Жасампаз істерге жетелейді
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы еліміз үшін тарихи құжат екені сөзсіз. Ондағы аталған маңызды он бағыт ел игілігі, қазақстандықтардың әл-ауқаты, жастарымыздың жарқын болашағы үшін жасалған маңызды қадам. Бұл Қазақстанның экономикалық өрлеуі мен білім саласындағы жетістіктерін айқындайтын жасампаз істерге соны серпіліс береді.
Мемлекет басшысы ұсынған жаңашылдыққа жетелейтін құжатты ерекше ықыласпен оқып шықтым. Мақалада көтерілген латын әліпбиіне көшу, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде оған көшудің нақты кестесін жасау, өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандықты қоғамымыздың идеалына айналдыру, асыл құндылықтарымызды қайта жаңғырту және мұғалім мәртебесін арттыру мәселелері қамтылған.
Жолдаудың жетінші міндетіндегі «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді», – деген Елбасы сөзі біздерге зор міндеттер жүктейді. Сонымен бірге келешекте оқу үрдісіне жаңа техникалар мен қазіргі заманғы әдістемелер енгізілетіндігіне қоса, бұл саладағы нақты, айқын істердің жүзеге асуының куәсі боламыз.
Облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздігі бағамын иеленген іргелі оқу орны – Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі ұжымы жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында талмай еңбек етуде. Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу жолында білікті де, білімді, жаңа технологияны меңгерген мамандар даярлау ісіне бар мүмкіндікті жұмылдыра береміз.
Біз мемлекет басшысының саяси бағытының сабақтастығы мен тұрақтылығын қолдап, Жолдаудағы атап көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруға лайықты үлесімізді қосамыз.
Болатбек АХМЕТОВ,
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі директоры,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.