Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлсіздікті жеңудің әдістері

Әлсіздікті жеңудің әдістері

Күнделікті өмірде иммунитеті төмен адамдар аурушаң келеді деген сөзді жиі естиміз. Әйтсе де оның не нәрсе екенінен, қалай жоғарылатуға болатындығынан азды-көпті хабардар болсақ та, нақты қандай іс-әрекетке көшу керектігін білмей жатамыз. Осы орайда пайдалы кеңестерді оқырман назарына ұсынбақпыз.
Қарапайым тілмен айтқанда иммунитет дегеніміз – ағзаның кез келген ауруға төтеп бере алу қабілеті. Жанымызда отырған адам түшкірсе де ауырып қалатын кездеріміз болады. Яғни бұны дәрігерлер иммунитеттің әлсіздігімен байланыстырады. Бұндай кезде адамға әртүрлі ауру үйір келеді. Бұнымен қалай күресеміз, қандай көкөністерді ас мәзірімізге қосуымыз керек біле жүріңіз.
Денсаулықты нығайту туралы сөз болғанда алдымен дене шынықтырумен айналысудың аса маңыздылығы айтылады. Осы ретте таза ауада серуендеудің денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз. Жаяу әрі жылдам жүрсеңіз бойыңызға қан жүгіріп, ағзаңызға оттегі тарап, зат алмасу жылдамдайды. Осының әсерінен тотығу-түзелу жаңаланып, көңіл-күйіңіз көтеріледі. Ал көңілдің көтеріңкі болуы иммунитеттің жоғарылауына бірден бір себепші. Алайда дене шынықтырудың мәнісі осы екен деп, ағзаға артық күш салуға болмайды. Шамадан тыс қиналып, өзіңізді зорықтырып аласыз. Әр нәрсені аз-аздан бастаған абзал. Мәселен, жылдам жүруді бірінші күні шақырымнан бастасаңыз болады. Күн өткен сайын қашықтықты қалауыңызға қарай қосыңыз.
Сондай-ақ сарымсақтың сан аурудан сауығуға септігі тиеді. Сарымсақты шикідей жегенде, аллицин заты бөлінеді. Бұл зат түрлі зиянды бактерияларды жояды және антисептикалық, яғни залалсыздандыру қабілетіне ие. Егер сарымсақты қыздырса немесе ыстық суға салса, онда аллицин бөлінбейді. Ас мәзіріне шикі сарымсақты қоссаңыз, ағзаңызды өкпе құрты, дизентерия, кандидоз бен герпес ауруларын тудыратын түрлі бактериялардан қорғайсыз. Оның құрамындағы аллицин жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметін реттейді. Күніне сарымсақтың бір бөлігін жесе, қантамырларын нығайтып, қан айналымын жақсартады, залалды холестерин мөлшерін 10 процентке төмендетеді. Сәйкесінше, қанның ұюын болдырмай, жүрек талмасының алдын алады. 12 апта бойына сарымсақты үзбей қолдану артериалды қан қысымын реттейді. Қант диабетімен ауыратындар күнделікті сарымсақ жегені жөн. Ол қандағы қант мөлшерін 25 процентке төмендетеді. Бауырдағы инсулиннің ыдырауын баяулатады. Сонымен қатар, қан тамырлары және күре тамырларының жұмысын реттеп, қант диабетімен ауыратындардың жүрек қағысын жақсартады. Вирусты ауруларды емдеуде және олардың профилактикасында таптырмас табиғи дәрілік құрал. Сарымсақты күнделікті пайдалану, тұмаудың 60 процент алдын алуға болатыны дәлелдеген. Тұмаудың алдын алу немесе ауыра қалған жағдайда емдеу үшін күніне 2-3 рет мұрынға сарымсақтың суын тамызған жақсы. Көкөністің құрамындағы күкірт, диаллил сульфид, саллил цистеин мен селен ағзадағы шлакты сыртқа шығарып қана қоймай, қатерлі ісік жасушаларын өлтіреді. Зерттеулер нәтижесі сарымсақты күнделікті қолдану қатерлі ісіктің пайда болуын 20 процентке төмендететінін көрсеткен. Соның ішінде, асқазан рагі, тоқішек ісігі, бауыр, сүт безі ісігі қаупін азайтады. Ас-ішек жолдарына өте пайдалы. Оны күнделікті пайдалану, асқазан сөлінің бөлінуін және темірдің дұрыс сіңуіне көмектеседі. Ас-қорыту процесін жақсартады. Қарынның жұмысын реттейді. Ішек жұмысын жақсартады. Тәбетті көтереді. Алайда асқазан ойық жарасы және басқа да аурулардың асқынуы кезінде сарымсақты қолданбаған абзал.
Сарымсақтың аяқ-қол буындары үшін пайдасы зор. Тұз жиналудың алдын алуға болады. Зақымданған буынның тіндерін қалпына келтіреді. Сүйек майларының азаюын болдырмайды. Сондықтан да сарымсақты ас мәзіріне қосыңыз.
Әр нәрсенің екі ұшы болатыны сөзсіз. Сарымсақтың зиянды тұстарында ескерген жөн. Құрамы түрлі элементтерге өте бай, десе де оны шамадан тыс жеуге болмайды. Әйтпесе, уланып қаласыз. Күніне 8 тіс сарымсақты жесе, қан кетеді. Сарымсақты аш қарынға жемеген жөн. Асқазаны ауыратындар ауруы асқынған не қозған кезде сарымсақты жемегені дұрыс. Көп жесе, ішке газ көп жиналады. Жүрек айнып, бас ауырады. Дене температурасы көтеріледі. Сарымсақты балғын күйінде жеген жөн. Сонда ғана оның құнары мен пайдасы бойға дариды.
Бұдан бөлек, иммундық жүйені нығайтуда A, B5, C, D, F, PP дәрумендерінің маңызы зор. Жалпы барлық өсетін тағамдар мәселен құрамы бета-каротинге бай сәбіз, қызыл бұрыш, қауын, қызанақ, асқабақ сынды көкеністер ағазаға аса қажет. А дәрумені мен каротиндер антигендердің соққысына төтеп беріп, иммундық әрекетке жауап берсе, екінші қырынан рак ауруларынан қорғауға қауқарлы. С дәруменінің ­басты қайнар көзі – қарақат, итмұрын, цитрус жемістері, қышқыл орамжапырақ, лимонда. Ағзада осы дәрумендер жетіспегенде қарсы денелердің қарқыны баяулайды, ал аталған дәрумендер ішкен асыңыз арқылы бойыңызға тараса иммундық жасушалар жеткілікті деңгейде өндіріледі. + В дәрумені шемішке, қара нан, жаңғақ, қарақұмық, саңырауқұлақ, ірімшік сынды тағамдарда бар. Сонымен қоса жаңғақ, шемішке сынды тағамдардағы Е дәрумені жасушаларды түрлі жарақаттардан сақтайды. Иммуниетті күшейтуге бірден бір пайдасын тигізетін минералдар селен, цинк, магний, кальций, темір, йод, марганец. Бұл минералдар жаңғақтар мен бұршақ тұқымдас шемішкелерде, тұтас жармаларда сондай-ақ шокаладтың құрамында болады. Осы тағамдарды тұтынудан бас тарпаңыз.
Сәбіз, қызылша, орамжапырақ, қызыл бұрыш, анар, мейіз, қара өрік, сары өрік, алма, қызыл жүзім, мүкжидек, жаңғақ, сарымсақ, пияз, жаңа сығылған шырынды көбірек тұтыныңыз. Балық және теңіз өнімдерінің құрамындағы әлі толықтай сіңбеген майлы қышқылдар ағзадағы қорғаныш қабілетін өте жақсы көтереді. Картоп пен өріктің, жаңғақ пен қарақұмық сондай-ақ сұлы жармасының құрамында калий бар. Осы тағамдардан тартынбаңыз. Сүттен жасалған тағамдарда тірі бактериялар көп. Түрлі биоайрандар мен биойогурттар интерферонды жақсы түзіп береді. Ағазадағы радионуклидтерді қуып шығудың таптырмас әдісі. Көк шайді көбірек ішіңіз, бал қосып ішіңіз. Асқабақты үнемі тұтыну керемет нәтиже береді.
Р.S: Денсаулық – зор байлық. Барлық арман-мақсатқа жетудің басты жолы деннің саулығы. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу бүгінгі күннің талабына айналды. Біз білгенімізбен бөлістік, ал сіз иммунитет көтерудің қандай жолын білесіз?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
08 шілде 2020 ж. 358 0

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 33

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 37

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 38

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 71

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 118

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031