ҚР Президенті Кеңсесі басшысының өкілеттік мерзімі ұзартылды
ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің өкілеттік мерзімі ұзартылды, - деп хабарланды Ақорданың ресми сайтында.
"Мемлекет басшысының Өкімімен "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбековтің өкілеттігі 2019 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы мерзімге дейін ұзартылды", - делінген хабарламада.
Махмұд Қасымбеков 1952 жылы 2 тамызда Жамбыл облысындағы Шу қаласында дүниеге келген.
Білімі жоғары, математика пәнінің мұғалімі, экономист, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолын 1969 жылы Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастады.
1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының математика факультетін, 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономикалық факультетін, 1990 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1973-1976 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты комсомол комитеті хатшысының орынбасары, кейіннен хатшысы болып істеді.
1976-1983 жылдары Фрунзе аудандық, Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, республика комсомолы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.
1983-1990 жылдары Алматы облыстық және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде еңбек етті.
1990 жылдан – Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты, кейіннен Мемлекет басшысының Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі.
1996 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің меңгерушісі, ал кейіннен бастығы қызметін атқаруда.
М.Б.Қасымбеков 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялаған, ол 25-ке тарта кітаптардың авторы, телавторы және құрастырушысы болып табылады. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев", ІІІ дәрежелі "Барыс", "Құрмет" ордендерімен, 7 медальмен марапатталған.