Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Серпінді сенбілік

Серпінді сенбілік

Әйтеке би кентіндегі сенбілік жұмыстары кезінде аудан орталығы жеті аумаққа бөлініп, оған осындағы мекеме, кәсіпорын, білім беру, денсаулық сақтау ұжымдары айнала тазалығы үшін біркісідей білек сыбана кірісіп, жұмыс істеді.

Аудан әкімдігінің дербес бөлімдері мен Қазалы ауданаралық ауруханасына қарасты ұжымдар Жанқожа батыр көшесінің бойындағы шөптерді шауып, бейберекетсіз жатқан қоқыстарды жинастырды.
Ал, аудандық білім бөлімі мен №№249, 266 мектеп-лицей мен №№70, 216, 226, 234, 170 мектептер Достық көшесінің бойындағы ашық алаңды (бұрынғы №170 мектеп ғимаратының орны) тазалап, күл-қоқыстарды ауыр техникалардың көмегімен арнайы орынға шығарды.
– Күл-қоқыстар алаңына айналған бұл маңды біз осымен екінші рет тазалап жатырмыз. Айтатыны жоқ, тұрғындар үйлерінен шыққан керексіз заттарын осында сүйреп әкеліп тастай берген. Шындығына келгенде мұны басқа жақтан келіп ешкім тастамайды. Бұл қоқыстардың барлығын осы маңда тұратын тұрғындар шығарған. Осыған бір шара қолданбаса болмайды, – дейді Әйтеке би кенті әкімі аппаратының бас маманы Бағдат Жүсіпов.
Сонымен бірге бұл күні 5 квартал аумағындағы «Қазалы керуен» автовокзалы, «Қазақ-орыс» қорымының айналасы мен «Мектепбай» каналы жақтағы жол жиегі де тазартылды.
– Әрине қоршаған ортамыздың таза болғаны қуантады. Әйтсе де табиғатқа мекеме қызметкерлері мен бірге аудан тұрғындары да бейжай қарамауы керек. Әр адам тазалықты өзінен бастаса, айналаға күл-қоқыс төкпесе, қалдық заттарды тек белгіленген орынға ғана тастаса, нұр үстіне нұр болар еді. «Табиғат – екінші үйіміз» деп жатамыз. Сол сөзді айтып қана қоймай, іске де айналдырып, тазалық сақтауымыз қажет. Әр тұрғын өзінің ауласына ұқыптылық танытқаны абзал, – дейді аудан тұрғыны Алтынай Жанұзақ.
«Тазалық – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Тазалық бар жерде – ырыс, береке болары сөзсіз. Жинақылық – адамның көңілін көтеріп, жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырып, өмірдің мәнін түсінуге жетелейді. Сондықтан да тазалықты сақтап табиғатты аялауға ұйымшылдықпен атсалыс­қанымыз жөн.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
17 қыркүйек 2019 ж. 1 408 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031