Аудан әлеуеті артып келеді
Жыл өткен сайын ауданның әлеуеті артып келе жатқаны көрер көзге белгілі. Әлеуметтік маңызы бар жұмыстардың ауқымды түрде атқарылуы аудан экономикасына айтарлықтай серпін беретіні ақиқат. Оның үстіне халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету, газдандыру, жылумен қамту, автокөлік жолдарын салу, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, электр желілерін жаңарту, қалааралық, ауданішілік жол-көлік қатынасы, елді мекендерді абаттандыру жергілікті атқарушы билік өкілдерінің абыройын арттырады. Осы тұста аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің жетекшілігімен бірталай игі істер атқарылғанын білеміз. Тиісті бөлім мамандарының берген деректеріне сүйеніп, жасалған жұмыстардың бірқатарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Маңызды жолдар жөнделуде
Аудан аумағына қарасты барлығы 406,2 шақырымдық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Оның 184,2 шақырымы асфальтты, 141-і қиыршықтасты және 81 шақырымы топырақты көшелерге жатады. Аталған автожолдар бойында 80 су өткізгіш құбыр, 25 темір-бетон көпір, Сырдария өзенінің Абай, Қарлан, Әлсейіт өткелдерінде 3 қалқымалы көпір өткіншілерге қызмет көрсетуде.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақсарту бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті арқылы Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей бағытындағы жолдың басынан 16 шақырымына дейін, сонымен қатар 16-30 шақырымы, Қожабақыдан Бекарыстан би ауылына апаратын жолдың басынан 18 шақырымына және Басықара-Абай-Өркендеудің 20 шақырымына дейін жөндеуге республикалық, облыстық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы 50/50 проценттік мөлшерлемемен қарастырылған. Өткен жылы республикалық бюджеттен қаралған ақшаға барлығы 9,7 шақырым жолға асфальт қабаты, 19,5 шақырымға малта тас қоспасы төселді.
Осы жылы ағымдағы жұмыстар жалғасын тауып, Қазалы-Қожабақы-Бозкөл жолының 45-76 шақырымы, аудандық маңыздағы автомобиль жолынының аралығындағы 7 шақырым күрделі жөндеуден өткен.
Сонымен қатар 2019 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 50/50 проценттік мөлшерлемемен 7 жоба бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге де қомақты қаржы бөлінген. Оған Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңакұрылыс жолының 33, Самара-Шымкент-Байқожа жолының 2 шақырымы, Әйтеке би кентіне кіреберістің 3, Әйтеке би-Қазалы қаласы-Шағала лагері жолының 4, кент айналма жолының 6, Әйтеке би кенті-Водокачка елді мекені арасының 9, Қазалы қаласы айналма жолының 5 шақырымына жөндеу жүргізілген.
Бұдан бөлек облыстық бюджеттен қаралған 50 миллионнан астам қаржыға Түктібаев елдімекенінің 7 көшесін орташа жөндеуге, аудандық бюджеттен бөлінген 130 миллионға жуық қаражат Қ.Пірімов ауылының 3 көшесін, Ақсуат ауылындағы Амангелді көшесі мен кенттегі Аймауытов көшесін (Бөріқұлақов көшесінен бастап Біржан сал көшесіне дейін) қалыпқа келтіруге жұмсалған. Келер жылы 4 жоба бойынша аудандық бюджеттен бөлінген 2 500 000 теңгеге жоба сметалық құжаттар әзірленіп, ведомоствалық сараптамадан өтуге жолданған.
Сондай-ақ “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы шеңберінде аудан бойынша Қазалы қаласының 8 шақырым құрайтын 10 көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Бұл үшін мамандар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментіне бюджеттік өтінім тапсырып қойған. Оның жалпы құны 724 млн теңгені құрайды.
Сонымен қатар Самара-Шымкент-Әйтеке би кенті тас жолының аудандық маңыздағы 6,2 шақырымын және Әйтеке би-Қазалы жолының 7 шақырымын қайта жаңғыртуға байланысты ҚР Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қаржыландыру үшін тиісті өтінім ұсынылған. Жауаптылар кенттің 10 көшесін қайта жаңғыртуға, 44 көшені орташа жөндеуден өткізуге, ауданның тағы 11 ауылындағы 21 көшеге жөндеу жасау үшін бюджеттік өтінім жолдап қойғанын айтады. Ал Басықара-Абай-Өркендеу, Басықара-Алпар, Бозкөл-Тасарық ауыларалық жолдарының сапасын арттыру мақсатында жоба даярланғанда оның экономикалық тиімділігі мен көлік қозғалысының жиілігі және халық саны ескерілетін болады. Жоба ішіне аудан аумағына қарасты Әйтеке би-Тапа-Шәкен-Шилі елді мекендері аралығының 110 шақырымы, Әйтеке би-Басықара-Сарбұлақ елді мекендерінің 75 шақырымы, Лақалы елді мекеніне кіреберістегі 4 шақырымының техникалық-экономикалық негіздемесі енгізіледі.
Кент көшелеріне көңіл бөлінеді
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінің ішкі көшелерінің сапасы сын көтермейтіні көп айтылып жүрсе де, соңғы уақытта жөндеу жұмыстары ерекше қарқын алғаны байқалады. Жауапты мамандар аудан әкімінің тапсырмасымен өткен жылдың басында көшелердің жағдайын жақсарту үшін 55 көшені орташа жөндеуге байланысты жоба сметалық құжаттар әзірлеген. Жобаның алғашқы кезеңіне өткен жылы облыстық бюджеттен 120 млн теңге қаржы бөлініп, Әйтеке би кентінің Қ.Ерімбет көшесі толық асфальттанып, Жетес би, Мағзаман әулие көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Ағымдағы жылы аталған көшелердің жұмысын толық аяқтауға көңіл бөлініп, бүгінде пайдалануға берілген. Бұдан бөлек 2019 жылы жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын С.Сүлейменов, Жалаңтөс батыр көшелері қалпына келтірілген.
Кент ішіндегі жолдарды стандартқа сай қылу үшін мердігер мекеме «Қазалы Жолшы» серіктестігі тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ішкі көшелердің тағы 12-ін ағымдағы жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен тиісті қаржы қаралған.
Жол белгілерімен жарақтандырылады
Көшелер мен автокөлік жолдарында жол ережесі белгілерінің жеткілікті орнатылуы көптеген қайғылы жағдайдың алдын алатыны белгілі. Олардың өз орнында тұрғандығы, сапасының жоғарғы деңгейде болуы әрқашан бақылауда болуы тиіс. Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп ұстауға бюджеттен 25 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, мердігер мекеме «Абзал И М» серіктестігі тарапынан тиісті шара атқарылып жатыр.
Аудан көлеміндегі қауіпсіз жол қатынасын қамтамасыз ету мақсатында жол белгілерін орнату жұмыстарына жалпы құны 8, 113 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Конкурс жеңімпазы кент көшелеріне 131 жол белгісін, 1 жол кедергісі мен 43,25 шақырым аумаққа жолақтар сызатын болады.
Алайда мамандар орнатылған жол белгілерін бүлдіру, майыстыру, тесіп кету, жұлып тастау сияқты тұрғындар тарапынан жасалатын теріс әрекеттер тыйылмай отырғанын айтады. Қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен полиция қызметкерлері аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыс істеп, халық өздерінен жиналған салыққа салынған игі істің берекесін қашырмаса нұр үстіне нұр болар еді.
Көпірлер қалтқысыз қызмет көрсетеді
Аудан халқы көктем мен күз мезгілінде Сырдария өзенінен сең жүруінен қиындық көретіні белгілі. Көпірлердің сапасы сын көтермейтіндіктен бұл жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге айналған-ды. Бірақ соңғы уақытта көпір жөндеу жұмысына баса ден қойылып, елді мекендермен байланыстыратын өткелдердің жай-күйі тұрақты бақылауға алынды.
Мәселен, Абай ауылындағы Сырдария өзені бойындағы қалқымалы көпірді күтіп ұстау мақсатында «Қазалы Жолаушы» серіктестігімен келісімшарт жасалып, орын алуы мүмкін кедергілер еңсерілді. Ал Қарлаң өткелі аудандық қаржы бөлімі арқылы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты негізінде «Қазалы Жолшы» мекемесіне басқаруға берілді.
Кейбір көпірлерге жыл сайын жөндеу жұмыстары жасалып тұратынына қарамастан істен шығып қалатыны тұрғындар арасында көп талқыға түседі. Аталған мәселені шешу мақсатында тиісті сала мамандары Әлсейіт көпірінің құрылысын қолға алды. Бұл көпір ағымдағы жылы пайдалануға берілуі мүмкін. Ал Бірлік ауылы маңындағы «Қарлаң» учаскесіне автомобиль көпірін салу үшін көпірдің техника экономикалық негіздемесін алуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда тиісті мамандандырылған мекемелер тарапынан зерделеу жұмыстары басталып кеткен.
Бұдан бөлек «Қожабақы-Бекарыстан би» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 25 шақырымындағы темір-бетон көпірін қайта жаңғырту бойынша бюджеттік өтінім жасалып, бөлінген қаржы көлеміне қарай «Жылу ХХІ» мекемесі жоспар бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы аудан бойынша жолдарды жөндеуге, күтіп ұстауға жыл сайын қыруар қаражат бөлініп келеді. Дегенмен жаңадан салынған, жөндеуден өткізілген жолдардың сапасы жайында сын айтушылар көп екені жасырын емес. Жауапты мекеме мамандары аудан әкімі, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары жол сапасының жоғарғы дәрежеде жасалуын қатаң бақылауда ұстап отырғандарын жеткізді.
Ғ.Мұратбаев ауылына көгілдір отын кіргізіледі
Аудан аумағын толық көгілдір отынмен қамтамасыз ету алдағы уақыттың жоспарында барын білеміз. Бүгінде кент көлеміндегі тұрғын үйлердің көп бөлігіне газ кіргізілген. Жалпы ұзындығы 383,7 шақырым газ құбыры, оның ішінде жоғарғы қысымдағы 10,2 орташа қысымдағы 30,2 және төменгі қысымдағы 342 шақырым құбыр тұрғындарды жайлылықпен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, кентте 8132 тұрғын үй тіркелген болса, оның 6250-і газ желісіне қосылған. Бұл жалпы баспананың 76 процентін құрайды.
Осы кезге дейін 16 мемлекеттік мекеме, 4 емхана, 4 мектеп, 3 спорт кешені, 5 балабақша, 120 кәсіпкерлік нысан, барлығы 152 мекеме газ құбырына қосылуға тиісті құжаттар тапсырған. Нәтижесінде қазір техникалық талаптарға сәйкес келетін 120 мекеме газ отынын пайдаланып отыр.
Әйтеке би кентінде газ құбырлары жартылай жүргізілген және шығу нүктесінен тыс қалған аумақтар баршылық. Тұрғындардың өтінішіне байланысты 24 көшедегі 173 тұрғын үйді газға бейімдеу жұмыстарына жоба сметалық құжаттар әзірленген. Ағымдағы жылы бөлінген 77, 7 млн теңге қаржыға «Ремстрой» серіктестігі арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен “ЮгГазПроект” компаниясы арқылы қаржыландыруға ұсынылған. Бұлардан бөлек Мұратбаев ауылын газдандыру ісіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында “ЮгГазПроект” мекемесі демеушілік есебінен облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған.
Ауылдар ауызсумен қамтылуда
Ауызсусыз тіршілікті елестету мүмкін емес. Бұл орайда кент тұрғындары тіршілік көзімен толық қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры арқылы 22 ауыл, 6 елді мекен (Ажар, Шилі, Шәкен, Сарбұлақ, Бірлік, Жұбан) су тұшыту қондырғысы орнатылған скважинадан, 4 ауыл (Шөлқұм, Сортүбек, Мәдениет, Қожақазған) тікелей скважина арқылы және Тапа ауылы шахталық құдықтан су ішіп отыр. Ал №101, 102, 103 разъездер ауызсуды тасып ішеді. 8 елді мекен Байқожа локальды су жүйесі арқылы, 1-еуі Водокачка насос стансасы арқылы ауызсумен қамтамасыз етілген. Арал-Сарбұлақ топтық су құбырына қосылған барлығы 22 елді мекеннің 15-інде сервистік су тарату жүйесі бар.
Сонымен бірге Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би ауылы тұрғындары қоғамдық су тарату колонкасы арқылы ауызсумен қамтылуда. Байқожа локальды су жүйесінің тұтынушылары Байқожа, Еңбекшіқазақ, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай разьездерінің тұрғындары қоғамдық су тарату колонкасы арқылы ауызсу пайдаланса, Ақсуат елді мекенінің тұрғындары сервистік су тарату жүйесіне тәуелді.
Биыл Ү.Түктібаев, Жалпақ елді мекендеріндегі су құбыры желілерін тұтынушылар учаскесінің аймағына жеткізу жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Майдакөл елді мекендеріне сервистік ауызсу құбырын жеткізіп беру мақсатында жоба әзірленіп, облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылады. Бұнымен бірге Байқожа топтық су құбырын қайта жаңғырту жобасына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, сараптамадан өткізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғын үй кезегіне көңіл бөлінуде
Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің басты бағыттарының бірі саналады. Ел Президенті өз Жолдауында да аталған мәселені көтеріп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды жеңілдетілген жалдамалы үйлермен қамтуды тапсырған болатын. Ал аудан азаматтары Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде бөлімнің есепке алу және кезекке қою базасында бүгінгі күні 5 санат бойынша кезекке тіркелген.
Қазіргі таңда аудан бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 206, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 524, 175 бюджеттік сала қызметкері, 140 көпбалалы отбасы және тұрғын үйі апатты деп танылған 11 азамат тіркелген. Жалпылай айтқанда мыңнан аса адам баспанға мұқтаж. Осы орайда 2012 жылдан бастап коммуналдық меншіктегі 61 тұрғын үй мұқтаж азаматтарға жалға берілген. Бүгінде аталған азаматтарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 39 тұрғынға арналған Әйтеке би кенті, Михайлюк №1 Г мекен жайында орналасқан жатақхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ