Жаңа оқу жылы жаңаша басталды
Биыл елдегі ахуалға байланысты Білім күнін оқушылардың басым көпшілігі үйде қарсы алды. Кім қалай оқиды? Шәкірттерді қашықтан оқыту қаншалықты қауқарлы? Жалпы ауданның білім саласындағы өзгерістер қандай? Төмендегі әңгіме желісі осы туралы өрбігелі отыр.
Мектепке дейінгі тәрбие
Қазіргі таңда 31 балабақша мен 21 шағын орталықта 5065 бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 3 пен 6 жастағы балаларды балабақшамен толықтай қамту мәселесі оң шешімін табуда. Бүгінгі таңда «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар педагог қызметкерлердің үлесі 67 процент.
Жалпы орта білім беру
Жаңа оқу жылынан бастап 11 сынып жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Сонымен аталған білім беру жүйесіне кезең кезеңімен көшу толық аяқталады. Аудандық бюджеттен бөлінген 92890,0 мың теңгеге оқулықтар алынып, мектептерге таратылды. Өткен оқу жылында жеткен негізгі жетістіктерге тоқталсақ, облыстық және республикалық олимпиадаларға 23 оқушы қатысып, 17-сі жүлдегер атанған. 7 оқушы республикалық пәндік олимпиадада бақ сынауға мүмкіндік алды. 2020 жылы халықаралық байқауларда 19 оқушы мен 2 мұғалім, республикалық кәсіби байқауларда 7 педагог жүлдегерлер қатарынан табылды. Жуырда Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ұжымы облыс бойынша «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 17 миллион теңге қаржылай грантқа ие болды.
2020 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 632 мектеп бітірушінің 522-сі қатысты. Былтырғы жылмен салыстырғанда қатысушылар саны 13 процентке артқан. Талапкерлердің орташа балы 79,4 құрады және облыс бойынша Қызылорда қаласымен бірге жоғары нәтиже көрсетті. Мектеп бітірушілердің 76 проценті, яғни 399-ы мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған 110 бітірушінің 104-і (95%) жоғары және арнаулы оқу орындарында ақылы түрде білім алуда.
Ұстаздардың үлесі
Аудандағы білім беру ұйымдарында сабақ беретін 2425 мұғалімнің 2014-і жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, қалған 411 мұғалім жоспарға сәйкес мерзімінде курстан өтеді. Бағдарламаға сай нысаналы көрсеткіш толық орындалды. Аудан бойынша педагог қызметкерлердің жалпы санындағы бірінші және жоғары санаты бар педагог қызметкерлердің үлесі 2020 жылы 61 процентті құрап отыр.
Кімдер қашықтан оқиды?
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі еліміздегі коронавирус індетінің алдын алу, оқушылар мен мұғалімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылының бірінші оқу тоқсанында барлық білім беру ұйымдарындағы шәкірттерді қашықтан оқытуды енгізді.
Осыған орай күндізгі нысандағы 37 білім беру ұйымының 31-інде оқушыларға қашықтан, ал бала саны 100-ден кем және шалғай елді мекенде орналасқан 6 мектепте /№78,146,134,259, 258,93/ штаттық режимде және екі ауысымда, барлық күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 420 шәкірт мектеп қабырғасында білім алуда.
Қашықтан оқыту үшін қажетті электронды құрылғылар мен олардың интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне байланысты мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде қажеттілікке сәйкес электронды құрылғылар алуға, білім беру платформаларына қосылуға, дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, жұмыс жасалуда. Бұл игі іс әлі де жалғасын табады.
Жаңа бағдарлама жүзеге асады
Жаңа 2020-2021 оқу жылында елдің жалпы білім беретін мектептерінде «Құндылықтарға негізделген білім беру» бағдарламасы іске асырылады. Бұл білім алушылардың бойында жалпыадамзаттық, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дамытуға, олардың рухани-адамгершілікті қастерлеуін қамтамасыз етуге, экологиялық мәдениетін, салауатты және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ оқу жылында «Туған елге тағзым» жалпыреспубликалық экспедициясы, ауыл, қала, көше мен елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар тарихын зерттейтін «Тарих тағылымы», ақындар, жыраулар, күйшілер шығармалары арқылы ұлттық фольклорды зерттейтін «Қазақ мәдениетінің антологиясы» әлеуметтік жобалары енгізілген «Ұлы Дала мұрагерлері» жобасы мәнін жоймайды.
Қосымша білім – жаңашылдық үлгісі
Аудандық білім бөліміне қарасты 3 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде 1 музыка мектебі, 1 оқушылар үйі, 1 ақпараттандыру орталығы оқушыларға қосымша білім береді. Қазіргі таңда аталған білім ошақтарында 2257 оқушы тәрбиеленуде.
Сонымен қатар мектеп жанындағы пәндік үйірмелерге 8325, спорттық үйірмелерге 7238 шәкірт тартылған. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында барлық мектеп жанынан техникалық, өнер, спорт үйірмелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Инклюзивті білім беру – қоғам қажеттілігі
Ауданда ерекше білімге қажеттілігі бар балалар саны 831 болса, оның ішінде 387-сі инклюзивті біліммен қамтылған. Үйден оқитын 89 оқушының 27-сі арнайы білім беру бағдарламаларымен, 62 бала жалпы білім беру бағдарламасымен оқиды. Мектепке дейінгі ұйымдардағы 316 баланың 123-і арнайы мамандардың психологиялық түзеу жұмыстарымен қамтылған. Бүгінде 22 мектепте арнайы дефектолог, логопед жұмыс жасайды.
Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивтік ортаны қалыптастыру бойынша 2020-2022 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы аясында 6 балабақша арнайы мамандармен қамтылды. Сонымен қатар 6 логопед кабинеті ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ №249, №266 мектеп-лицей және №204, №16, №170 мектептерде инклюзивті кабинет ашу үшін 15000,0 мың теңгеге арнайы құрал-жабдықтар алынған.
Қыркүйек айында аудандағы 28 мектепте жаңа модификациялық физика, химия, биология пәндік кабинеттері жабдықталады. Сонымен бірге қыркүйек айында инновациялық 4 білім беру ұйымына /№16,226,249,266/ 3D модельдеу кабинетінің құрал-жабдығы алынып берілетін болады.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ