Еліміздің 10 өңірінде құрылыс көлемі артты
Еліміздің 10 өңірінде қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі артты. Бұл туралы ҚазАқпарат Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– Бұл салада 620 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайынғы өсудің оң қарқынын сақтап тұр. 2019 жылы 13,1 млн шаршы метр салып, пайдалануға беру жоспарланған. Оның 5,7 млн шаршы метр осы жылдың бірінші жарты жылдығында пайдалануға берілді. Бұл жылдық жоспардың жартысына жуығы немесе 43,5 пайызы деген сөз. Өткен жылмен салыстырғанда, қолданысқа берілген тұрғын үй көлемінің артуы 10 облыста байқалған. Олар – Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Павлодар облыстары. Ал жалпы құрылыс қарқыны бойынша Қызылорда, Қарағанды, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар облыстары және Алматы қаласы көш бастап тұр», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Алмаз Ыдырысов.
Сұхбат барысында Алмаз Ыдырысов 4 өңірде көрсеткіштердің төмендегенін айтты.
– Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев Университетінің нысандары мен көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысының аяқталуына байланысты жұмыс көлемі азайды. Шымкентте құрылыс жұмыстарының төмендеуі трансформатор зауытының құрылысы бойынша жұмыстардың азаюына, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстардың аяқталуына, жолдар мен көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына байланысты болды. Маңғыстау облысында автожолдарды реконструкциялау және Құрық портында өндірістік кешендер салу жұмыстарының аяқталуына байланысты құрылыс жұмыстарының көлемі азайды», -дейді ведомство өкілі.