Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық тарихы бар қарашаңырақ

Ғасырлық тарихы бар қарашаңырақ


Қазіргі таңда Қазалы ауданында орта мектептермен қатар үш мектеп-лицей оқушыларды білім нәрімен сусындатып, шәкірттерді шыңдап келеді. Солардың бірі де, бірегейі №266 мектеп-лицей.
Білім ошағының тарихы тым тереңде. 1906 жылы Қазалы станциясының 5 квартал бетінен, қазіргі Михайлюк, бұрынғы Северная көшесіндегі №10 үйден мектеп ашылып, онда 7 бала оқыды және мектеп жанынан интернат ғимараты тұрғызылған.
Бұған дейін 1903 жылы бұрынғы Привокзальная, қазіргі Счастнов көшесінің бойындағы Ташкент пен Орынбордан келген ұсталар салған ғимараттан бастап жұмыс істеді деген дерек те бар.
1906 – 1917 жылдар аралығында Қа¬залы станциясының аумағы кеңіп, мекемелер ашылып, Қазалы тораптық станцияға айналады.
1910 жылы оқушылар санының көбеюіне байланысты интернаттың жанынан мектеп ғимаратының негізі қаланды. Жаңадан ашылған мектепте 120 шәкірт білім алып, меңгерушілікке Петр Крылов бекітілген. Жергілікті шенеунік Короленко 1912 жылы өз үйінен 4 сыныптық мектеп ашқан. Крылов мектебі 1917 жылы бастауыш училище болып ұйымдастырылып, «Фабрика-зауыт» жетіжылдық мектеп болып қайта құрылған.
1918 жылы қарашада Қазалы жұмысшы-солдат депутаттарының Кеңесі 4 кластық орыс-қазақ мектебін ашуды қолға алды. 1918 жылы қыркүйекте Қазалы станциясынан №66 (беріректе Счастнов атындағы №249 орта мектебі) мектеп ашылды. Төрт кластық мектептер Мойнақта, Үргіндіде, Аралда, Жосалыда болған.
1918 жылы қазанда Қазалыда уездік білім бөлімі ашылып, оның басшылығына Алексей Павлович Аницкий тағайындалады.
Кеңес үкіметінің шешімімен Қазалы станциясындағы ауқатты Чумак үйі мектептің пайдалануына беріледі және 1923 жылы мектеп ғимаратына №11,12 үйлердің қосылуы нәтижесінде білім ордасының аймағы кеңейтілген. Сол жылы мектеп ішінен қазақ сыныптары ашылып, 1927 жылға дейін аралас мектеп болып жұмыс жасайды.
1930 жылдың 25 шілдесінде ВКП(б) ОК «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқыту» туралы қаулы қабылдады. 1931 жылы 5 қыркүйекте «Бастауыш және орта мектеп туралы», 1932 жылы 25 тамызда осы мектептердің оқу бағдарламалары туралы, 1934 жылы 16 мамырда «КСРО-дағы бастауыш және орта мектептің құрылымы» туралы қаулылар қабылдап, КСРО-ның аграрлы елден индустриялы елге айналуы үшін алғы шарттарын белгіледі. Осы қаулылар негізінде 1935 жылы 1 қыркүйекте №66 орыс мектебінен Қазақ бөлімі бөлініп шығып, 7 жылдық №67 (қазіргі Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп) мектеп ашылып, оның бірінші директоры Әли Рысдәулетов болды.
Ұлы Отан соғысы кезінде «Жалпыға бірдей жетіжылдық білім алуға көшу» ісі кідіріп қалды. Оқушылар, мұғалімдер еңбек майданына (труд армия) тартылды. Тұңғыш өмірге енген «Жас тимуршылар» командасы осы мектептен бастау алып соғыста өлгендер мен мүгедектер отбасына жүйелі көмек ұйымдастырды. 6 жыл бұрын ғана бөлініп шыққан №67 мектеп әскери госпитальға айналды.
Ұлы Отан соғысы салған жараны жазу, шаруашылықты қалпына келтіру, мәдениет пен білімге келтірілген олқылықты толтыру, оңайға соқпады. 1946 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мектеп туралы арнайы қаулы қабылдап, нақты іс-шараға көшті. Ауданда 51 мектеп болып, онжылдықтар саны өсті.
1940 – 1950 жылдар аралығында №266 бастауыш жетіжылдық орыс мектебінің директорлығын көрнекті ұстаз Петр Иванович Макрыдин басқарды. Ол ерен еңбек жасағаны үшін мемлекеттік ең жоғары награда Ленин орденімен марапатталған.
1950 – 1982 жылдары мектепті Васи¬лий Тимофеевич Демин басқарып, 32 жыл абыройлы еңбек етті.
1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдығында мектепке, мектеп түлегі В.М.Счастновтың аты берілді. 1977 жылы Батыс Қазақстан теміржолының құрылуына байланысты №16 теміржол орыс мектебі болып өзгертілген.
1950-1960 жылдары отызға жуық мұғалім сабақ беріп, 500 оқушы білім алған.
Мектептен республикаға, об¬лысқа, ауданға танымал тұлғалар шыққан. Олардың қатарында Кеңес Одағының батырлары: В.М.Счастнов, Я.Д.Михайлюк, соғыс және еңбек ардагерлері: А.Елфимов, В.Т.Мишенина, Н.М.Мальцев, Ауған соғысының ардагері: Қ.Ибраймов, ғалымдар: П.Т.Мәтжанова, А.Елеуов, А.Қ.Рысбаева, А.Сайлыбаева, С.Тұрмаханов, А.Өтегенова, Д.Қ.Берді¬бекова, құрметті теміржолшы: С.Роз¬метов, мемлекеттік қызметкерлер: Б.Пұсырманов, Р.Ш.Загидуллин, Т.Ма¬дияров, Н.Бабажанов, Б.Әбдіриев, Ж.Сәдуақасова, заң қызметкері: М.Н.Жұ-банғанов тағы басқалар бар.
Аталмыш мектепте әр жылдары М.Дәуқараев, Д.Сабырбаева, В.Шин, Л.Дубровина, Қ.Ршымбет, С.Бердібекұлы, Ғ.Бәймішев, Ш.Алтынбай, З.Жүсіпова, Л.Ізбасарлар директор болып қызмет атқарған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білімнің салтанат құруы баса айтылады. Расында да табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт ғана табысқа жетеді. Міне, осы ұстанымды ұстанған біздің ұжым әлі талай жетістіктерге жету жолында аянбай еңбек ете бермек.

Болат ЖОЛТАЕВ,
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
№266 мектеп-лицей директоры.


16 желтоқсан 2017 ж. 3 740 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 77

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930