Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Азиза Итешқызы: «Бұл – жауапкершілігі мол сала»

Азиза Итешқызы: «Бұл – жауапкершілігі мол сала»

Ауданда қоғам өмірінің қалыпты болуы үшін ерен еңбек етіп келе жатқан сала көп. Соның бірі – Ұлттық сараптама орталығының Қазалы аудандық бөлімшесі. Жақында тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын сақтауда көптеген жылдардан бері қалтқысыз қызмет қылып келе жатқан орын басшысымен сұхбаттасып, мекеменің өткенін өлшеп, алға қойған мақсат-жоспарын біліскен едік.

– Азиза Итешқызы, білуімізше, Ұлттық сараптама орталығы – дәл нәтиже алу үшін көптеген процестер мен процедуралар жүргізілетін үлкен зертханалық желі. Жалпы орталықтың қызметі туралы толыққанды айтып өтсеңіз...
– Иә, Ұлттық сараптама орталығы қызмет аясы кең және денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Біздің бас­ты міндетіміздің бірі – халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қам­тамасыз ету. Бір сөзбен айтқанда, бұл – жоғары кәсібилікпен қатар табандылық, шыдамдылықты қажет ететін күрделі іс.
«Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесінде Санитарлық-гигие­налық зертханасы, электромагнитті өл­шеу­лер, ұлы заттар анықтау зертханасы, бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулер зертханасы, радиологиялық зертханалар, аса қауіпті инфекциялар және ауыр металлдар тұздары, ауадағы зиянды заттарды анықтайтын зерттеулер жасалады. Бұдан бөлек, дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтері, паразитарлық және аса қауіпті аурулардың тасымал­дағыштарына (кене, маса, москит) қарсы энтомологиялық бө­лімдері жұмыс жасаймыз.
Мұнда мамандар жоғарыда аталған іс бойынша әртүрлі міндет атқарады. Соның ішінде дезинфекциялық қыз­меттердің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Олар аптасына жеті күн дезинфекциялық өңдеу жүргізеді, ал төтенше жағдай кезінде жұқпалы ауру аймақтарында тәулік бойы халыққа қызмет етеді. Сонымен қатар мамандар халықаралық стандарттар мен ережелерге сәйкес азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың сапасын зертханалық талдаудың принциптері мен әдістерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
– Түсінуімізше, орталық қалыпты жұмыс жасауы үшін мамандардың білік­тілігі мен бөлімшенің халықаралық стан­дарт­тарға сай болуы маңызды. Жалпы Халықаралық стандартқа сайсыздар ма?
– Ең әуелі біз аудан көлемінде жоғары санатты, тәжірибесі мол мамандармен жұмыс жасайтын Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген жалғыз зертхана екенімізді мақтанышпен айтқым келеді.
Жалпы «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша Қазалы аудан­дық бөлімшесі Сәйкестікті бағалау саласын­дағы ­аккредиттеу туралы Қазақстан Республи­ка­сының 2008 жылғы 5 шілдедегі N 61-IV Заңына сәйкес Қазақстан Респуликасының аккедиттеу жүйесінде «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес тіркеуден өтіп, аккредиттеу аттестатын алдық.
«Қазақстан Республикасының Биоло­гиялық қауіпсіздігі туралы» заңның 31-бабы­ның 1-тармағына сәйкес «Биоло­гия­лық қауіпсіздік туралы» 21.05.2022 жылы шыққан №122 –VII бұйрығына сәйкес «ҚР ДСМ Санитариялық-эпиде­миологиялық ба­қылау комитеті Қы­зыл­орда облысының санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау департаменті» рес­публикалық мемлекеттік мекемесінен арнайы құрылған режимдік комиссия рұқсатымен III-IV топтық патогендік биологиялық агенттермен жұмыс жасауға диагностикалық зерттеулерге рұқсат құжаттамамыз да бар.
– Өткен жыл ауданға қарасты көптеген мекеме орындарына жемісті болды. Ал сіздер үшін ше?
– Әрине, жемісті болды деп айта аламын. Мәселен, өткен жылдың жетістіктерінің бірі – «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесі (СЭС) ғимараты 2023 жылы арнайы зертханаларға сай келетін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес үлкен күрделі жөндеуден өтті.
Бөлімше облыстық филиал тарапынан 10 жаңа қондырғылармен жабдықталды. Атап өтсек, атмосфералық ауадағы зиянды, улы зат­тарды анықтайтын ГАНК-4 қон­дыр­ғысы берілді. Бұдан бөлек, Қазалы, Арал, Қармақшы аудандары көлемінде мони­торингке сәйкес жоспарлы жұмыстар атқа­рылуда, зерттеу мүмкіндіктері кеңейіп, зерттеу нәтижелері жақсаруда. Қазалы аудандық бөлімшесі ұйымдастыру іс шараларын жоспардағы басым бағыттарға сәйкес 100 пайызға атқарды.
– Жоғарыда мекеменің күрделі жөн­деуден өткендігіне тоқталдыңыз. Осыған орай «Ұлттық сараптама орталығы» Қа­залы аудандық бөлімшесінің қызметінде өзге­рістер бар ма? Жалпы клиникалық-диаг­нос­тикалық тексерулерді (медосмотр) жүргізіп жатырсыздар ма?
– Өте орынды сұрақ. Орталық – Әйтеке би кенті, Жалаңтөс бахадүр №42 мекен-жайы бойынша бұрынғы атауымен (СЭС) екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында СЭББ мекемесімен бірлесе орналасқан.
«Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесі (СЭС) басқа мекен-жайға көшпегенімізді, өз орнымызда екенімізді айта кетейін, сондай-ақ халыққа көрсететін қызметтер тізіміне де тоқталсақ. Мұнда клиникалық-диогностикалық зерттеулер, медициналық бақылау бактериологиялық және паразитологиялық зертханасында алдын ала бақылап-тексеру (медосмотр), науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардан, лагерьге баратын балаларға микробиологиялық зерттеу­лер жасалуда.
Тағы дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтері, парази­тарлық және аса қауіпті аурулардың тасымал­дағыштарына (кене, маса, москит) қарсы қызметтерін жүргізу мен мемлекеттік тіркеу кезінде сараптамалық қорытынды, гигиеналық оқыту және өндірістік бақылауға отырғызу қызметтері жүргізіліп жатыр.
– Өндірістік бақылауға не жатады? Түсіндіріп өтсеңіз...
– Халықтың санитарлық-эпидемио­ло­гиялық жағдайын жақсарту мақсатында азық-түлік өндіру, жүзеге асыру, оны сақтау және тасымалдау барысында заңды, жеке тұлғалармен ұйымдастырылып өткізілетін іс-шараларды орындау кезінде санитариялық-эпиде­­миоло­гиялық ережелердің қадағалануын бақы­лауды өндірістік бақылау дейміз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі №62 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойы­латын сани­тарлық-эпидемиологиялық талап­тар» сани­тариялық қағидасын орындау органи­зация­ларға міндеттелген, яғни, бізге де.
Жалпы мақсатына келер болсақ, тамақтан улану, жіті ішек жұқпалары және жұқпалы емес аурушаңдықтардың алдын алу, объектідегі санитарлық заңбұзушылықтарға жол бермеу және заңнамада қарастырылған санитариялық-эпидемиологиялық іс-шара­ларды орындау жатады. Тағы қоғамдық тамақтану орындарында жүзеге асырылатын азық-түліктердің сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету де бар.
Осы талаптарды орындауда аудан көле­міндегі барлық мемлекеттік мекемелер және өнеркәсіптік кәсіпорындар (оның ішінде радиациялық объектілер), тамақ өнімдерін өндіру объектілері, коммуналдық нысандар сынды орындар өндірістік бақылаудан өтуі керек. Өндірістік бақылаудың құны зерттеу көлеміне байланысты және тікелей зертхана прейскуранты бойынша қанша тұратыны туралы «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесінің мамандары толық ақпаратпен қамтамасыз етеді.
– Соңғы уақытта елде ауызсу тап­шы­лығын айтпағанда, оның әр өңірде әртүрлі, ластануы өзекті мәселе болып отыр. Қазір Қазалы аудандық сараптамалық орталық ауызсудың жағдайын қалай зерттеп жатыр? Мұнда қандай мәселелер бар?
– Зертхана мамандары ағымдағы соңғы екі жылда ауыз су сапасына мониторинг жүргізу аясында суға санитарлық-химиялық сараптама жүргізді. Сол зерттеулер нәтижесінде 2022 жылы 322 сынаманың 21-і сәйкессіз болса, 2023 жылы 352 сынаманың 2-еуі сәйкес­сіздік көрсеткен. Судың санитарлық-химиялық зерттеулерінен басқа, ауызсудың қауіпсіздігінің бактериологиялық, вирусо­­логиялық және радиологиялық көрсет­­кіш­теріне мониторинг жүргізіледі. Бактерио­логиялық зерттеулер зертханасы 2022 жылы 280 сынаманың 28-і сәйкессіздік көрсетсе, 2023 жылы 405 сынамадан сәйкессіздік анық­талмаған. Бұл көрсеткіштерге қарасақ, ауданда 2023 жылы су сапасының жақсарғанын байқауға болады.
– Орталық басшысы ретінде мекеменің биылғы жылға, алға қойған мақсат-міндеті, жоспарымен бөліссеңіз...
– Біз алдағы уақытта да қоғамдық денсаулық сақтау қызметі бола отырып, азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай дамыту мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы және қажетті қызметтерді ұсынатындығымызды айтқым келеді.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет, жаңа жұмыс жылында сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
20 ақпан 2024 ж. 419 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031