаев ауданға келгелі бері бірсыпыра көшелердегі жолдарға тас төселініп, асфальтталды.

Бір қуантарлығы, Мұрат Нәлхожаұлы бүгінгі таңда әлеу­меттік желіде 4 мыңнан астам аудан тұрғынымен байланыс орнатқанын көріп отырмыз. Жуырда ол кісінің әлеуметтік желі парақшасына: «Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің алдында оқу күндері таңертең автокөліктердің көптігінен мектептің қызметкерлері автокөліктердің және оқушылардың жүріс-тұрысын реттейді, апаттық жағдай көбейіп тұр. Бұл маңға бағдаршам мен камера орнатылса немесе оны бақылау полиция қызметкерлеріне жүктелсе дұрыс болар еді», – деп жаздым. Міне, содан бері полиция қызметкерлері күнделікті тиісті жұмыстарын нәтижелі атқарып келеді. Ол кісінің парақшасына ризашылығымды білдіріп хат жолдадым.

Шынымен де бұл аса мән берерлік жағдай деп ойлаймын. Өйткені аталған мектептен 1883 оқушы, 177 мұғалім және 87 техникалық қызметкер күнделікті кіріп-шығады.

Ата-аналардың көпшілігі мектепке балаларын автокөлікпен әкеліп, алып қайтады. Мектеп қызметкерлерінің де автокөліктері бар. Сондықтан бұл маңдағы автотұрақ қазіргі көлік санына сәйкес келмей кеңейтуді қажет етіп тұрғаны айдан анық.

Әйтеке би кенті жылдан жылға ұлғайып, жаңадан көптеген тұрғын үй салынып, Қазалы қаласымен екі ортаны қосу бағытындағы ауқымды жобаға бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Күре жолдың бойында бірсыпыра мекеме кеңселерін орналастыру да жоспарға енгізілген. «Аяқ киімің тар болса дүниенің кеңдігінен не пайда» демекші, аталмыш автожол кеңейтіліп, аялдамалар немесе осы жолмен қанаттас аудандық ауруханаға қарай «Ақарықты» кесіп өтетін қосалқы жол салынса дұрыс болар еді.

Ауданда бүгінгі күні 9 мыңға таяу әртүрлі көлік құралдары тіркелген. Бұдан басқа сенімхатпен, өзге елдің нөмерімен жүрген 3 мыңға жуық көлік және бар. Өзім де 30 жылдан астам уақыттан бері көлік жүргізушісімін.

Қазіргі таңда ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жыл сайын жақсара түсуде. Заманауи әртүрлі құрылғылармен жабдықталған.Тәртіп сақшыларының тазалық сақтау, қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын бол­дырмауға байланысты атқарып жатқан шараларына өз басым ризамын. Алайда кейде темір тұлпар тізгіндеген кейбір жүргізушілер көшелерде заң талаптарын бұзып, апатты жағдайлар қалыптастырады. Сондайда көшедегі бағдаршамға, жол белгілеріне бағынбау, автокөлікті қарсы бағытқа қоя салу, жылдамдық шектеуін сақтамау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, теміржол бойынан өту ережелерін бұзу тағы басқа көптеген келеңсіз жағдайларға жол үстінде куә болып қаламыз.

2019 жылдың он бір айында аудан бойынша тегіс жолда сүрініп жол қозғалыс ережелерін бұзған 3791 көлік жүргізушісіне хаттама толтырылыпты. Өкініштісі орын алған жол көлік оқиғалары салдарынан 6 адам қайтыс болып, 60 адам дене жарақатын алған. 1748 заң талаптарын бұзған көлік иесіне 17,6 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, 1540 адамнан 14,4 млн теңге өндірілген.
Осындай жөнсіз жағдайларға бармай-ақ, әркім өз игілігіне пайдаланып жүрген жеке көлігін заң талаптарының аясында басқарса орынды болар еді.
Тәртіпке бас иген құл болмайды. Ендеше тәртіп сақшыларының нұсқауларына құлақ түріп, өз дәрежесінде орындап жүрейік, ағайын!

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері
19 желтоқсан 2019 ж. 834 0

Жедел көмек жан сақтайды

06 желтоқсан 2024 ж. 170

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031