Тұғырын тапқан қаламгер
Ардақты азамат, белгілі ақын Рүстем Ідірұлы Жанай 1944 жылы 2 тамызда Ғани Мұратбаев ауылының “Дихан” деген жерінде дүниеге келген. 1961 жылы Әйтеке би кентіндегі №420 орта мектепті аяқтасымен комсомолдық бастамамен ауыл-шаруашылығында еңбек етеді. 1963 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына түсіп, филология факультетін үздік бітіріп шығады.
Еңбек жолын Ақтөбе облысы, Шұбарқұдық (қазіргі Темір ауданындағы) №484 қазақ орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Кейін туған жері Қазалыға оралып, №420 орта мектебінде шәкірттерге қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жұмыстан тыс уақытта білім ордасындағы мұғалімдер мен жоғары сыныптағы комсомол мүшелерімен қойын-қолтық араласып, әдебиет үйірмесін ұйымдастырады. Мереке күндері түрлі мазмұндағы іс-шаралар өткізуге ұйытқы болған.
Рүстемнің іскерлік қабілетін байқаған аудан басшылары жас та жігерлі мұғалімді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына тағайындады. Мен сол кезде теміржол училищесінде оқу шебері қызметімен бірге бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қоғамдық жұмысын атқару арқылы Рүстеммен танысып, бірлесе жұмыс жасай бастадық. Үлгілі оқушыларды комсомол қатарына қабылдап, партияның жалынды көмекшілерінің қатарын көбейттік. Сонымен бірге Рүстем жастарды күріш егуге, мал шаруашылығын өркендетуге жаппай бетбұруына атсалысты.
1970-1976 жылдары аудан көлеміндегі «Барсакелмес», «Ақмешіт», «Бомбей», «Юбилей” сияқты жиырмадан астам бұзақы топтармен тәрбие ісін жүргізді. Мектептен бастап, мекемелер ұжымымен, басшы қызметкерлерімен, комсомол жетекшілерімен жиналыс өткізіп, жастар арасындағы бұзақылықты болдырмау жөнінде пікірлесті. Өзі бас болып, күн демей, түн демей көпшілік орындарды аралады. Аупарткомның ішкі істер бөлімінен, комсомол ұйымдары өкілдерінен құралған арнаулы топ көшеде, саябақтарда темекі шегіп, арақ ішетін жастармен жүздесіп, ата-аналарымен ақылдасты. Соның нәтижесінде жастар арасындағы қоғамға жат жаман әдетке тиым салынды.
Бұдан соң Рүстем ауыл шаруашылық қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, КПСС XXII сьезд атындағы совхоз партия комитетінің хатшысы, халық депутаттары аудандық Совет атқару комитеті төрағасының орынбасары қызмет сатыларынан өтті. Жауапкершілігі, өз жұмысына тиянақты қарайтын қасиеті бағаланып, оған 1988 жылы аудан әкімінің орынбасары қызметі сеніп тапсырылды.
Бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев Рүстемге: «Алматыдағы «Тамаша» ойын-сауық отауы көптің көңілінен шығып жүр. Осындай өнер ұжымын бізде де құрсақ қайтеді» деген тілегін айтады. Сосын ол аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жетіскен Мәкеналы, өнерпаз Абдрасулла Ахметовпен пікірлеседі. Сөйтіп арнайы бағдарлама жасалып, аудан көлеміндегі келеңсіз жағдайлар, ауылдағы, қалалық жердегі айтқыштардың әзіл-қалжыңдары топтастырылады. Бұл ойын-сауық ұжымы аудан, облыстан асып, Астанаға дейін барады. Тамаша тарландары Абдрасулла мен Ұлжан Ахметовтер ел қошеметіне бөленеді.
Мезгілінде Ғани Мұратбаевтың 70 жылдығын республика көлемінде атап өтуге, оның мемориалдық музейінің қайта жаңартылуына тікелей басшылық жасаған ол 1992 жылы Елеу Көшербаевтың қолдауымен Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлын есте қалдыру шараларын өткізу жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары болды. Жанқожа кесенесі салынып, баба құрметіне ас берілді. Ат бәйгесі ұйымдастырылып, түрлі спорттық жарыстар өтті. Айтулы шараға облыс, республика көлеміндегі Өзбекстан, Қарақалпақстандағы жерлестер мен зиялы қауым өкілдері келіп, көтеріңкі көңіл-күй үстінде тарады.
Рүстем №8 кәсіптік-техникалық мектепті басқарып жүргенде жоғарғы оқу орнында оқитын бір студентке, Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияның үздік оқушысына және кәсіптік-мектептің үш шәкіртіне өз қаражаты есебінен Жанқожа батыр атындағы стипендия тағайындады.
1990 жылдардағы егемендіктің елең-алаңда аудан көлеміндегі колхоз, совхоздар тарап, кейбір мектептер мен балабақшалар, қаладағы кәсіптік техникалық училище жабылуға дейін барған. Соның басы-қасында облыстық мәслихат депутаты Рүстем Жанай жүрді. Мәселені тиісті орындар назарына ұсынып, мектептер мен балабақшаларды, кәсіптік білім беру ошағын жаптырмай алып қалған. Қ.Пірімов, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Ғани Мұратбаев ауылындағы мешіттердің жөнделуіне жанашырлық көрсетті.
Рүстем ізбасар өнер иелерінің шығармашылық кештерін өткізуді қолға алып, ақын Жетіскен Мәкеналыны, күйші Орақ Баубековті және әнші Ғалия Оспанованы жұртшылыққа танымал етті.
Рүстемнің мінезі ақжарқын, біреуге болмасын демейтін, қатты сөз айтпайтын, сыпайы, сырбаз мінез, сері жігіт еді. Ол Жарасқан Әбдірашев, Әнес Нарымбетов, Балтабай Тәжімбетов, Есқара Көмекбаев, Едіге Кішкенеев, Жетіскен Мәкеналы сияқты үлкенді-кішілі ақындармен емен-жарқын сыйластықта болған.
«Адамда дос көп болмайды. Бірен-саран болмаса, адам өзінің біліміне, білігіне, қабілет-қарымына, зейін-зердесіне қарай сөз жарасқандармен дос болады. Өзін-өзі ілгері сүйрей білген жан әсте далада қалмайды, ол халқына да қалтқысыз қызмет етеді» – дейтін Рүстем.
Осындай ардақты азамат, талантты ақын дүниеден тым ерте өтті. Соңында мол мұрасы – асыл жырлары қалды. Оның жазған кітаптарындағы өрімді өлең, әсерлі әңгімелері оқырмандарға әрдайым рухани азық болып қала береді.
Көзі тірісінде:
«Арманшыл жанның бірі едім,
Тұғырын таппай тоқтаман,
Жыр қонған елдің ұлы едім,
Өлеңсіз өмір жоқ маған» – деп шабыттана жырлағанындай шығармашылық ортадан ойып тұрып өз орнынан алған қарымды қаламгердің есімі көптің жүрегінде мәңгілік сақтала береді.
Жеткербай МАХАМБЕТ,
Кеңес ӘЛИАСҚАРОВ