Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тоқсан жылдыққа тарту аз емес

Тоқсан жылдыққа тарту аз емес

Биыл Әйтеке би кентіндегі іргелі оқу орындарының бірі – Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжіне – 90 жыл. Біз ғасырға жуық тарихы бар білім ордасының жұмысымен танысып, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, колледж директоры Болат Ахметовпен сұхбаттасқан едік.

– Болат Әбиұлы, мерейтойларыңыз құтты болсын! Тарихы тереңде жатқан көлік-техникалық жоғары колледжі әу баста қалай құрылған?

– 1929 жылы 1 қазанда Қазалы паровоз депосы жанынан ФЗУ болып ашылған оқу ордасын сол жылдан 1943 жылға дейін П.Никеров басқарған. Ол кезде 60 жұмысшы, 240 оқушы оқыған.
Елде индустрияландыру қарқын алып жатқан шақта оқу орны экономиканың күре тамыры – теміржол саласының ұсталарын, вагон жөндеушілер мен қараушыларды, ағаш ұсталарын дайындаған.
1945 жылы бір топ оқу бітіруші теміржолшылар Забайкалье майданына тура училище табалдырығынан аттанады. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, оған қажетті жүкті тасымалдау жұмысының бар ауыртпалығы теміржолға түскен. Сол кезеңде теміржолға қажетті мамандар дайындайтын курс­тар ашу қажеттілігі туындап, училищеде «Вагон қараушы және жөндеуші», «Станция және разъезд кезекшісі», «Стрелочник – Жол бұрушы», «Кузнец – темір ұстасы», «Теміржолшы – Путист», «Кондуктор», «Вагон жөндейтін ағаш ұстасы» мамандықтары оқытыла бастаған.

– Училищеге шет ел азаматтары келіп, білім алғандығы туралы жиі естиміз...

– 1964 жылдан бастап училище №70 қалалық кәсіптік-техникалық училище болып қайта құрылды. Осы кездері училищеге Ресей, Украина, Белорусия және Башқұртстан жастары келіп, білім алып, теміржол мамандығын алды. Өйткені, Қазалы теміржол училищесі Одақтағы теміржолшы мамандығын даярлайтын санаулы оқу орындарының бірі болатын. Ол Қазақстан теміржолын жас мамандармен толтыруға, олардың біліктілігін арттыруға көп күш салған. №70 қалалық кәсіптік-техникалық училище 1975-1976 оқу жылдан бастап, оң өзгерістерге толы болды. 1976-1981 жылдары училищені басқарған Қазақстан Республикасы Кәсіптік білім беру саласының үздігі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Оразғали Бекбанов училищенің материалдық-техникалық базасын қайтадан жаңартуды көздейді. 1979 жылы ескі оқу корпусын кеңейтіп, 410 оқушыға арналған 4 қабатты жаңа ғимарат салу керектігін жоспарлайды. 1977 жылы ерекше жетістіктерге жеткені үшін училище КСРО Кәсіптік білім беру комитетінің және Бүкілодақтық кәсіподақ комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
1981-1985 жылдары училищені басқарған КСРО және Қазақ КСР кәсіптік білім беру ісінің үздігі Молдабай Ақниязовтың да еңбегі зор. Ол асхана, жатақхана салдыруға күш жұмсайды. Сол тұста 24 оқу бөлмесі мен ірі салаға мамандырылған 4 оқу-өндірістік шеберхана талапқа сай жабдықталған. Өзін-өзі қаржыландыру мақсатында кешенді бағдарлама ойластырып, шеберханаларда халық тұтынатын бұйымдардың 12, өндірістік аспаптардың 8 түрін жасауды қолға алған. Училищеде 12 оқытушы, 26 мұғалім, 41 өндіріс шебері оқушыларға білім мен тәрбие берді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Кәсіптік білім беру жүйесінің үздіктері Ә.Таласбаев, Ө.Ерниязов, Т.Тарғынов, Е.Құрмарзаев, К.Қаймақбаева, К.Төлегенов, К.Ықыласов, Б.Жолаева, Ж.Сүгірова және Б.Жолтаевтар болды.

– Сол жылдары білім ордасы қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– 1985 жылы жұмысшы мамандарын даяр­лауда қол жеткен табыстары үшін училище Бүкілодақтық жастар сыйлығына ұсынылды. 1984-1985 оқу жылында Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын жеңіп алды. Училище директоры М.Ақниязовқа «Қазақстан Республикасы Кәсіптік білім беру саласының үздігі», Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері атағы берілді. 2009 жылы І дәрежелі «Үздік кәсіптік лицей – 2009», «Үздік ұжым» бағамдарымен марапатталды.

– Білім алушыға мамандықтың қыр-сырын меңгертуде теориялық біліммен қатар тәжірибенің тигізер пайдасы мол екендігі анық. Бұл ретте айтарыңыз...

– Ойыңызды түсіндім. Біздің студенттер практикадан өтетін әлеуметтік серіктестік мекемелерімен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен Қазалы вагон жөндеу депосы, Қазалы локомотив жөндеу зауыты, Қызылорда жол бөлімінің Қазалы стансасы, Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясы, Қазалы жол дистанциясы, Қазалы аудандық білім бөлімі, «LCІ-MK», «Намыс-Құрылыс», «АЭS and Limited», «РЗА Нан» серіктестіктері, «Вокзал-Сервис» кондитер орталығы, «Айғасыр», «Нау­­рыз» мейрамханалары мен «Көркем», «Асыл мұра» жарнама агенттіктері, «Жан Тәңір» фотосалонында студенттердің тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік жасалған.
Тағы бір жағымды жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Жуырда Алматы қаласындағы теміржол академиясы мен Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі арасында меморандумға қол қойылды. Келешекте вагон шаруашалығы және тепловоз шаруашылығы мамандығын үздік бітірген студенттер сол академияда грант негізінде оқуды жалғастыруға мүмкіндік алады. Әрине алдымен кешенді тест тапысарады. Бұл туралы ата-аналар мен 3 курс студенттері хабардар. Тілек білдірушілер қатары көп.

– Басшы ретінде қандай бастаманы қолға алдыңыз?

– Менің басты мақсатым – Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің қол жетімділігін қамтамасыз ету, кадрлар даярлау мен бәсекеге қабілеттілік сапасын арттыру, педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру. Әлеуметтік серіктестікті дамыту және білім ордасының материалды-техникалық жағдайын жақсарту. Қазіргі таңда Елбасының халыққа жолдаған Жолдауын және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, білім беру мазмұнын толықтай жаңарту жолында ұжым болып аянбай қызмет етіп келеміз.
Барлық қажетті мамандыққа сәйкес кабинеттер, шеберханалар, полигондар заманауи технологиялармен жасақталған. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 100 орынға арналған ғылыми-әдістемелік орталық аштық. Бұнда интернет жүйесіне қосылған компьютер бар. Онда педагогикалық кеңес, шығармашылық жұмыс, онкүндік, апталық және семинар-тренингтер өтеді. Слесарьлық шеберхананы жөндеуден өткіздік.

– Аулада жылыжай барын аңғардық...

– Мен Оңтүстік Кореяда болып, оқу-процесімен таныстым. Сонда көргенім оларда бос жер жоқ. Жылыжайды көптеп ашып тастаған. «Неге колледж ауласынан жылыжай ашпасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, 2014 жылы көлемі 300 шаршы метр жылыжай аштық. Оған колледж ұжымы мен «Жас биологтар» үйірмесінің мүшелері қамқорлық жасайды. Мұнда дәні Чехия елінен әкелінген 27 түрлі гүл, қияр мен қызанақ өсіріледі. Қазір колледжде білім алған екі түлек өз жылыжайларын ашу үшін жоба әзірлеп, кәсіпкерлікке ден қоюда. Мұның өзі еңбегіміздің бағаланғаны деп білеміз.

– Заман талабына сай теміржол мекемелерінің көпшілігі қысқарып жатқаны мәлім...

– Жаңа технолргиялар пайда болғалы теміржол мекемелерінің кейбірінің жұмысы тоқтады. Қазір Қазақстан «Эволюшн» деген тепловоз шығарады. Бұл тепловоз аса қатты қызмет көрсетуді талап етпейді. Осы орайда өңірге қажетті, сұранысқа ие мамандықтар енгізуді қолға алдық. «Бейнеу-Базой-Шымкент» газ құбыры біздің іргемізден өтетіндіктен «Газ құбырларын пайдалану және жөндеу» мамандығын аштық. Сонымен қатар қызмет көрсету саласындағы мамандарды даярлаудамыз. Олардың қатарында аспазшы, кондитерлік өнімдер дайындаушы, даяшы және бармендер бар.

– Тоқсан жылдық тарихы бар білім ордасынан бірнеше мыңдаған түлектің түлеп ұшқаны белгілі. Солардың қатарында оқу орнының ғана емес, елдің мақтанышына айналған мамандарды атасаңыз...

– Мақтанышпен айта кетер жайт қазалылық Кеңес Одағы батырларының бірі – Я.Михайлюк колледждің 1938-1939 жылдардағы түлегі. Ол әскер қатарына училище қабырғасында аттанған. Түлектердің 70-80 проценті теміржол саласында жұміс істейді. Бәрі де мақтаулы мамандар. Солардың қатарында ҚТЖ Жүк тасымалы АҚ Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Е.Ерманов, ҚР Мәжіліс депутаты Г.Шиповских, Қазақстан теміржолы АҚ филиалы Қызылорда жол бөлімінің Қазалы стансасының бастығы С.Боранқұл, ТД-23 Қазалы айналым депосының бастығы Т.Есқалиев, М.Ноғаев, М.Жиенқожаев, әр салада елеулі еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан ардагерлер О.Бекбанов, М.Ақниязов, Ж.Көрпебаев, Ж.Маханбетовтер бар.

– Тоқсан жылдыққа орай қандай жоспар­ларыңыз бар?

– Тоқсан жылдығымызды қыркүйек айының үшінші онкүндігінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Облыстық іс-шаралар жоспарына енді. Колледждің тарихы, жетістіктері мен даму процесі жөнінде арнайы кітап шығармақ ниеттеміз. Ол үш тілде жарық көретін болады. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі ғылыми конференция өткізуге де күш салудамыз. Барлық түлектерді қонаққа шақырдық.
Арнайы жоба жасап, ауланы безендіру жұмысын қолға алдық. Колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту да жоспарымызда бар.

– Сұхбатыңызға рақмет, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

03 сәуір 2019 ж. 1 943 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 42

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 57

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031