Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздардың ұстазы атанған

Ұстаздардың ұстазы атанған

Әр заманда, әр кезеңде халқына қадірлі, айналасына абыройлы адамдар болады. Біреу басындағы бақ-дәулетімен, екіншісі қолындағы билік-мансабымен, енді біреулер ­бойына біткен дарынымен атақ-даңққа бөленеді. Сондай жақсылықтың жаршысы атанып жүрген тұлғалардың бірі – профессор Тілеулес ­Машенбаев.

Тілеулес Бермаханұлы Машенбаев – 1944 жылы Қазалы ауданы, қазіргі Ақтан батыр ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогика институтының жаратылыстану факультетіне түсіп, оны 1967 жылы химия-биология мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Жас маман өзінің педагогикалық еңбек жолын Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепте мұғалім болып бастап, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық комсомол, партия ұйымдарында жауапты жұмыстар атқарады. Аудан басшылары ұйымдастыру жұмыстарына төселген оны аудандық мал-бордақылау бірлестігі партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Партиялық қызметте соңына жағымды сөз қалдырады. Осы істе аудан өмірінің идеологиялық шараларына етене араласып, ұстаздық біліміне қоса үгіт-насихат жұмыстарын терең меңгереді. Мектептегі қызметімен қоса, халық алдына шығып сөйлеу мәдениетін, газет-журналдарға мақала жазу тәжірибесіне төселеді.

Кеңестік кезеңде білімі терең, іскер, тәжірибесі мол мамандарға жас болса да үлкен сенім артылатын. Мұндағы басты талап – істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра алу, сөйтіп, жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Осы тұрғыда ол жігерлілік көрсетеді.

Қоғамдық ойдың биігінен қараса, тіршілік тынысы өрге қарай сүйрейді. Демек, оқу керек, ол үшін іздену керек. Осы ойдың жетегімен 1991-2001 жылдары Алматы теміржол институтына қызметке орналасады. Осында жүріп, педагогикалық біліктілігі бойынша ғылым саласына ден қойып, «Ауыл мектебі жас мұғалімдерінің кәсіби бейімделуінің педагогикалық шарттары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. 2001 жылдан Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика университетінің жалпы педагогика кафедрасында студенттерге педагогикалық пәндерден дәріс беріп келеді. Сонымен қатар магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасайды.

Тілеулес Машенбаев – педагогикалық міндетті және элективті пәндер бойынша 15-ке жуық оқулық пен оқу-әдістемелік құралдардың және 100-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Ғалым-ұстаз елдегі білім беру мен тәрбиенің өзекті мәселелері және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, мақалалар жариялап тұрады. Тұлғатану, туған жер тарихы жайындағы кітаптары да көпшілік оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алған.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, университет профессоры Т.Б.Машенбаев Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының және Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі ретінде халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, тұшымды баяндамалар жасаған. Болашақ педагог мамандардың ұстазы, жас оқытушылардың тәлімгер-жанашыры ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Жоғары мектептегі ұстаздық біліктілігі мен осы жолдағы қол жеткен табыстары үшін, бірнеше мәрте университет басшылығы тарапынан Алғыс хаттармен, «Ұлағат» күміс медалімен, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.

Әр адамның басты парызы – еліне, ұлтына қызмет ету болса, қай жерде, қай өңірде жүрсе де, Тілеулес Бермаханұлы осыған адалдық танытып келеді. Ел ертеңі – жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру – басты міндет болса, білімді, білікті, тәрбиелі жастардың қалыптасуы үшін табанды азамат қолдан келгеннің бәрін жасай білді.

Әрбір мамандықтың өмірде, қоғамда өз орны бар. Қазіргі жаңа оқыту технологияларына сүйенген мұғалім беделді болу үшін «оқушы үніне» ден қоюы керек. «Оқушы үнінің» белгілі жақтаушысы Джин Раддок «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты – қабылдаушының көзқарасы тұрғысынан алғанда оқудың не екендігін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» екендігін жазады. Оқушымен пікірлесу, алаламау, жалпы алғанда, мұғалім психолог ретінде оқушы үлгерімінің жақсаруына барлық жағынан қамқор болуы қажет. Сонда ғана іс өнеді, оқушының білім алуға деген сенімі жоғары болады, оқушылар қатаң мұғалімді жақсы көреді. Себебі, талап қоя білетін мұғалім – оқушыға нағыз жанашыр мұғалім. Бұл – тәжірибелі ұстаздың өз ойы.

Ұстаз еңбегін түрлі анықтамалармен бағалап, түрлі өлшемдермен өлшеудің қажеті жоқ. Бүгінгі тілмен айтсақ, ұстаз рейтингі шәкірттері арқылы көрінеді, яғни шәкірттер – ұстаз еңбегінің айнасы. Үнемі ізденіп, білім беру саласындағы соңғы технологиялар мен әдістерді меңгеріп, түрлі семинар, курстарға қатысып, өз бетінше білімін жетілдіріп жүретін шығармашыл ұстаз Т.Машенбаевтың шәкірттерінің де білімі зор.

– Өскелең ұрпақтың білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алғаны маңызды. Бұл ұлттық болмысқа негізделген рухта тәрбие беретін орын. Ол өзінің қызметін халқымыздың тамыры тереңде жатқан мәдени-рухани құндылықтары негізінде жүзеге асырғанда ғана оң нәтиже көрсетпек. Бұл өз кезегінде ұлттық сана-сезімі жетілген, ана тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен рухын жоғалтпаған жас буынды тәрбиелеп шығаруға жол ашады.

Бүгінгі өзгерістер заманында тек білімді болу аздық етеді. Сондықтан біз жас ұрпақты рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойына басқа да ізгі қасиеттерді сіңіріп, өсіруге де күш салғанымыз абзал. Патриот азаматты экстремизмге терроризмге қарсы тұра алатын толеранттылық негізде тәрбиелеу мәселесі қазіргі жағдайда үлкен маңызға ие. Сондықтан ұлттық мәдени құндылықтарды негізге ала отырып, оқыту үрдісінде және сабақтан тыс уақытта іс-шараларды өткізу барысында оқушылардың бойында толеранттылық қасиеттердің қалыптасуы жүзеге асырылады. Осындай іс-шаралар жүйелі және кешенді түрде іске асырылса, тәрбие жұмыстары мақсатына жетіп, нәтижелі болмақ, –дейді ұстаз.

Отансүйгіштік сезімнің басты нысаны – Отан, туған жер, табиғат, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, ұлттық игіліктер мен басқа да құндылықтар. Ұлттық сана-сезім ана тілін білу ел тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру арқылы дамиды. Ана тілін білмейтін немесе оған атүсті қарайтын адам өзінің де, халқының да қадір-қасиетін бағалай алмайды. Жалпы, адам бойында патриоттық сезімнің қалыптасуы, орнығуы отбасынан берілген ұлттық тәрбиеге ­байланысты. Ұлттық тәрбиемен сусындап өскен әрбір жас ұрпақтың дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өсетініне күмән жоқ.

Бүгінде 75 жасқа толып отырған ­профессор Тілеулес Бермаханұлы өркен жайған өнегелі отбасының басшысы. Қасиетті шаңырақтан түлеп ұшқан ұл-қыздарының бәрі де жоғары білімді, өсіп-өркен жайған жандар. Бұл істе отбасының ұйытқысы – апайымыз Зылиха Оңалбайқызының еңбегі зор.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
19 қараша 2019 ж. 1 320 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 78

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930