Жас маман – ел қуаты
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде 2017-2018 оқу жылындағы бітіруші жас мамандарға арналған кеш өткізілді. «Білікті жас маман – мәңгілік елдің қуаты» атты жиында жүздері бал-бұл жанған 202 түлек, 9 мамандық бойынша диплом алды.
Салтанатты шараны колледж директоры Болатбек Ахметов сөз сөйлеп, үздік бітірушілерге дипломдарын табыстады.
– «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп Абылай хан айтқандай Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ісімізден санамыз озып жүру керектігі тайға таңба басқандай анық айтылған. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылып, осы мақсатта алғашқы түлектер бітіруде.
Қызылорда облысы әкімінің қаулысына сәйкес 2017-2018 оқу жылында білім шаңырағы «Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі» атағына ие болды. Сонымен бірге, 5 жылдық ұлттық аккредиттеуден өткендігі колледж ұжымының мерейі деп білемін. Бітіруші түлектердің өмір жолдары жарқын болсын, – деген ізгі тілегін жеткізді колледж басшысы.
Сондай-ақ, колледждегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдабай Ақниязов жас мамандарға аталық ыстық ықыласын білдіріп, ақ батасын берді.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ