Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді
Тарих қойнауына енген 2018 жылы ауданда ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Атап айтар болсақ, қала мен кент аралығын қосуда, автомобиль жолдарын жөндеу, жаңадан тұрғын үйлер салынатын аумақты ифрақұрылыммен қамтамасыз етуде елеулі істер атқарылды. Бұл тірліктің барлығын үйлестіретін аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Сондықтан жаңа жылдың алғашқы күндерінде аталған бөлім басшысы Әліби Әбиевке жолығып, осы саланың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік.
– Оныңыз рас. Біздің бөлімнің негізгі міндеттерінің қатарына Қазалы ауданы бойынша халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру, жылумен қамту жатады. Сонымен бірге, автокөлік жолдарына орташа, күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, электр желілерін жаңарту, қалааралық, ауданішілік автокөлік қатынасын реттеу, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жатады.
– Қиындығы мен қызығы қатар жүретін істің ит жылындағы қандай жақсы жетістіктерін атап өтер едіңіз?
– Ел экономикасының көтерілуіне, оның ішінде халықтың жүріп тұруын қамтамасыз етуде, кәсіпкерлікті дамытуға бүгінгі таңда автокөлік жолдарының жағдайын жақсарту, күтіп, бақылауда ұстау аса маңызды.
Осы орайда ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 402 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары болса, оның 180 шақырымы асфальтты, 141 шақырымы қиыршықтасты және қалған бөлігі топырақты жолдар.
Аталып өткен жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында 2018 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 13 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу, 68 шақырым орташа жөндеу, 1 темір бетон көпірін қайта жаңғыртуға қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
– Жақын уақытта Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің қосылатыны анық. Осы екі аралықтағы жолға байланысты жоспарлар бар ма?
– Біздің өңірде Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің екі ортасын қосу қызу қарқын алып, түбегейлі мақсатқа айналып отыр. Солардың қатарында екі аралықтағы автомобиль жолын қайта жаңғырту да бар. Қазіргі таңда Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығының қосылуына сәйкес 7 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртып салуға жоба сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Яғни бұл бойынша әрқайсысы 3,5 метрді құрайтын 4 жолақты, жалпы ұзындығы 14 метр болатын жол салынып, жол жиегіне биіктігі 11 метрлік 2 жарық шамдары бар бағаналар орнатылады.
Жол бойында орналасқан 2 темір бетонды көпір қайта жаңғыртылып, «Ақарық» пен «Шалабай» каналындағы қос су өткізгіш құбыр кеңейтіледі. Сондай-ақ, аталған жолда жаңа үлгідегі автобус аялдамалары орнатылып, автобус тоқтайтын және жолаушыларды түсіріп, мінгізетін аймағы 6 метрге дейін ұзартылатын болады. Алдағы уақытта осы аудандық маңыздағы автомобиль жолы қалааралық маңыздағы автомобиль жолына ауысады деп күтілуде.
– Ауылдық жерлердегі жол мәселесін шешуде нендей өзгерістер бар?
– Бұл тұрғыда 2018 жыл өте бір жемісті де жеңісті кезең болды десем артық айтқандық емес. Өйткені олай деуге толық негіз бар.
Мәселен, аудан орталығынан шалғай жатқан Кәукей ауылының жолына белгіленген қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде «Бозкөл-Кәукей» елді мекендері аралығындағы 45-76 шақырымға «Қыран» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Кәукейліктердің тақтайдай тегіс жолмен жүретін күні де алыс емес.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен көше жолдарын дамыту бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетіне қаржыландыруға ұсынылған 4 жобаның мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесімен Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей, Басықара-Абай-Өркендеу, Қожабақы-Бекарыстан би автомобиль жолдарын орташа жөндеуге бірқатар серіктестіктермен келісімшарт жасалып, жоспарланған жоба басталып кетті.
Ал, аудандық маңыздағы «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» 0-33, «Самара-Шымкент-Байқожа» 0-2, Әйтеке би кентіне кіре беріс 4, «Әйтеке би – Қазалы қаласы-Шағала» 4, «Әйтеке би кенті айналма жолы» 6, «Әйтеке би кенті – Водокачка» 9, «Қазалы қаласының айналма жолы» 5 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге жоба сметалық құжаттар дайындалды. Соның арқасында 2019 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 50/50 схемасы бойынша бюджеттік өтінім тапсырылып, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан 795,2 млн теңге бөлініп отыр.
– Соңғы уақытта жүргізушілер мен жолаушылар Әйтеке би кенті орталығындағы Жанқожа батыр көшесінің жағдайы сын көтермейтінін жиі айтып жүр. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Аталып отырған мәселе негізінен тікелей Әйтеке би кенті әкімдігіне қарасты жұмыс. Бірақ, осы саланың басы-қасында жүргендіктен мынаны айта кетейін. Кенттегі әрбір көшенің жағдайы аудан әкімінің тікелей бақылауында. Оның ішінде орталықтағы Жанқожа батыр көшесі де бар. Амандық болса, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін тауып қалады.
Өткен жылы аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен кенттегі 55 көшенің жағдайын жақсартуға жоба сметалық құжат әзірленіп, облыстық бюджеттен 120 000,0 мың теңге қаржы бөлінді. Сол арқылы Әйтеке би кентіндегі Қ.Ерімбет көшесі толық асфальттанып, Жетес би, Мағзаман әулие көшелеріне жөндеу жүргізілді.
Әйтеке би кентіндегі жаңадан пайдалануға берілген «Көлік, сауда-логистикалық орталығын» инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жаңадан автомобиль жолының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
– Биылғы қыста қар қалың жауып, ауылға барар автожолдарда жүру қиындық туғызуда. Осындай жағдай өткен жылы да орын алған болатын. Бұл түйткілдің түйіні қалай тарқатылады?
– Дұрыс айтасыз. Бұл мәселе біздің назарымызда. Осыған орай өткен жылы біздің бөлім мен “Мансури” ЖШС, “ГД 2015 құрылыс компаниясы” ЖШС арасындағы келісімшартқа сәйкес аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын қысқы маусымда күтіп ұстау жұмыстары жүргізілді. Барлық бағыттағы жолдар қалың қардан тазартылып, құм аралас тұз себілуде.
Бұл 2019 жылы да назардан тыс қалмайды. Қаңтар, ақпан айларында жолдарды күтіп ұстау бағытында тиісті мекемелермен келісімшарт жасалып, қажетті жұмыстарды атқару қолға алынғалы жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, жол бойына құм аралас тұз себіліп, қалың қар техникамен тазартылады.
– Аудан орталығы тұрғындарының көгілдір отын игілігін көріп жатқаны баршамызға мәлім. Ал енді Қазалы қаласын газдандыру туралы біле отырсақ...
– Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарына жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобасын «ЮгГазПроект» ЖШС әзірлеуде. Сәтін салса, жақын кезеңде қала халқы да табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болмақ. Сондай-ақ, мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында Ғ.Мұратбаев ауылын газдандыруды да осы серіктестік атқару үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленді.
Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қазалы қаласынан көлемі 81 гектар жер учаскесіне салынатын тұрғын үйлерді газбен жабдықтауды “Компания ГазСтрой” ЖШС, бұған қосымша көлемі 180 гектар жер учаскесіне салынатын тұрғын үйлерді газбен жабдықтау ісін «МФК Тұран» ЖШС қолға алып, аяқтады. Ал, Әйтеке би кентіндегі ауданы 210, 180 гектар жер учаскесіне салынатын тұрғын үйлерді газбен жабдықтауды “Ремстрой” ЖШС және “Әйтеке би-Басықара” автожолы бағыты бойынша алаңы 56 гектар жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (газбен жабдықтау) “Нұр-Талап и К” ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізді.
– Абаттандыру жағына да тоқтала кетсеңіз?
– «Ауыл – елдің алтын бесігі» дегендей бүгінгі таңда елді мекендерді абаттандырып, көркейтіп-көгалдандыруға баса назар аударылуда.
Өткен жылы Әйтеке би кентінен «Рәміздер алаңы» және кентке кіре беріс батыс беткейде орналасқан бұрынғы «Қазақстан – 2030 Стратегиясы» белгісі қайта абаттандырылды. Сондай-ақ, Р.Бағланова, Т.Рысқұлов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынып, 3 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылды. Аудан орталығының басты көшелеріне 11 дана түнгі жарықшамдармен безендірілген аркалар орнатылды.
Сонымен қатар, В.Счастнов, Желтоқсан, Т.Бөріқұлақов көшелері бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлерді абатттандыру жұмыстары да қолға алынды. Осыған орай үй аулаларына жаяу жүргіншілер жолдары, түнгі жарықшамдар, балалар спорт алаңдары мен әжетханалар салынды.
Жалпы аудан әкімдігінің қолдауымен жыл сайын елді мекен орталықтарын абаттандыру жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес қаражат бөлініп келеді. Бұл ретте өткен жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Қ.Пірімов, Ақсуат елді мекендерінде орталық саябақ пайдалануға берілді. «Сыр маржаны» ЖШС Ақтан батыр ауылында алғаш рет мемлекет және жеке меншік әріптестік аясында аллея ашты.
Биылғы жылы да бөлім тарапынан бекітілген іс-шара жоспары тұрақты бақылауда ұсталып, мақсат-міндет үдесінен табылуға күш саламыз.
– Әңгімеңізге рахмет. Алдағы атқарылатын істерге тек қана сәттілік тілейміз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ