Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласындағы биіктер

Білім саласындағы биіктер

Ауданда бюджеттің басым бөлігін білім саласы құрайтыны белгілі. Соған сай балабақша мен мектептердегі бүлдіршіндердің жағдайын жақсартуға қойылатын талап та жоғары. Білім ошақтарының күйін күйттеп, мұғалімдер біліктілігін арттыру, үлкен деңгейдегі сайыстарда оқушыларды оқ бойы оздыру, мұның бәрі аталған бөлімге жүктелген. Қазір Әділхан Жөлекешов басшылық ететін мекеме ұжымы артылған міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Әсіресе пандемия кезіндегі қашықтан оқыту әдісі ауданда жолға қойылғанын толық сеніммен айтуға болады. Бүгін білім саласының жыл бойы атқарған тындырымды тіршілігі мен жарасымды жетістіктері жайында сөз қозғаймыз.
Бала жағдайы – басты назарда
Бүгінгі күні Қазалыда 37 білім беру мекемесі үздіксіз жұмыс істеп келеді. Барлығын қосқанда 16 мыңнан астам оқушы білім алуда. Әлемді жайлаған эпидемиялық ахуалға байланысты оқу жылы басталғалы үйде, қашықтан білім алуда. Бірақ дәстүрлі түрде мектепке барғандар да бар. Оқу жылының ­басында 1 сыныпқа 1835 бала қабылданып, ата-ананың өтініші негізінде 25 мектепте барлық күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, бастауыштың 1-4 сыныптарынан 156 кезекші топ ашылған. Соның арқасында 2033 оқушы мектеп қабырғасында білім алды. Бұл ең алдымен әліппе тануға келген балалардың білім іргетасын қалауға оң ықпалын тигізетіні анық. Осы тұста үйден немесе қашықтан білім алатын балалардың техникалық мүмкіндіктері жайында сұрақ тууы заңды. Мұқтаж балаларға білім бөлімі тарапы жергілікті бюджет есебінен 500-ге жуық планшет пен «Цифрлық портфельге» сай келетін 4 мыңдай компьютер мен ноутбук таратып берген. Оны білім беру ісі қалыпты жұмысына кіріскенде қайтарып алады. Бірақ мұнымен де оқушылар керек жарақпен толық қамтамасыз етілмеген еді.
Осы тұста «Мектепке жол» акциясы кезекті мәрте іске қосылды. Қайырымдылыққа жаны жақын демеушілер мен ауданда жұмыс істейтін мекеме қызметкерлерінің жұмылуымен аз қамтылған, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы балаларына қашықтан оқыту мәселесін жеңілдету үшін 250-ден астам роутер модемі берілді. Ал бұл құрылғылар балалардың өздерінде қалатынын айта кету керек.
Екінші тоқсаннан бастап карантин талаптарының жеңілдегенін білеміз. Сол себепті №88, 91, 204, 276 мектептерде 1912 оқушы, контингенті 300 оқушыға дейін, сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін қалалық және ауылдық мектептерде дәстүрлі форматта оқытуға көшті. Балаларының толыққанды білім алуына алаңдаған ата-аналардың өтініші ­бойынша 15 баладан асырмай, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, жалпы білім беретін 12 мектеп ішінара дәстүрлі оқытуға көшті. Бүгінде 1-5 сынып аралығындағы 97 кезекші топта 1700-ден астам оқушы білім алуда.

Мұғалім мәртебесі артып келеді
Жылдар бойы қоғам талқысына түсіп, Президенттің тікелей тапсырмасымен қабылданған ұстаздар үшін ең маңызды құжат «Педагог мәртебесі» ­туралы заң тұтас қазақ жұртын қуантқан еді. Осы кезеңге дейін «Білім туралы» Заңының бір тармағы ғана болған «Педагог мәртебесі» деген ұғым мемлекеттік деңгейге көтеріліп, арнайы заң ретінде шықты. Бұл мұғалімді жаңа бір биікке көтеру үшін жасалғаны белгілі. Бұдан былай аталған Заң әрбір ұстаздың құқықтық және әлеуметтік қорғалуына кепілдік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын алдағы төрт жылда екі есеге өсіруді тапсырған болатын. Осыған байланысты 2020 жылдың қаңтар айынан бастап қазалылық педагогтардың еңбекақысы 25 процентке артты. Жаңа жылдан бастап ұстаздар жалақысы кезекті мәрте көтерілетінін естеріңізге сала кетейік. Бұдан бөлек осы оқу жылынан бастап сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақы екі есеге ұлғайды. Бұл аз десеңіз, магистр ғылыми атағы бар 50 ұстазға қосымша ақы төленуде.
Білім саласының қызметкерлеріне жасалған жақсылықтың соңы бұл емес. Көпшілік жас педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында тәлімгерлік институты енгізілгенін біле бермейді. Тәжірибелі педагогтердің жастарды бір ізге салуға атсалысқаны үшін ай ­сайын 17 мың теңге көлемінде үстемеақы төленетінінің өзі қандай керемет?! ­Ауданда мұндай 43 педагог бар.
Сонымен бірге биылдан ­бастап педагогтерді аттестаттау жүйесі жетілдірілгенін біле жүріңіз. Енді балаңызға білім беретін ұстаздардың біліктілік санаттары үшін шекті баллға қойылатын талап күшейтілді. Сонымен бірге биылдан бастап білім беру ұйымдарының басшылары да біліктілік сынына түседі. Егер директорлар мен балабақша меңгерушілері лайықты білімдерін дәлелдей алса жалақы мөлшері 30-100 процентке дейін өседі.
Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді үш тілде оқыту мемлекеттік бағдарлама аясында Қазалы ауданында барлығы 80 мұғалім кіріктірілген бағдарлама арқылы ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстан өтіп, сертификат алды. Қазіргі таңда биология, химия, физика және информатика пәндері бойынша 66 мұғалім терминологиялық сөздерді ағылшын тілінде үйретіп, сабақтар жүргізіп келеді. Бұл үшін де мұғалімдерге қосымша ақы қарастырылған.

Көнерген мектептің көркі кірді
Аудандар арасында апаттық жағдайдағы мектептің жоқтығымен тек Қазалы ғана мақтана алады. Бұл тұрғыда бірнеше жыл бойы жүйелі жұмыс жасалды. Онымен қоймай биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында 9, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 1 білім беру ұйымына жөндеу жүргізілді. Оның ішінде №24, 226, 165 мектеп қабырғалары күрделі жөндеу көріп, №17, 70, 88, 96, 100, 190 білім ордалары мен «Шағала» балаларды сауықтыру лагері құрылысшылар қолынан өтті.
Аталған бағдарлама аясында жаңадан 230 жұмыс орны ашылып, 115 жұмысшы Жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша кәсіп тапқанын газет бетінде жарық көргенін оқырман қауым ұмыта қоймаған болар. Жауапты мекеме бүгінде жобалардың барлығы аяқталып, заңдылығына сәйкес қабылдау жұмысы жүргізілгенін айтты.
Бұл аз десеңіз, білім саласы бойынша келер жылдың «Жол картасына» 3 жоба ұсынылып отыр. Оның бірі – кенттегі Достық көшесінен 250 орындық мектеп салу. Ұсыныста №226 гимназияға спорт зал тұрғызу мен Бозкөл ауылына 90 орындық балабақша салу мәселесі де қарастырылған. Ал биыл 15 мектепте 28 кабинет (химия, биология, физика) жаңа модификациялық құрылғылармен жабдықталып, 9 мектепке қосымша бейнекамералар орналастырылған.

Топқа түсіп, бәйге алған
Газет оқырмандары қазалылық оқушылардың бәйгеде ылғи бәсі биік болатынына көзі үйреніп кеткен. Бұл да болса білім саласының ілгері істерінің әсері болса керек. Әйтеуір жылына бірнеше мәрте мектептердің үздігі, оқушылардың алды болып келе жатқанымыздыдың толтырып айтуға болады. Мәселен, осы оқу жылында облыстық білім басқармасы «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен ZOOM платформасында 11-17 жастағы оқушылар арасында «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың республикалық жарысының облыстық кезеңі өткен болатын. Оған Оқушылар үйінің «Электротехника» үйірмесінің мүшесі, №70 мектептің 9 сынып оқушысы Елдос Жалғасбай қатысып, қос бірдей «Радиомен басқарылатын көлік модельдері» мен «Кеме модельдері» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген еді.
Сондай-ақ облыстық «Шешеннің тілі – шебердің бізі» байқауында №249 мектептің оқушысы Аймейір Абдрахым бірінші, Әсел Жалғас екінші, 8 сынып оқушысы Бірханым Сәдуақасова үшінші орынды иеленгені бар. Ал 2020 жылдың қазан айында «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумының облыстық кезеңінде видео блоктар бағыты бойынша №249 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Сауле Қоламсақ үздік үштікті қорытындылады.
Беріректе жалпы білім беру ұйымдарының 11 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика ­циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың бірінші аймақтық кезеңі өтіп, тағы да №249 мектеп-лицейдің шәкірті Әсем Серік пен №226 гимназияның 11 сынып оқушысы Ақбөбек Қәдірбек екінші орынды меншіктеді. Екінші іріктеу кезеңінде 59 ұпай жинаған №249 мектеп-лицейдің дарыны Серік Әсем республикалық кезеңге жолдама алды.
Әлі күнге дейін лицейліктер додада дара шабатыны асқан ризашылықпен айтылады. Содан да болар Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей биыл «Үздік орта білім ұйымы» конкурсының жеңімпазы атанып, 17 миллион теңге грант жеңіп алғанын білесіздер. Сонымен қатар білім беру ұйымы «Bilim Media Group» компаниясы ұйымдастырған «Үздік Online Mektep» байқауында жеңімпаз атанып, BilimBook интерактивті сенсорлық панелін жеңіп алғаны білім ордасының әлеуетін айшықтап тұр.
Спортты серік еткен жас оғландар да облыстық, республикалық бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінуде. 2020 жылдың қазан айында мектеп оқушылары арасында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысының аудандық іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған мектеп командалары облыстық онлайн іріктеу кезеңінде бес асық, асық ату және тоғызқұмалақ түрлерінен қатысты. Нәтижесінде бес асықтан 9-11 сынып оқушылары арасында №134 мектеп командасы жүлделі бірінші орын, 7-8 сынып оқушылары арасында №97 мектеп командасы үздік үштікті қорытындыласа, 5-6 сынып оқушылары арасында №97 мектеп командасы екінші орынға тұрақтады. Асық атудан 5-6 сынып оқушылары арасында №165, 7-8 сынып оқушылары арасында №276, 9-11 сынып оқушылары арасында №249 мектеп-лицей командасы барлығынан мықты екендерін дәлелдеді.
Бұдан бөлек қараша айында У.Төрәлиұлының 100 жылдық ­мерейтойына орай мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақтан, асық атудан және шахматтан облыстық онлайн жарыс өтті. Нәтижесінде асық атудан №249, 276, 170 мектеп оқушылары бірінші, тоғызқұмалақ жарысында №91, 92 мектеп шәкірттері қоланы жеңіп алды. Көп ұзамай облыстық білім басқармасы аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында белтемірге тартылу, қолды бүгіп жазу (отжимания) және кеудені жерден көтеруден өткен додада №266, 216 және 91 мектептің оқушыларынан құралған Қазалы ауданының командасы қатысып, екінші орынды місе тұтты.
Денсаулық жағдайына байланысты құрдастары жеткен жетістікке қызығатын оқушылар да назардан тыс қалмауы керек. Осыны ойлаған сала мамандары «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығымен ақылдасып «Шексіз өмір» атты фестиваль өткізіп, нәтижесінде №103 орта мектептің 8 сынып оқушысы Қарақат Бақытбек, №88 орта мектептің 9 сынып оқушысы Ұлбосын Арзығұлова екінші орыннан көрінді. Бұлармен бірге бағын сынаған №249 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Динара Күнділда ­сайыс жеңімпазы атанып, республикалық кезеңде үшінші орынмен туған жер атын танытты.
Тағы бір қуанышты жаңалық, «Волонтер жылына» орай «Асыл мұра» жобасы аясында Республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы ұйымдастырған «Birgemiz:Asyl mura» жалпыұлттық жобасына Қазалы ауданының ерікті жасағы өз жобасын ұсынып, топтан дараланды. Тағы 300 000 теңге шағын грантын жеңіп алды. Волонтерлар Жанкент қалашығында археологиялық іздеу жұмыстарын жүргізіп, қазба жұмысының барысында табылған көне жәдігерлерді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «археология және этнография» ғылыми орталығына өткізді. Жоба жетекшісі Қазалы аудандық Оқушылар үйі «өлкетану» үйірмесінің жетекшісі Жанар Жүрсінәлиқызы үйірме мүшелері, №70 орта мектеп оқушылары Гүлнұр Абдрахманова, Абдрасул Жарқынбай мен Ақбота Сәрсембаеваға үздік бағыт-бағдар көрсете білгенін де айта кеткен дұрыс.
Сонымен қатар «Асыл мұра» жобасы аясында ұйымдастырылған «Үздік волонтер экскурсовод» онлайн байқауына қатысқан №249 мектеп-лицейдің үздігі Қанат Ғаниұлы бірінші орынды еншіледі. Ал №17 орта мектепте оқитын Диас Ілияс қоланы қанжығалады.
Күні кеше Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай өткізілген ХХІ Республикалық «Абай оқулары» байқауынан екінші орынды алып, смарт сағат ұтқан №170 орта мектептің шәкірті Аяулым Жеңісбекқызын да айтпай кетуге болмас.
Жалпы аудандық білім бөлімі төңірегінде сыни әңгімелер де айтылатынын жасырмаймыз. Бірақ бәйге алған балалардың қуанышы, білім ордаларының талапқа сай болуы мен мұғалімдердің қуанышы мұндай келеңсіздіктерді ұмыттырып жіберетіндей. Жақында ғана тағайындалған байырғы жас, қазіргі бас ұстаз бөлімнің алған биігі аласармайтынын, сала жетістігі жыл санап арта беретінін тілге тиек етті. Жоғарыда айтылған дарындар тұрғанда басшы сөзіне сенбеске шара қалмайды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

05 желтоқсан 2020 ж. 1 213 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031