Үлкен іске үлес
Аудан бойынша көктемгі санитарлық-тазалық айлығы басталғалы кент ішінде қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Әр сенбі күні мекеме-кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтың қоқыстарын тазалауда.
31 наурыз күні Әйтеке би кентінде өткен сенбілікке 59 ұжымнан 885 адам, 12 техника қатыстырылды. Әйтеке би көшесіне аудан әкімінің және аудандық мәслихат аппараттары, балабақшалар тазалық жүргізсе, Т.Бөріқұлақов көшесінің бойымен теміржол өткеліне, Жанқожа батыр көшесімен баба кесенесіне дейін, Әйтеке би кентінің бас қақпасынан бастап теміржол өткеліне дейінгі аралықтағы ашық аумақтар қоқыстардан тазартылып, тұрмыстық қатты қалдықтар терілді.
Сонымен қатар Жанқожа баба кесенесінде Қазалы локомотив жөндеу зауыты, Қазалы вагон пайдалану депосы, аудандық кәсіпкерлік палатасы мен әскерилендірілген күзет, Қазалы стансасы мекемелері өнімді істің үлгісін көрсетті. Т.Рысқұлов көшесінен Әйтеке би – Басықара автожолына дейінгі аралықта №170 мектеп, “Балапан” балабақшасы, Т.Сабырбаев көшесінен тұрғындар арасында “тесік көпір” аталып кеткен теміржол өткеліне дейінгі аралықта №70 мектеп пен №266 мектеп-лицей ұжымдары қалдықтарды теріп, өртеді. Сондай-ақ, бұл аймақта ЭЧ-26, ТД-23, Вагон-Сервис, ШЧ-40 мекемелері мен “Қазалы-Су-Сервис” серіктестігінің техникалары қоқыстарды көму жұмыстарын атқарды.
Кенттің бас қақпасынан бастап теміржол өткеліне дейін “Алпамыс” балабақшасы, теміржол ауруханасы, “Арал-Сарыбұлақ” топтық су құбыры Қазалы бөлімі мекемелері, Т.Бөріқұлақов көшесінің күріш зауыты маңынан “Алтын” көпірге дейінгі аралықта аудан әкімінің дербес бөлімдері, №№216, 226, 234, 165 мектептер, Т.Бөріқұлақов көшесіне аудандық оқушылар үйі, «Болат жолы», Жетес би емханалары белсенділік танытса, Жанқожа батыр көшесін аудандық аурухана, емхана ұжымдары күл-қоқыстардан арылтты. Өндірістік аймақтардың тазалығына Қазалы гуманитарлық колледжі, жасотандықтар өз үлестерін қосты. “Қазалы Көркем Сервис” ЖШС-нің техникалары көше бойындағы қоқыстарды жинады.
Осы күні “Мелиоратор” мөлтек ауданы мен Жанқожа батыр көшесінің бойындағы №143-145 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында тазалық ісі жүргізілді. Яғни, қыстан бері жиналған қоқыстар техникалардың күшімен полигонға шығарылды. Аталған жұмыстарға 1 жүк тиеуіш, 6 “Камаз” техникалары жұмылдырылды.
Сенбі күнгі тазалық жұмыстарынан жастар да қалыс қалмады. Жастар ресурстық орталығы және «Жасыл ел еңбек жасағының» жастары «Жастар – таза өлке үшін» ұранымен сенбілікке атсалысты. Сондай-ақ, олар ау¬дан орталығында сенбілік жасап жатқан қызметкерлерге ыстық шәй мен бауырсақ таратты.
Ж.СОВЕТҰЛЫ